Accessibility links

Қазақстан билігі интернетті қалай шектейді және оған Ресейдің қатысы қандай?


Қазақстандық интернет қолданушы мен мемлекет. Ғалым Смағұлдың карикатурасы.
Қазақстандық интернет қолданушы мен мемлекет. Ғалым Смағұлдың карикатурасы.

Қазақстан Freedom House есебінде неліктен үнемі "интернеті еркін емес" ел аталады? Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданған әлеуметтік желі мен мессенжер жұмысына шектеу қоятын заңның астарында не жатыр? Қазақстан кейінгі жылдары интернет пен әлеуметтік желіні барынша шектеген Ресейдің жолына түсті ме? Freedom House ұйымы "Технология және демократия" бөлімінің ғылыми қызметкері Грант Бейкер Азаттықтың осы және өзге де сұрағына жауап берді.

Әлем елдерінің интернет еркіндігіне баға берген Freedom House халықаралық ұйымының биылғы есебінде Қазақстан тағы да "интернеті еркін емес" мемлекет деп аталды. Былтырғы есеппен салыстырғанда, интернетке қолжетімділік деңгейі ғана бір ұпайға жақсарған, басқадай өзгеріс жоқ. Биылғы есепте интернет шектеу әрекеттері әлі де байқалып отырғаны айтылған. Интернетті бұғаттау немесе оның жұмысын шектеу әсіресе бейбіт жиындар кезінде жиі байқалады дейді баяндама авторлары. Бұға қоса зерттеушілер қаңтар айында өткен парламент сайлауында әлеуметтік желілердің бұғатталғанын, басылымдар сайтына шабуыл жасалғанын да атап көрсеткен.

Freedom House бұл есепті жасағанда үш өлшемге сүйенген. Олар: интернетке қолжетімділік, контентті шектеу және интернет қолданушының құқығын бұзу. Ұйым былтырғы есебінде интернетке қолжетімділік бойынша Қазақстанға 25-тен 10 балл берсе, биыл 11 балл берген.

ИНТЕРНЕТТІ БҰҒАТТАУ ЖӘНЕ ЖЕЛІДЕГІ АҢДУ

Азаттық: Қазақстан Freedom House ұйымы есебінде үнемі "интернеті еркін емес" елдер қатарында жүреді. Мұның себебі неде?

Грант Бейкер – Freedom House құқық қорғау ұйымы "Технология және демократия" бөлімінің сарапшысы.
Грант Бейкер – Freedom House құқық қорғау ұйымы "Технология және демократия" бөлімінің сарапшысы.

Грант Бейкер: Мұның бірнеше себебі бар. Мәселен, былтыр Алматы мен басқа өңірлерде митинг кезінде интернет өшірілді. Бірақ биыл ондай шектеулер қысқа уақыт қана болды, сол себепті осы жылдың есебінде бұл көрсеткішті жақсарттық.

Сонымен қатар елдің диссиденттер мен түрлі саяси тұлғаларды аңдыған болуы мүмкін мемлекеттер қатарынан табылуы да үлкен жаңалық болды. (2021 жылғы шілде айында Forbidden Stories, OCCRP және Amnesty International бастаған 17 ұйым израильдік NSO Group әзірлеген Pegasus тыңшы бағдарламасының көмегімен хакерлік шабуыл жасалған не шабуыл жасау мақсатымен нысанаға алынған адамдардың тізімін жариялаған. Оның ішінде Қазақстан азаматтары да болған. OCCRP зерттеушілері бұл тізімді ел билігі әзірлеген болуы мүмкін дейді – ред.).

Сонымен қатар [Қазақстанда] сөз бостандығы әлі де шектеліп жатыр. "Жала жабу" бабын қылмыстық кодекстен алып тастау оң қадам болғанымен, есеп қамтыған кезеңде пікір білдіргені үшін қамалғандар болды. Ал пікір білдіру еркіндігі адам құқықтары стандаттарымен қорғалған.

Меніңше, [Қазақстанның "интернеті еркін емес" елдер қатарында қала беруінің] өзге себептері де бар болар, бірақ негізгісі осылар.

Азаматтық белсенді Анна Шүкеева интернеттегі шектеу мен цензураға наразылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Азаматтық белсенді Анна Шүкеева интернеттегі шектеу мен цензураға наразылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Азаттық: Freedom House-тің интернет еркіндігі жөніндегі былтырғы есебінде Қазақстан 100-ден 32 балл алған еді. Биыл бұл көрсеткіш бір балға жақсарып, Қазақстан 33-орынға көтерілді. Әлгінде интернет шектеудің азаюы мен "жала жабу" бабының декриминализациясын оң қадам деп бағаладыңыз. Қазақстанның есепте бір сатыға көтерілуіне түрткі болған өзге себептер бар ма?

Грант Бейкер: "Жала жабу" бабы қылмыстық кодекстен алынып тасталса да, адамдарды пікір білдіргені үшін қудалап, түрмеге отырғызуға мүмкіндік беретін құқықтық амалдар әлі де бар. Сайлау кезінде сауалнама жүргізгені үшін блогерлерді прокуратураның қудалағанын көрдік.

Ал Қазақстанның бір сатыға көтерілуі интернетті шектеудің қысқаруымен байланысты. Дегенмен рұқсат етілген және рұқсат етілмеген митингілер кезінде интернет әлі де шектелді. Бірақ ол былтырғыдай ұзақ болған жоқ.

Сондай-ақ 2020 жылдың желтоқсанында "қауіпсіздік сертификатын" тестілеу кезінде де интернет бұғатталды. "Қауіпсіздік сертификаты" бізді алаңдатады, өйткені оны орнатпаған қолданушы платформаларға кіре алмай қалады, ал орнатқан қолданушының веб-трафигі биліктің қолына түсуі мүмкін. Халықаралық компаниялар сол себепті осы сертификатты орнатудан бас тартты. Бұл жайт баяндамада есепке алынды.

Азаттық: Есеп қамтыған кезеңде интернет еркіндігі өрескел бұзылған өзге оқиғалар тіркелді ме?

Грант Бейкер: Интернет еркіндігі шектелген ең өрескел оқиғаларды жоғарыда тізіп шықтым. Сонымен қатар 2020 жылдың күзінде домен атауы ережелеріне өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, .kz және .қаз домендері бар сайттар бағдарламалық қамту мен бағдарламалық қамту орындалатын жабдықты ел ішінде сақтауы тиіс (.kz және .қаз домен атауларын тіркеу, пайдалану мен тарату ережелеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы домен атауларын қолданатын сайт бағдарламалық қамту мен қамту жабдығын ел ішінде орналастырмаған жағдайда, билік олардың жұмысын шектей алады – ред.).

Өзбекстанда дәл осындай болмаса да, мәліметтер сақтауға қатысты ұқсас түзетулер былтыр сәуірде енгізілген. Бұл түзетулер компанияларды мәліметтерді Өзбекстанда сақтауға міндеттеп, Twitter, Tick Tock, Skype пен WeChat-ты бұғаттауға мүмкіндік береді. Осылайша заңның өзі мәліметтерді елде сақтауға бағытталса да, артынша үкімет қолданушы мәліметтерін аңдып, қолға түсіріп, бақылауға тырысады.

"МЫСЫҚ ПЕН ТЫШҚАН ОЙЫНЫ"

Азаттық: Жақында Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс әлеуметтік желі мен месенжерді бұғаттауға мүмкіндік беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Балалар құқығын қорғау бойынша заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасына сәйкес, шетелдік әлеуметтік желі мен мессенжер Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Өйтпеген жағдайда желі бұғатталады.

Ресейде 2016 жылы қабылданған "Яровая заңы" байланыс операторы мен интернет-провайдерді қолданушының барлық аудио және мәтін хабарламасын, суреттері мен видеоларын алты айға дейін сақтап, органдар сұратқан жағдайда оны беруге міндеттеген. Қазақстан Ресейдің жолына түсті деуге бола ма?

Грант Бейкер: Бұл жайт есептің қамту кезеңіне кірмегендіктен, есепте жоқ. Бірақ келесі жылы міндетті түрде есепке кіреді.

Расында да, Ресей кейінгі жылдары аймақтағы елдерге сондай "үлгі" көрсетіп отыр. Ресей әлеуметтік желі компанияларына қысым көрсетті. Өткен аптада Google мен Apple онлайн дүкенінен "Навальный" қосымшасын алып тастады. Сондай-ақ ірі IT-компанияларды Ресейден өкілдігін ашуға міндеттейтін және оларға әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілік жүктейтін заң қабылданды. (Ресей мемлекеттік думасы маусым айында орыс тілінде хабар тарататын және күнделікті аудиториясы 500 мың қолданушыдан асатын интернет-сервистерді Ресейден өкілдік ашуға міндеттейтін заң жобасын мақұлдаған – ред.). Бұл – үлкен проблема, себебі негізгі құқықтар мен бостандықтар – пікір білдіру еркіндігі мен деректерді құпия сақтауға қатер төндіреді.

Меніңше, Қазақстан Ресейдегі заң үлгісін қайталап, сол жолмен келе жатыр. Бірақ өзге елдерден де осыны көріп жүрміз. Биыл Түркия мен Үндістанда үкімет пен ірі технология компаниялары арасындағы шиеленіс пен күреске куә болдық.

Азаттық: Қазақстанда әлеуметтік желі мен мессенжерді өкілдік ашуға міндеттейтін заң сол күйінде қабылдаса, ірі технология компаниялары заңды тұлға ретінде тіркелуі мүмкін бе?

Грант Бейкер: Компаниялардың ішкі динамикасы, ақша нарығын қаншаға бағалайтыны, нарық оларға қаншалықты құнды деген тәрізді деректерді білмей, оны тап басып айту қиын. Бірақ кейбір компанияға қысым көрсетіледі деп ойлаймын. Олар азаматтық қоғамның адам құқықтарын сақтау тәрізді талабына қалай жауап беретінін көру керек. Бірақ мұның қалай өрбитінін болжау қиын.

Amazon, Apple, Facebook пен Google компаниялары логосы. Көрнекі сурет.
Amazon, Apple, Facebook пен Google компаниялары логосы. Көрнекі сурет.

Азаттық: Мемлекеттер ірі технология компанияларын өкілдік ашып, тіркелуге міндеттеген жағдайда, ол компаниялар әдетте не істейді?

Грант Бейкер: Көптеген елде бұл мысық пен тышқан ойыны іспетті. Билік ережелер енгізсе, әлеуметтік желі платформалары оны айналып өтудің жолын іздейді. Қазір контент туралы бірқатар заң қабылдап тастаған Ресей үлкен шырмауы бар елге ұқсап тұр. Онымен шектелмей, техникалық мүмкіндігін жетілдіріп, 2021 жылғы наурызда Twitter жылдамдығын бәсеңдете білді.

Ресей, Түркия, Үндістан – адам саны көп ірі мемлекеттер. Компаниялар мұны есепке алады. Сол себепті, Қазақстан мен Түркияны немесе Қазақстан мен Ресейді бұл тұрғыда салыстыру қиын. Дегенмен компаниялардың [өз жұмысын шектейтін заңдарға] қарсы тұруға тырысатынын көріп жүрміз.

Азаттық: Қасым-Жомарт Тоқаев президет болғалы бері Қазақстандағы интернет еркіндігі қалай өзгерді: жақсарды ма, керісінше нашарлады ма?

Грант Бейкер: Бұған біржақты баға беру қиын. Биыл интернет еркіндігі бір балға өсті. Бірақ биыл өсіп, келесі жылы төмендеуі де мүмкін. Өкілдік ашуға міндеттейтін заң қабылдаса, не болатынын біржақты кесіп айту қиын. Сондықтан бұл көп ретте заң қалай дамиды, билік желіні қаншалық бұғаттайды, қолданушыны қамауға алу тәрізді көрсеткіштерге байланысты болмақ.

Қазақстанда оппозицияның наразылық шеруі өткен 2019 жылғы 9 мамырда интернет жұмысында кідіріс болғанын көрсететін NetBlocks инфографикасы.
Қазақстанда оппозицияның наразылық шеруі өткен 2019 жылғы 9 мамырда интернет жұмысында кідіріс болғанын көрсететін NetBlocks инфографикасы.

PEGASUS ТІЗІМІ: ӨЗ АДАМДАРЫН АҢДИТЫН РЕЖИМ

Азаттық: OCCRP халықаралық зерттеу тобы жақында ондаған елдің үкіметі израильдік NSO Group компаниясының Pegasus деп аталатын тыңшы бағдарламасы көмегімен журналистер, белсенділер мен саясаткерлерді аңдитынын әшкереледі. Қазақстанда телефоны тыңдалған болуы мүмкін 2000 нөмірдің 92-сі анықталды. Олар негізінен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын олигархтар мен саясаткерлер. Басқа елдер осы бағдарлама көмегімен журналистер мен белсенділерді немесе көрші елдердің басшыларын аңдыса, Қазақстанда неліктен бұл тізімде негізінен Назарбаевтың айналасы жүр?

Грант Бейкер: Бұл – өте маңызды зерттеу. Бірақ біз ондағы бүкіл дерек жиынтығын білмейміз. Қазақстан бойынша анықталған 92 телефон нөмірі кімге тиесілі екені анықталса да, қалған нөмірлер кімдікі екенін білмейміз. Өзге елдердегі нөмірлер жайлы да толық дерек жоқ.

Дегенмен осы зерттеуде аталған басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстан бойынша тізімде билікке жақын олигархтар мен саяси тұлғалар басым.

Режимнің өз адамдарын аңдуға талпынғанын Мексикадан да байқауға болады. Ал Морокко Франция президенті Эмануэль Макрон мен елдегі кейбір кеңесшілерді аңдуға тапсырыс берген.

Мұның нақты себебін тап басып айту қиын. Дегенмен кейде билік басындағы саясаткерлер есі кетіп, тыңшы бағдарламаларын қолдануы мүмкін. Ал бұл бағдарламалар адам құқықтары мен жеке өмір құпиясына қауіп төндіреді. Өйткені журналистер мен оппозициялық саяси қайраткерлерді аңдитынын көріп отырмыз.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG