10 қарашада парламенттің төменгі палатасы Қазақстан тұрғындарына қызмет көрсететін шетелдік интернет-дүкендерді қосымша құн салығын төлеуге міндеттейтін заң жобасын мақұлдады. Заң жобасына сәйкес, Amazon, Netflix, Google сияқты қазақстандық тұрғындарға онлайн-қызмет көрсететін ірі компаниялар салық төлеуі тиіс. Заң талаптарын орындамаған компаниялардың сайттары бұғатталуы немесе айыппұл салынуы мүмкін.
Құжат "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы деп аталады.
Қаржы министрінің орынбасары Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, интернет-сауданың дамуына байланысты мұндай үрдіс бүкіл әлемде енгізіліп жатыр.
"Интернет компаниялар арқылы алып-сату мөлшері жылдан жылға көбейіп жатыр. Сол себепті интернет арқылы сатып алынған тауарларға қосымша құн салығы салынады. Өйткені егер адам тауарды осында алып келіп, кеден арқылы өткізсе, оған қосымша құн салығын импорттаған кезде төлейді. Ал интернет-дүкендерден алынған тауар пошта арқылы келеді де оған салық төленбей қалады. Сол себепті оны реттеу үшін осындай заң керек. Біз Google, басқа да интернет-дүкендерге тіркелуіне мүмкіндік береміз. Осында тіркелген соң салығын есептейміз. Қазақстан заңының талаптарын орындамаған компаниялар анықталып, шара (бұғаттау, айыппұл т.с.с – М.С) қолдану жағы қарастырылады, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде ірілі-ұсақты шетелдік интернет-дүкендерден тіркелуге өтініш түсіп жатыр. Министрлік өкіліне журналистер "ірі интернет дүкендер үшін Қазақстан нарығы тым кішкентай, олар тіркелуге ықылас білдірмеуі мүмкін, олар тіркелмесе не болады?" деген сұрақ қойылды. Ведомство өкілі "оларға хат-шағым жібереміз, негізі ірі компаниялардың барлығы мұндай тәжірибеден хабардар, сол себепті олар оған мүдделілік танытуы тиіс" деді.
Ол аталған талаптардың Инстаграм сияқты онлайн-коммерциямен айналысатын желілерге де қатысы барын айтты. Мәселен, Инстаграм Қазақстанда тіркелмесе, билік органдары оны жабуы мүмкін.
Қазақстанда бұған дейін әлеуметтік желілерді тіркеуге міндеттейтін заң жобасы талқыланып, қоғамда қызу пікірталас туындаған. Ол кезде де қолданушылар "ірі әлеуметтік желілерге Қазақстанға тіркелу тиімсіз, сол себепті ел аумағында жабылуы мүмкін, ал бұл сөз бостандығына кері әсер етеді" деген қауіп айтқан.
ПІКІРЛЕР