Accessibility links

Нұр-Сұлтанның Мұхтар Әблязовпен "соғысында кепілге алынғандар" немесе белсенділерді қудалау


Полиция қызметкерлері Мұхтар Әблязов пен ол құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (билік тыйым салған) жариялаған митинг өтетін жерде ұсталған азаматты көлікке күштеп тығып жатыр. Алматы, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстанның әр өңіріндегі 250-ден астам белсенді "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарының "жұмысын ұйымдастыру" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу" айыбымен қудалауға ұшырап отыр. Белгілі құқық қорғаушы белсенділердің билік пен режимнің шетелдегі сыншысы арасындағы соғыста "кепілге алынғанын" айтады.

Үкіметке наразылық акциясына қатысып, күш құрылымдарының назарына ілігеді. Қамауға алынып, кейін айыпталушы ретінде жауапқа тартылады.

Қарағанды қаласының 52 жастағы тұрғыны Асқар Нұрмағанов қазір түрмеде отырған жиырмаға жуық белсендінің бірі. Олар әдетте билік келісім бермеген наразылық акциясына қатысқаны үшін әкімшілік қамауға алынып, кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Белсенділерге астана сотының шешімімен "эстремистік" деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарының қызметіне қатысты" деген айып тағылады. Еуропарламент бұл ұйымдарды "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атайды.

"ЭКСТРЕМИСТ ЕМЕСПІЗ"

Асқар Нұрмағанов жарты жылдан бері тергеу изоляторында отыр. 9 ақпанда басталған сот процесінде ол тергеу кезінде өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдеп, осыған дейін берген түсініктемесінен бас тартты. Нұрмағанов кінәсі жоғын және өзінің экстремист емесін айтты.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарының қызметіне қатысты" деген айып тағылған қарағандылық белсенді Асқар Нұрмағанов.
"Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарының қызметіне қатысты" деген айып тағылған қарағандылық белсенді Асқар Нұрмағанов.

– Басында қысым көрсетілген кезде кінәмді мойындап, өкінетінімді айттым. Бірінші кезде біз, белсенділер, кінәлі шығармыз деп ойладым. Бірақ изоляторда Конституцияны оқып шықтым. Онда әр азамат заңды тұлға ретінде тіркелмей-ақ, еркін бірлестіктерге бірігуге құқылы деп жазылған. Сол кезде жаман ештеңе жасамағанымызды түсіндім. Маған және елдегі басқа белсенділерге қарсы қолданылып отырған 405-бап ("Экстремизммен және терроризммен айналысты деген айыппен қызметіне тыйым салынған қоғамдық, діни бірлестіктің немесе басқа да ұйымның жұмысын ұйымдастыру және қатысу" – ред.) объективті емес және Конституцияға қайшы келеді. Біз – тәртіп бұзбайтын, белсенді азаматтармыз, экстремист емеспіз, бейбіт митингіге қару алып шыққан жоқпыз. Ешқандай араздық туғызған жоқпын. Бар болғаны, халықтың үніне құлақ түруге уәде берген билікке дауысымды жеткізгім келді, – деді онлайн режимде өткен сот процесінде сөйлеген Нұрмағанов.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы"

"Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын" (ҚДТ) 2017 жылы бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Қозғалыстың мақсаты – "демократиялық өзгерістер енгізу үшін Қазақстан қоғамындағы барлық күшті біріктіру". ҚДТ президент қызметінен бас тартуға, бір палаталы заң шығарушы органы бар парламенттік республика құруға, тікелей сайлау өткізіп, адам құқықтарын қорғауға үндейді. Қозғалыс өткізген наразылық шаралары азаматтардың ұсталуымен аяқталған, билік бұл акцияларды заңсыз деп атаған.

2018 жылы астананың Есіл аудандық соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тануды сұраған бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырды. Қозғалыстың қызметін тоқтату туралы сот шешімі жарияланған жоқ.

2020 жылы ақпанда қазақстандық белсенділер тобы парламенттік республикаға өтуді көздейтін "Көше партиясы" қозғалысының құрылғанын жариялады. Үш айдан кейін, мамырда дәл сол Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салды. Бас прокуратура ҚДТ ұйымының өзгеріп, осы қозғалысқа "айналғанын" айтты. Бұл сот шешімі де жарияланған жоқ.

Белсенділердің айтуынша, "Көше партиясы" –тәуелсіз қозғалыс. Былтыр маусымда астана соты Есіл аудандық сотының "Көше партиясы" қозғалысының қызметіне тыйым салу туралы шешіміне қарсы берілген апелляцияны қарамай қайтарды. Сот мұның себебін апелляция берген бастамашыл топ мүшелері іске қатысы бар тарапқа жатпайды деп түсіндірді.

19 ақпан, жұма күні мемлекеттік айыптаушы соттан Асқар Нұрмағановтың бостандығын бір жарым жылға шектеуді сұрады. Прокуратураның пікірінше, айыпталушы мессенджерде топ құрып, қозғалыстың басқа мүшелерімен бірге "Қазақстанның жоғарғы билігіне негативті көзқарас қалыптастыруға" бағытталған әрекеттерді талқылап, ұлттық қауіпсіздікке "шынайы қауіп" төндірген.

– Сот шешімі бойынша ҚДТ "экстремистік ұйым" деп танылған. Оның қызметі туралы ақпарат таратуға тыйым салынған. Айыпталушы бұл туралы білген. Соған қарамастан, қозғалыс қызметіне белсенді қатысқан. Нұрмағанов ақпарат парақтарын жапсыруға қатысып, YouTube-қа ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарын қолдайтын бейнеролик жариялағанын мойындаған. Бірақ өзіне тағылған айыпты мойындап, өкініш білдіруден бас тартып отыр, – деді мемлекеттік айыптаушы Әнуар Завотпаев.

Прокурордың сөзінен кейін Асқар Нұрмағанов ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарының идеясы мен бағдарламасын қолдауды заңға қайшы әрекет деп санамайтынын айтты.

– Осы елдің азаматтары ретінде бізді көп нәрсе алаңдатады. Қолында билігі барлардың халықтан алыстап кеткені соншалық, олар өзін мемлекет деп атай бастады. Депутаттардың халықтың мұң-зарында шаруасы жоқ. Бейбіт митингіге шыққаны үшін түрмеге жабу деген қатыгездік қайдан шықты? Бізді автозакқа сүйрегенін емес, елде жақсы өзгерістер болғанын қалаймыз, – деді Нұрмағанов.

Прокурор соттан айыпталушыға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға, партияның, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың қызметіне қатысуға, митингіге, ереуілге шығуға, әлеуметтік желіде пікір айтуға, демеушілік немесе қайырымдылық көмек көрсетуге, әртүрлі петицияларды қолдауға тыйым салу сияқты қосымша жаза беруді сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Асқар Нұрмағановқа басқа да тыйымдар салып, айыпталушының қозғалысын шектеу керек деп мәлімдеді. Белсендінің адвокаты прокурордың сөзіне қарсылық білдіріп, мұндай жаза "бостандығын шектеу" емес, "үйқамаққа отырғызу" деп аталатынын айтты.

"АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІКТІ ОСЫЛАЙ ТҰНШЫҚТЫРАДЫ"

Қазақстандық құқық қорғаушылар былтыр қарашада Асқар Нұрмағановты саяси тұтқындар тізіміне қосқан. Бұл – кейінгі айларда ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалысын ашық қолдайтындар мен оларды жақтайды деген күдікке ілінген азаматтардың үстінен қозғалған ондаған істің бірі ғана.

"Саяси тұтқындарды қамау - саяси шешім"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында тұратын 53 жастағы Бүркітбай Насырхановқа да 405-баптың 2-бөлімі бойынша айып тағылған, қазір ол сот процесін күтіп отыр. Оған Facebook парақшасына "экстремистік сипаттағы" материал, азаматтарды "билікті орнынан тайдыруға және ҚДТ экстремистік ұйымын қолдауға" шақырған видеоүндеу жариялады деген айып тағылды. Насырхановтың өзі тыйым салынған ұйымдарға мүше болмағанын, заңға қарсы әрекет етпегенін, әлеуметтік желіде елдегі жағдайға наразылық білдіріп, билікті сынағаны үшін ғана қудалауға ұшырап отырғанын айтады. Осыған дейін белсендіні бірнеше рет полицияға тергеуге шақырған. Жақында Насырхановтың әйелі куәгер ретінде тергеуге алынды.

Бұрын кенші болып істеген Бүркітбай Насырханов жұмыстан қысқартылғаннан кейін кәсіпорынмен соттасып, тәуелсіз кәсіподақ құруға талпынып көрген. Бірақ кәсіподақ аз уақыт ғана жұмыс істеді.

Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында тұратын Бүркітбай Насырхановқа "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деген айып тағылды.
Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында тұратын Бүркітбай Насырхановқа "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деген айып тағылды.

Осыдан кейін Насырханов біраз уақыт қоғамдық іспен айналыспаған. 2018 жылы қайтадан жұмысшылардың жағдайы қиын екенін айтып, билікке ыңғайсыз мәселе көтере бастаған кезде полицияның "қырына іліккен".

– Жаңа жылдың алдында үйге полиция келіп, тінту жүргізу туралы қаулы көрсетті. Мені ғана емес, бүкіл пәтерді тінтіп, барлық техниканы, компьютер, ноутбук және қызымның телефонын алып кетті. Мені қазір тоқтатпаса, тағы да кәсіподақ не қозғалыс құрып, қоғамдық жұмысқа араласады деп ойлаған шығар. Олар мені 405-бап бойынша жауапқа тартса, сотталған азаматқа айналамын. Сонда қандай да бір қоғамдық қозғалыс құру құқығынан айырыламын. Халықтың азаматтық белсенділігін осылай тұншықтырады. Онсыз да өңір халқы "Степлаг" сияқты, үреймен өмір сүреді. Мына жүйе әбден шаршатты! – дейді Бүркітбай Насырханов.

250-ДЕН АСТАМ АДАМ ҚУДАЛАУҒА ҰШЫРАДЫ

Белсенділерді тыйым салынған қозғалыс қызметіне қатысқаны үшін жауапқа тарту 2018 жылы, астана соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танығаннан кейін басталған. Осы сот шешіміне дейін полиция алаңда көк шар ұстап жүрген (Мұхтар Әблязов халықты қолына шар ұстап, жаппай серуенге шығуға үндеген) адамдарды ұстап, кейін босатумен, Әблязовтың тікелей эфирлерін бұғаттаумен шектелсе, аталған сот шешімі шыққаннан кейін билік қозғалыс жақтастарына қылмыстық бап бойынша айып тағып, қудалауға көшкен. Елдің түрлі өңіріндегі ондаған адам, оның ішінде үй шаруасындағы әйелдер мен зейнеткерлер 405-бап бойынша тергеуге алынған. Олардың көбі ҚДТ қозғалысының шақыруымен митингіге қатысып, кей азаматтар әлеуметтік желіге ҚДТ мен оның негізін қалаушы Мұхтар Әблязовты қолдайтын жазба жариялағаннан кейін күш құрылымдарының назарына іліккен.

Мұхтар Әблязов: режимді шетелден сынаушы оппозиционер

Бұрынғы банкир және бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Мұхтар Әблязов 2009 жылы өзі басқарған БТА банкі мемлекет меншігіне алынғаннан кейін Қазақстаннан кетіп, Еуропаға қоныстанған. Қазақстан билігі Әблязовты банктен миллиардтаған долларды заңсыз жолмен шетелге шығарған деп айыптайды. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл қудалаудың саяси астары барын айтады.

Көп жылдан бері Қазақстан Әблязовты экстрадициялауға қол жеткізе алмай келеді. 2011 жылы ол Ұлыбританиядан саяси баспана алған. 2012 жылы Ұлыбритания Жоғарғы соты Әблязовты банктен ақша жымқыру ісі бойынша сотқа құрметсіздік танытты деген айыппен түрме жазасына кесерден аз уақыт бұрын, ол елден қашып кеткен. 2014 жылы британ ақпарат құралдары Ұлыбритания билігі Әблязовты саяси баспанадан айыруды ұйғарғанын хабарлады. Ол кезде Әблязов 2013 жылы Интерпол ордерінің негізінде ұсталып (ордерге өтінішті бұрынғы банкирді ақша жымқырды деп айыптайтын Ресей берген) Францияда түрмеде отырған еді.

2014 жылғы қаңтарда Франция соты Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы өтінішті қанағаттандырған. Бірақ 2016 жылы желтоқсанда Францияның жоғарғы әкімшілік соты "істің саяси астары бар" деген себеппен Әблязовты Қазақстанға қайтару туралы қаулының күшін жойып, оны түрмеден босатты. Түрмеден шыққаннан кейін оппозициялық саясаткер ҚДТ қозғалысы құрылғанын мәлімдеді. 2018 жылғы қарашада Қазақстан соты Әблязовты "2004 жылы бизнес әріптесін өлтіруге тапсырыс берген" деген айыппен сырттай өмір бойына түрме жазасына кескен. Ол "сот үкімі негізсіз, ал қылмыстық іс саяси қызметім үшін өш алу мақсатында қолдан құрастырылған" деп есептейді. 2020 жылы күзде Париж Әблязовқа саяси баспана берді.

Алматыдағы "Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының басшысы, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның дерегінше, 2018-2019 жылдары Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-бөлімі бойынша 60-тан астам белсенді жауапқа тартылған. Олардың көбінің бостандығы шектеліп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салынған.

Төреғожинаның айтуынша, қудалау кезінде бірқатар белсенді "Көше партиясы" деп аталатын өз қозғалысын құрған. Қозғалыс бейбіт акциялар өткізуді қолға алған. Бірақ билік бұл бастамаға да тоқтау салып, 2019 жылы мамырда "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп таныды. Осыдан кейін қозғалыс жақтастары қылмыстық жауапкершілікке тартыла бастады.

"Біз экстремист емеспіз". Бес айдан бері қамаудағы белсендіні босатуды талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:06 0:00

Елдегі азаматтық белсенділердің жағдайына мониторинг жүргізумен айналысатын Төреғожинаның дерегінше, қазір 29 белсенді тергеу изоляторында не үйқамақта отыр. 250 белсенді күдікті, қорғану құқығы бар куәгер, қарапайым куәгер ретінде тергеуге шақырылып, қылмыстық іске қатысып жатыр.

– "Белсенділер – экстремист емес" деген істің аясында бүкіл елде 250 адам тергеуге алынған. Олардың саны күн өткен сайын көбейіп барады. Белсенділер билікке қауіп төндіреді деп ойламаймын. Олар өзін бейбіт ұстайды, билікке қояр сұрағы мен талабын үнемі қоғам алдында ашық айтады. Бұл биліктің Әблязов мырза мен оны қолдайтындарға қарсы күресіне ұқсайды. Яғни, көп жылдан бері Әблязовқа қарсы соғыс жүргізіп келе жатқан биліктегі адамдардың жеке есебі. Өкінішке қарай, белсенділер қос тараптың арасындағы соғыста "кепілге алынды", – деді Азаттыққа құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

"Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
"Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Кейінгі уақытта белсенді азаматтарды 405-бап қана емес, одан әлдеқайда ауыр 182-бап ("Экстремистік топ құру, басқару және оның қызметіне қатысу") бойынша қудалай бастады. Бұл бапта айыпты деп танылған азаматқа 10-17 жыл аралығында түрме жазасын беру қарастырылған. Төреғожинаның сөзінше, қазір аталған бап бойынша кемінде 14 адам жауапқа тартылып жатыр, олардың барлығы Алматыдан.

– Адамдар акциялар мен митингіге бірге қатысу үшін бес адамнан тұратын шағын топтарға біріге бастаған кезде билік басқаларды қорқыту үшін көшбасшыларын түрмеге жабу керек деп шешті. Олар осындай мақсатпен ғана азаматтарды 182-бап бойынша жауапқа тарта бастады, – дейді Бақытжан Төреғожина.

2021 жылғы 11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары туралы резолюция қабылдап, Орта Азиядағы бұл елде жағдайдың нашарлағанын мәлімдеді. Еуропарламент депутаттары ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарының жақтастарына "экстремизмге қарсы заңды қолдануды" сынап, Нұр-Сұлтанды "саяси плюрализм мен бәсекеге" жол ашуға үндеген. Құжатта депутаттар "Қазақстанда саяси астары бар істерді тоқтатып, негізсіз ұстау, репрессия мен қудалаудың барлық формасына тыйым салу керек" деп мәлімдеген.

Еуропарламентте резолюцияны талқылау кезінде депутат Ева Божена Копач "Барлық саяси тұтқын бостандыққа шығып, саяси астары бар соттар мен режимді сынаған азаматтарды қудалау тоқтамайынша, тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы шынайы мерекеге айналмайды" деп мәлімдеді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі резолюция қабылданғаннан кейін екі күннен соң Еуропарламенттің құжаты "тексерілмеген ақпаратқа" негізделген, "шынайы жағдайды бұрмалайды", оны дайындауға "ұстанымы теріс саясаткерлер" қатысқан деп хабарлады. Еуропарламент вице-президенті Хейди Хаутала Азаттыққа берген сұхбатында "резолюцияның артында ешқандай агрессивті күш жоғын", депутаттар бар болғаны, "адам құқығының ауыр жағдайына алаңдап отырғанын" айтты.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG