Accessibility links

Михаил Саакашвили аштықты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді


Михаил Саакашвилиді түрме ауруханасына ауыстырып жатқан сәт. 8 қараша 2021 жыл.
Михаил Саакашвилиді түрме ауруханасына ауыстырып жатқан сәт. 8 қараша 2021 жыл.

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили аштықты тоқтатады. Бұл жөнінде адвокаты Ника Гварамия хабарлады.

"Еуропаның Адам құқығы жөніндегі соты, сонымен бірге батыстағы әріптестеріміздің аштықты тоқтату жөнінде үндеуіне құлақ асуды жөн көрдім" деді Саакашвилидің мәлімдемесін оқып берген адвокат.

Саакашвили мәлімдемеде өзін емдейтін көпсалалы клиникаға ауыстыруды талап еткен.

Осыған дейін Еуропаның Адам құқығы жөніндегі соты Саакашвилидің түрме ауруханасынан жеке клиникаға ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмай, саясаткерді аштықты тоқтатуға үндеген еді.

Михаил Саакашвили қыркүйектің соңында – жергілікті атқару органын сайлау қарсаңында еліне оралған. Ол азаматтарды сайлауға баруға үндеп, сайлаудың ертесінде Тбилиси орталығына жиналуға шақырған. Алайда 1 қазанда қамауға алынып, саясаткер аштық жариялады.

8 қарашада Михаил Саакашвилиді Рустави түрмесінен Тбилисидің Глдани ауданындағы түрме ауруханасына ауыстырды. Ертесінде оппозиционердің жақтастары мен азаматтық белсенділер митинг өткізіп, Саакашвилиді жеке клиникаға ауыстыруды талап еткен. Ол жақта департаментпен келісім негізінде тұтқындарды емдейді.

10 қарашада Тбилиси қалалық сотында 2007 жылғы оппозиция митингісін тарату және "Имеди" телекомпаниясындағы бүлікке байланысты сот басталған. Алайда қылмыстық атқару қызметі Саакашвилиді денсаулығына байланысты сотқа жеткізуден бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG