Accessibility links

Бір топ азаматтық белсенді "Көше партиясына" шыққан шешімді қайта қарауды сұрады


"Көше партиясына" республика аумағында тыйым салмай тұрған кезде қозғалыстың мақсаты жазылған плакат ұстап тұрған белсенділер.
"Көше партиясына" республика аумағында тыйым салмай тұрған кезде қозғалыстың мақсаты жазылған плакат ұстап тұрған белсенділер.

Алматылық белсенділер Есіл аудандық сотының (Нұр-Сұлтан) "Көше партиясына" тыйым салу жөніндегі шешімін басқа сот құрамымен қайта қарау туралы апелляциялық шағым түсірді.

Шағымды алматылық азаматтық белсенділер Нинагүл Жұманиязова, Дәметкен Аспандиярова, Гүлзипа Жәукерова, Диана Баймағамбетова, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов, Ноян Рахымжанов берген сенімхат негізінде адвокат Шынқуат Байжанов түсірген.

Бұл ақпаратты Азаттыққа растаған Гүлзипа Жәукерованың айтуынша, оны және басқа сотталушыларды қазан айындағы сот шешімімен "Қазақстанның демократиялық қозғалысының" траснформацияланған түрі "Көше партиясы" қозғалысының қатысушысы, мүшесі ретінде таныған.

- Егер мен "Көше партиясы" қозғалысы мүшесі болсам, мен ол қозғалысқа қатысты шешімнің менсіз шығуына қарсымын. Сондықтан оны қайта қарауды талап етемін, - дейді ол.

Адвокат Шынқуат Байжанов та "Көше партиясына" қатысты сот шешімі оның мүшелері деп танылған тұлғалардың қатысуынсыз қаралуы заңсыз болғандықтан апелляциялық шағым берілгенін айтады.

– "Көше партиясына" қатысты іс 96 беттен тұратын болғандықтан оның бәрін онлайн жіберу мүмкін емес болды. Сондықтан поштамен жөнелттік. Жауабын күтіп отырмыз. Бұған қоса істі қайта қарау үшін оны қалпына келтіру туралы да арыз түсірдім, - деді ол Азаттыққа.

Дәл осындай арызды нұрсұлтандық азаматтық белсенді Айбек Сәбитов те түсірген еді. Оның заңгері Шалипа Нұрпейісованың айтуынша, Сәбитов бас прокуратурадан "ҚДТ" және "Көше партиясы" қозғалыстарын экстремистік деп тану туралы сот шешімін қолға беруді талап еткен арызына дұрыс жауап ала алмаған соң Бас прокуратураның әрекетіне әкімшілік сотқа арызданған. Бірақ Нұр-Сұлтан мамандандырылған әкімшілік сотының медиациялық судьясы Бияхметова азаматтық белсендінің арызын кері қайтарып, Есіл аудандық сотына жүгінуге кеңес берген.

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық соты 2020 жылдын 19 мамырында тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысы елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді.

2020 жылдың мамыр айында белсенділер Асхат Жексебаев, Болат Смағұлов, Сұлтан Абайбеков, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Нұрсұлтан Тастаев, Асқар Қайырбек, Айдос Өмірбек, Қайрат Сыздықов, Айбар Мүбарак, Айбек Сәбитов "экстремистік ұйым" ретінде тану туралы сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірген болатын. Бірақ Есіл аудандық сотының судьясы Руслан Мәжитов арызды " оны түсірушілер іс бойынша тараптар болып саналмайтынын" айтып кері қайтарған.

ҚДТ мен "Көше партиясын" Қазақстан соты "экстремистік ұйымдар" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған.

Жергілікті құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды "экстремизм" бабын билікті сынаған азаматтық белсенділерді қудалау үшін пайдаланды деп кінәлайды. Билік мұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG