Accessibility links

Алматыда бірнеше кәсіпорын электр энергиясының шектелуіне байланысты жұмысын тоқтатуы мүмкін


Алматыдағы кәсіпорындардың бірі. Көрнекі сурет.
Алматыдағы кәсіпорындардың бірі. Көрнекі сурет.

Алматыда бірнеше кәсіпорын электр энергиясының шектелуіне байланысты жұмысын тоқтатуы мүмкін. Арасында ауруханаларды оттегі баллондарымен қамтамасыз ететін кәсіпорын да бар. Бұл жөнінде кәсіпорын хабарламасына сүйенген Vlast сайты жазды.

"Энергия тасымалдаушы және "KEGOC" компаниясы бізге берілетін электр энергияны 50 пайызға шектеді. Күн сайын сұралатын 30 мВт тоқтың тек 14,5 мВт мақұлданды. Мұндай жағдайда "ҚазФерроБолат" ЖШС жұмысы іс жүзінде тұралап қалады, негізгі өндіріс тоқтайды, соның салдарынан жүздеген адам ақысыз демалысқа кетуге мәжбүр болады, бюджетке салық түспейді, ал кәсіпорын экспорттық келісім-шарт бойынша міндеттемелерін орындай алмағандықтан айыппұл алады. Бұған қоса, 14 өнеркәсіптік кәсіпорын өндірісіне сондай қауіп төніп тұр" делінген "ҚазФерроБолат" компаниясының Vlast сайтына жіберген хабарламасында.

Ақпаратқа қарағанда, металл өнімдерін шығарумен айналысатын компания энергиямен жабдықтайтын қаладағы екі ірі кәсіпорынның бірі. Зауытта 800-ден астам адам істейді. "ҚазФерроБолат" өзіне тиесілі цехтан бөлек, 14 өнеркәсіптік кәсіпорынды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Компания хабарламасында энергия шектеулеріне байланысты қала мен облыстағы ұзын саны 14 аурухананы (12 қалалық аурухана, Акушерлік және гинекология институты, N3 перзентхана т.б) оттегімен қамтамасыз ететін цехтың жұмысы да тоқтатылатынын ескерткен.

Алматы әкімдігі оқиғаға әзірге түсініктеме бермеді.

KEGOC компаниясы 10 қарашада таңертең әлеуметтік маңызды нысандарға электр энергиясы әдеттегідей мөлшерде беріледі деп мәлімдеген. Оның алдында компания электр энергиясына сұраныс артқандықтан және суық түскендіктен энергия беру қысқартылатынын ескерткен.

Кейінгі бірнеше күнде Қазақстанның түрлі өңірінде жұрт жарықтың тұрақты түрде сөндіріле бастағанына шағымданып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG