Accessibility links

Министрлік тәуліктің энергияны көп пайдаланатын бөлігінде майнерлерді қуаттан ажырататынын айтты


Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов тәуліктің электр энергиясын көп пайдаланатын бөлігінде майнингпен айналысатын компанияларды тоқтан ажырататынын айтты.

"KEGOC тәуліктің электр энергиясын көп пайдаланатын бөлігінде шара қолданады. Тұтыну мөлшерін қалпына келтіру үшін халық емес, майнинг компанияларды тоқтан ажыратады" деді Мағауов жұма күні энергия жүйесі мәселелеріне арналған Сенат отырысында. Оның сөзінен Vlast сайты үзінді келтіреді.

Бұған дейін билік те, тасымалдаушы оператор да елдегі электр қуаты тапшылығын криптовалюта өндірісімен айналысатын майнерлердің күрт көбеюімен байланыстырған еді. Вице-министр жұма күні Қазақстан аумағында "заңсыз жұмыс істеп жатқан" 13 "сұр майнердің" анықталғанын хабарлады: 12-сі – Жамбыл облысында, біреуі Павлодар облысында анықталған. Олардың барлығы тоқтан ажыратылған.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, майнингке тоқтың көп керегі сонша – Қазақстандағы ірі "майнинг" фермаларының бірі тұтынатын электр энергиясы Қарағанды қаласын тұтас қамтуға жетеді. Vlast сайтының жазуынша, жұма күні KEGOC компаниясының өкілдері де Қазақстандағы энергия тапшылығын майнингпен байланыстырған.

Кейінгі кезде электр тапшылығы Қазақстанның кемінде алты өңірінде – Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент және Алматы қаласының түрлі аудандарында байқалған.

Энергетика министрлігі өкілдерінің айтуынша, ГРЭС-тердегі бірнеше энергоблоктарының іске қосылуы (Жамбыл ГРЭС-інің үшінші және төртінші энергоблогының іске қосылуы, Екібастұз ГРЭС-інде жөндеу жұмыстарының аяқталуы т.с.с) қыс кезінде үзіліссіз тоқпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ресми ақпарат бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда көмір электр станциялары – 66,9 млрд кВт (69%), газ электр станциялары – 18,9 млрд кВт (19,5%), гидроэлектр станциялары – 7,4 млрд кВт (8%), жасыл энергия көздері – 3,6 млрд кВт (3,5%) қуат өндірген.

Қарай отырыңыз: Қазақстандағы электр тапшылығы және майнер фермалар (10 қараша 2021 жыл).

Қазақстандағы электр тапшылығы және майнер фермалар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG