Accessibility links

"Экстремист деген айдар тағып". Билік оппозиция белсенділерін қоғамнан жасырын шешімге сүйеніп соттайды


Қазақстан полициясы оппозиция митингіне шыққан адамды ұстап жатыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан полициясы оппозиция митингіне шыққан адамды ұстап жатыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстан соты елдің әр өңірінде билікті сынап, наразылыққа шыққан белсенділерді "экстремистік ұйым жұмысына араласты және оны ұйымдастырды" деп жазалайды. Бірақ "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімі ресми түрде еш жерде жарияланбаған. Ал сот ондай шешім шығарғанда сүйенетін сараптама қорытындысын да қоғамнан жасырады. ҚДТ-ға тыйым салуға негіз болған сараптаманың авторы бұрын басқа саяси процестерде де сарапшы болған.

Полицияның арнайы жасағы үкіметке қарсы наразылық шарасын өткізіп жатқан адамдарды бір-бірден ұстап алып, рұқсат етілмеген митинг орнына келген автозактарға тиеп, алып кетіп жатты. Саяси тұтқындарды босатып, әділ сайлау өткізуді, Конституцияға бағынуды талап етіп, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Көше партиясы" ұйымдастырған осындай шаралардың көбі қуып таратылып, қатысушылар жаппай ұсталды.

2018-2019 жылдары Қазақстанда мұндай көрініс жиі қайталанды. Наразылық кезінде белсенділік танытқандар және әлеуметтік желіде бейбіт жиынға шығуға үндегендер мен оларды қолдап пікір жазғандар билік органдарының бақылауына алынып, қудалауға түсті.

Құқық қорғаушылардың есебінше, кейінгі үш жылда діни экстремистік топтардың өкілдерін қоспағанда, тек саяси ұран көтерген 300-ден аса адам осы баппен істі болған. Көпшілігіне билік айыппұл салды, бостандығын шектеді, біразы тергеу абақтысында жатыр, түрме жазасын алғандары да бар.

Бірақ олардың "экстремист" екенін дәлелдейтін құжаттар үкімдердің ешбіріне тіркелмейді, тіпті ол үкімдерден бірде-бір дәйексөз де келтірілмейді. Одан да қызығы, ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремист" деп таныған сот шешімдерін қолға түсірген адвокаттар олардың әлдебір сараптама қорытындысына сүйеніп шығарылғанын айтады. Ал ол қорытындыны көзімен көрген ешкім жоқ. Белсенділер "бізді жоқ құжаттың негізінде өтірік соттап жатқандай әсер қалдырады" дейді.

Қазақстанда тыйым салынған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Биыл жазда Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды Қылмыстық кодекстегі "Экстремизм" бабын билік сыншылары мен белсенділерді қудалауға қолданады деп айыптаған.

"Көше партиясы" қозғалысына байланысты Есіл аудандық сотына наразылық білдіріп, аштық жариялаған белсенділер. Суретте оңнан солға қарай: Сағат Күлжаханов, Өмірбек Медеубаев, Сағидолла Ақаев және Мейірхан Әбдіманапов. Алматы, 21 маусым 2021 ж.
"Көше партиясы" қозғалысына байланысты Есіл аудандық сотына наразылық білдіріп, аштық жариялаған белсенділер. Суретте оңнан солға қарай: Сағат Күлжаханов, Өмірбек Медеубаев, Сағидолла Ақаев және Мейірхан Әбдіманапов. Алматы, 21 маусым 2021 ж.

ЕШ ЖЕРДЕ ЖОҚ САРАПТАМА ҚОРЫТЫНДЫСЫ

2018 жылғы 13 наурызда Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) Есіл аудандық соты судьясы Руслан Мәжитов ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, жұмысына тыйым салу туралы шешім шығарған. Көп ұзамай шетелде тұрып жатқан оппозиционер Мұхтар Әблязовтың жақтастары Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Сот тыйым салған ұйымның қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу") бойынша сотқа тартыла бастады. Алғаш жауапқа тартылғандардың бірі – белсенді Әсет Әбішевті қорғаған адвокат Гүлнар Жуаспаева әлгі даулы сот шешімін Facebook-тағы парақшасында жария етті.

Сол көшірмеден байқағанымыз – шешімде құпияға жататын еш ақпарат жоқ және бас прокурордың ҚДТ жұмысына тыйым салу жөніндегі арызы негізінде ашық түрде өткен сот процесіне тек күштік құрылым өкілдері мен Ақбарова деген сарапшы ғана қатысқан.

"Тіркелмеген ҚДТ ұйымының өкілі отырысқа қатыспады, Қазақстан Республикасы әділет органдарында бұл ұйымның ресми тіркеуі жоқ, оның заңды мекенжайы мен орналасқан орны сотқа беймәлім. Сондықтан сот отырысты оның қатысуынсыз өткізуді ұйғарды" делінген шешімде. Есесіне оған ішкі істер министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері келген.

Соттың ҚДТ-ны экстремистік деп тануына негіз болған жалғыз ғана құжат – 2018 жылғы 7 наурызда жасалған №654 "кешенді психология-филологиялық сот сараптамасы". Құжаттың ішінде әлдебір саясаттанушы жасаған саясаттану талдауы туралы да айтылады. Бірақ бірде-бір сарапшының аты-жөні, сараптаманы жүргізген мекеменің атауы айтылмайды. Оның үстіне сот отырысына қатысты деген Ақбарованың сараптаманы әзірлеуге қатысы болды ма, жоқ па, ол жағы да анық емес.

– Бізге керегі сол қорытынды еді. Бірақ оны берген жоқ. Арызымызға: "Сіздер бұл азаматтық іске қатысушы емессіздер, сондықтан бере алмаймыз" деді. Іс қаралғанда тек бас прокуратура, ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен сарапшы Ақбарова ғана болған, өзге ешкімді қатыстырмаған. Яғни осы тыйым салынған ұйымға қатысы бар деп айыпталуы мүмкін деген Қазақстанның бірде-бір азаматы онда болған жоқ. Қатыстырмаған екен, онда оны ашық жария етуі керек. Себебі осы іспен жауапқа тартылатын әрібір адамның өзін қорғауға құқығы бар, – дейді адвокат Жуаспаева.

Полиция "ҚДТ митингісіне келген" адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 22 ақпан 2020 ж.
Полиция "ҚДТ митингісіне келген" адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 22 ақпан 2020 ж.

Арада екі жыл өткенде Нұр-Сұлтанның дәл сол Есіл аудандық соты тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысын ҚДТ қозғалысымен бір ұйым деп танып, оның да қызметіне тыйым салды. Ол іске де тек бас прокуратура, ішкі істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен сарапшы А.Б. Сейфуллина ғана қатысқан.

Оның да шешімі еш жерде жарияланған жоқ. "Көше партиясы" қозғалысының бір топ белсендісі мен адвокат Ғалым Нұрпейісов бұл шешімге апелляция шағымын түсірген. Бірақ "олар іс бойынша тараптарға жатпайтындықтан", сот шағымды кері қайтарған". "Тарапқа жатпайтын" Асхат Жексебаев пен Ноян Рахымжанов және өзгелер – жиынтығы 13 белсенді істі болып, "Көше партиясы" жұмысына араласқан деген айыппен жақында сотталды. Төрт белсендіге судья 5 жыл түрме жазасын кесті.

Есіл аудандық сотының шешіміне негіз болған "кешенді психология-филологиялық сараптаманың" көшірмесі еш жерде ешкімге берілмеген. Себебі ол істегі тараптар арасында органдардан басқа ешкім жоқ.

"АЛҒА" ПАРТИЯСЫ, ӘЛНҰР ИЛЬЯШЕВ ІСТЕРІНДЕ САРАПШЫ БОЛҒАН АҚБАРОВА КІМ?

Астаналық заңгер Антон Фабрый өзге адвокаттар секілді ҚДТ-ға қатысты шешімнің қысқа нұсқасын (резолютивная часть) емес, толық нұсқасымен таныса алған. Сот қызметкері оған шешіммен танысып, қаласа суретке түсіріп алуға болатынын айтқан. Кейін ол шешімнің көшірмелерін Facebook парақшасында жариялады. Фабрыйдың Азаттыққа айтуынша, екі томдық іс материалдарында негізінен қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязовтың әлеуметтік желіде айтқан сөздері, мәлімдемелері жазылған.

Заңгер Азаттыққа көрсеткен іс материалдарының бірнеше бетінен байқағанымыз, сарапшы Роза Ақбарова әлеуметтік желідегі Мұхтар Әблязов жариялаған ақпарат, видео файлдар мен үнпарақтарға сараптама жасаған. "Айтылған сөздер қазіргі билікке, жекелеген орган мен лауазымды қызметкерлерге негативті баға бере ме?" деген сұраққа сарапшы "материалдардың басты мақсаты – ақпаратты ұтымды формада ұсыну, реципиентті өз пікірімен таныстыру арқылы адресатты белгілі бір әрекетке итермелеу" деген қорытынды жасаған.

Ақбарова қол қойған сараптаманың соңында "жүргізілген саяси талдау Әблязовтың сөздері мен мәлімдемелері жағымсыз пікір қалыптастырып, әлеуметтік араздықты қоздыруға, билікті күштеп басып алуға итермелейді" деген тұжырым жасалған.

Азаттық тілшісі ҚДТ туралы сот ісінде сарапшы болған Роза Ақбаровадан бұл қорытындыны жасауда қандай әдістерді қолданғанын, қандай теорияларға сүйенгенін анықтауға тырысты, бірақ ол мүмкін болмады.

Ашық дереккөздегі мәліметке қарағанда, Қарағанды мемлекетттік университетін және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген Роза Ақбарова көп жылдан бері мемлекеттік мекемелерде, соның ішінде ішкі саясат басқармасында, әділет министрлігінің дін істері комитеті, сот сараптамасы сияқты мекемелерінде жұмыс істеген. Дін істері комитетінде сараптама және тіркеу басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2017 жылдан әділет министрлігі сот сараптама орталығы директорының орынбасары болған.

2019 жылғы қарашада Ақбарова ханым діни экстремизм туралы хабарға сарапшы ретінде қатысқан.

Бір қызығы, 2012 жылы тіркелмеген "Алға" оппозициялық партиясы жетекшісі Владимир Козловтың ісіне де Ақбарова сараптама жасаған. Сарапшы "билікті басып алу, оның ішінде қарулы жолмен басып алу үшін "Алға" партиясы Мұхтар Әблязов басқаратын экстремистік ұйымға түрленген" деген тұжырым жасайды. Осының негізінде Ақтау қалалық соты Владимир Козловты ұзақ мерзімге соттаған, үкімде "Алға" партиясы қызметіне "экстремистік" деген баға беріліп, оппозициялық ұйымға тыйым салынған.

Былтыр сот азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевке биліктегі "Нұр Отан" партиясын сынап, Facebook-те пост жазғаны үшін "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағып, үш жылға бостандығын шектеу жазасын кескенде де Роза Ақбарованың сараптамасына сүйенген. Сарапшы Ақбарова белсенді Ильяшевтің посты қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтар мен ұйымдарға зиян келтіруі мүмкін екенін айтқан.

Қазір Роза Ақбарованың қайда жұмыс істейтіні белгісіз. Сот сараптама орталығы Азаттық тілшісіне ондай қызметкері жоғын айтты.

"БИЛІКТІ ӨЗГЕРТКІСІ КЕЛГЕН БЕЙБІТ ҚОЗҒАЛЫС"

2017 жылы сәуірде шетелде тұратын бірнеше қазақстандық белсенді, оның ішінде Мұхтар Әблязов жалпыазаматтық "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құратынын жариялаған. Олар "Қазақстанның саясаты мен экономикасын түбегейлі өзгерту, парламенттік республика орнату, бір адамға ғана қызмет жасайтын емес, керісінше халық алдында есеп беретін және халық үшін жұмыс істейтін үкімет құруды мақсат тұтқанын" мәлімдеген.

Саясат саласындағы реформалардың ішінде мемлекеттік биліктегі "президент" лауазымын жою, елде парламенттік республика орнату, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыру және прокуратура мен құқық қорғау органдарын реформалау туралы айтылған.

Адам құқығын қорғау және саяси тұтқындарды босату, бейбіт жиналыс, митинг, ереуіл мен шеру өткізу еркіндігі, сөз бостандығы, биліктің барлық деңгейінде жемқорлықпен күресу, әр азаматқа он сотық жер телімін бөліп беру, ең төменгі еңбекақы мөлшерін Еуропа елдерінің деңгейіне жеткізу сынды мақсаттар аталған.

"Көше партиясы" қозғалысының да саяси және әлеуметтік-экономикалық бағдарламасында да парламенттік республика құру, тегін медициналық көмек, саяси тұтқындарға бостандық беру туралы айтылады. Олар конституция бойынша әр азаматтың бейбіт жиын өткізу құқығын шектемеуді, бюджет қызметкерлері айлығын 400 мың теңгеге көтеруді, азаматтарға жер телімін беруді, ипотеканы 5 пайызға түсіруді, ең аз зейнетақыны 170 мың теңгеге көтеруді талап етеді.

Екі қозғалыстың белсенділері елде бірнеше рет бейбіт митингіге шықты, жалғыз адам пикетін ұйымдастырып, әлеуметтік желіде түрлі челлендж жасап келді. Елде президент сайлауы әділетсіз өткенін айтып, саяси тұтқындарға бостандықты талап етіп, наразылық білдірген. Қазір біршама бәсеңдегені байқалады. Бұл – белсенділердің басым бөлігі істі болып, қамауда отырғанымен де байланысты.

Адвокаттарының айтуынша, ұсталған азаматтардың әрекеттерінен экстремизм белгісі байқалмайды, соған қарамастан билік оларды жабық сараптама қорытындысы мен ашық жарияланбаған сот шешімінің негізінде айыптап, соттап жатыр.

Белсенділер құқығын сотта қорғап жүрген адвокат Жанар Балғабаева билік өзін сынайтындарды осылай қудалап отыр деп санайды.

– Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясына сәйкес, "экстремизм" билікті күшпен басып алуға немесе күшпен ұстап тұруға, сонымен қатар мемлекеттің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, сонымен пара-пар қоғамдық қауіпсіздікке күштеп араласуға, оның ішінде жоғарыда көрсетілген мақсаттарда заңсыз қарулы құрылымдар ұйымдастыруға немесе оларға қатысуға бағытталған әрекетті білдіреді. Қорғауымдағы азаматтар билікті күшпен басып алуды көздейтін іс-әрекет жасаған емес. Олар күш қолданбаған, зорлық-зомбылық та жасамаған. Қорғауымдағы адамдар қарулы құрылымдарға да қатыспаған, мемлекет қауіпсіздігіне күшпен қарсы тұратын ұйымдарға араласпаған. Ешқандай қарулы ұйымдар да болмаған. "Көшенің" барлық әрекеті бейбіт болды, белсенділер өз талабын бейбіт түрде жеткізді. Билік оларды өзгеше ойлағаны үшін, өз пікірін ашық білдіргені үшін қудалап отыр деп білемін, – дейді адвокат Балғабаева.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG