Accessibility links

"90-жылдарға қайтып келдік пе?" Қазақстанда майнер көбейген тұста жарық жиі сөне бастады


Қазақстандағы электр тапшылығы және майнер фермалар
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

Видео: Қазақстандағы электр тапшылығы және майнер фермалар

Қазақстанның бірнеше облысында жарық ауық-ауық сөніп қалатынды шығарды. Билік те, тасымалдаушы оператор да электр қуаты тапшылығын криптовалюта өндірісімен айналысатын майнерлердің күрт көбеюімен байланыстырады. Үкімет аса көп мөлшерде заңсыз тоқ пайдаланып, ахуалды ушықтырып отырған жасырын майнерлермен күресуге бекінді. Бірақ бұдан жұмысын адал атқаратын кәсіпкерлер де зиян шегуі мүмкін.

"3-4 КҮНГЕ ӨШІРІП ТАСТАЙДЫ"

2018 жылы 28 жастағы алматылық Ринат Мәліков әріптестерімен бірге Павлодардан 132 шақырым жердегі Екібастұз қаласына барып, криптовалюта өндіретін ферма салған. Инвестор тартып, он шақты жұмысшы жалдаған. Ринат майнингпен (mining) айналыса бастағанда Қазақстанда бұл салаға қызығатындар әлі көп емес еді.

Ринат Мәліков басқаратын Екібастұздағы майнинг фермасы.
Ринат Мәліков басқаратын Екібастұздағы майнинг фермасы.

Майнинг (mining) – аса күрделі алгоритмді орындау арқылы жаңа электрон монета өндіру процесі. Мұнымен айналысатын адамды майнер деп атайды. Олар криптовалюта шығарып, табыс табады.

Бұл іске аса қуатты компьютерлер, жылдам істейтін интернет және өте көп электр қуаты қажет. Ринаттың фермасында үш жыл бойы мұның бәрі болды. Соның арқасында компания тоқтаусыз жұмыс істеп, қазір қызметкер саны 150 адамнан асқан.

Бірақ биыл қазан айында ферма күтпеген қиындыққа тап болды.

Екібастұздағы майнинг фермасының директоры Ринат Мәліков.
Екібастұздағы майнинг фермасының директоры Ринат Мәліков.

– Күн сайын бізге тоқ беруді шектей бастады. Электр қуаты тапшы болып жатқанда тіпті 3-4 күнге өшіріп тастайды. Қалада тұтыну көлемі ұлғайып, тоққа сұраныс артқанда бізге аз-аздан жібереді. Ал майнингке тәулік бойы электр энергиясы қажет, – дейді Мәліков.

Майнингке тоқтың көп керегі сонша – Қазақстандағы ірі "майнинг" фермаларының бірі тұтынатын электр энергиясы Қарағанды қаласын тұтас қамтуға жетер еді.

Қазақстанда кейінгі кезде тоқты жария да, жасырын жолмен де аса мол пайдаланатын майнерлердің күрт көбеюі елдегі электр энергиясы дағдарысының негізгі себебіне айналған сыңайлы.

"ТАС ҒАСЫРЫ МА?"

"1991-1992 жылдарға қайтып келдік пе? Не болып жатыр өзі?" дейді Гүлнәр Сәрсенбай.

Қызылорда тұрғыны қаланың "сол жағалау" аталып кеткен бөлігінде жарық жоғына ашулы. "Жылу газды пештен болғандықтан, жылу да жоқ. Сұрасақ, "электр үнемдеу үшін жасалған" дейді. Қазіргі уақытта тұмау ушығып, балалар ауырып жатыр, жылусыз қалай болмақ?" дейді тұрғын.

Әлеуметтік желіде бірнеше қалада тоқ жиі сөніп қалатынын айтқан адамдардың арыз-шағымын табу қиын емес.

Кейінгі кезде электр тапшылығы Қазақстанның кемінде алты өңірінде – Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент және Алматы қаласының түрлі аудандарында байқалған.

"Бұл қай ғасыр? Тас ғасыры ма? Дамыған 30 елдің төріне шықпақ Қазақстанның ауданы мен ауылында жарық жоқ. Бұл қалай болғаны?" деп жазады Шымкент тұрғыны.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстандағы электр энергиясының негізгі тасымалдаушысы – KEGOC ұлттық компаниясы 4 қарашада жарық ара-тұра сөнуі мүмкін екенін ескерткен.

"Қазіргі уақытта электр станцияларындағы энергия қондырғылардың едәуір бөлігі апаттық және жоспардан тыс жөндеуде тұр" деп жазады компания. "Мұндай күрделі жағдайға электр энергиясын тұтынудың жоғары қарқынмен өсуі себеп" дейді KEGOC.

Әдетте Қазақстанда электр қуатына сұраныс жыл сайын ары кетсе екі пайызға артатын. Ал биыл он айда, энергетика министрлігі дерегінше, тұтынылған энергия бірден сегіз пайызға көбейген. Қыстыгүні сұраныс одан сайын артады. Энергетика саласы сарапшысы Жақып Хайрушев Азаттыққа "тұтыну қарқыны дәл осылай кетіп, билік ешбір шара қабылдамаса, Қазақстан жарықсыз қалуы мүмкін" дейді.

2 қарашада KEGOC Қазақстанда "биыл қараша-желтоқсанда 900 миллион киловатт/сағат тоқ дефицит болуы мүмкін" деп мәлімдеді. Бірақ үш күннен соң, 5 қарашада энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков елде "дефицит барын" жоққа шығарды.

Ал осы тұста Қазақстан тапшылық кесірінен Ресейдегі электр қуатын өндіретін мемлекеттік компаниядан электр энергиясын сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатқаны белгілі болды. Электр қуатын тасымалдау тап сол – KEGOC дефицит болады деп жоспарлаған екі айда атқарылмақ. Вице-министр Жүребеков мұны "әдеттегі шаруа" деп сипаттады.

КІМ КІНӘЛІ?

Билік те, электр энергиясын тасымалдаушы негізгі оператор да тоқ тапшылығын майнингпен айналысатындардан көреді.

Қазақстанда ресми тіркелген 50 шақты майнинг фермасы бар. Билік олардан қауіптенбейді, заң аясында істеп жатқан олардың жұмысына кедергі келтірмейді. Мұндай кәсіпкерді "ақ майнер" деп атайды.

Екібастұздағы майнинг фермасы.
Екібастұздағы майнинг фермасы.

Бірақ Қазақстанда заңсыз түрде жұмыс істеп жатқан майнер де көп. Олар бұрын ашылған кез келген өндірістің, мысалы кірпіш зауытының атын жамылады да, ғимарат ішін техникаға толтырып тастайды. Сөйтіп электр энергиясын аса көп пайдаланып, тәулік бойы тоқтаусыз криптовалюта өндіреді. Майнер екенін билікке де, тоқ тасымалдаушы операторға да ашық айтпайды, салық төлемейді. Ондайларды "сұр майнер" деп атайды.

Жергілікті халыққа тоқ тапшы болып жатқанда электр тасымалдаушы операторлар ресми тіркелген майнерлерді уақытша өшіріп, оларға тоқ жіберу кестесін өзгерте алады. Бірақ сұр майнерлер басқа бір өндірістің атын бүркеніп жұмыс істейтіндіктен, оларды шектеу мүмкін емес. Анықтау да қиын. Себебі сұр майнердің ірісі де, ұсағы да бар. Кейбірі электр энергиясын аса көп тұтынбауы да мүмкін, бірақ жасырын майнер көп болса, жұртқа тоқ жетпей, тапшылық туады.

Блокчейн және дата-орталықтар индустриясы ұлттық қауымдастығы президенті Алан Доржиевтің Азаттыққа айтуынша, сұр майнерлер ресми тіркелген майнерден де көп деген болжам бар.

– Олар шалғай елдімекендерде жасырынып алып, энергетика жүйесінің жоспарын бұзады, – дейді ол.

Екібастұздағы электр желісі. 7 қараша 2021 жыл.
Екібастұздағы электр желісі. 7 қараша 2021 жыл.

Қарашаның басында энергетика вице-министрі Жүребеков заңсыз майнингпен айналысатындар "ай сайын көбейіп жатқанын" айтты. Нұр-Сұлтан майнерлердің Қазақстанға ағылуын Қытайдың өз аумағында майнингпен айналысуға тыйым салуымен байланыстырады.

Кейінгі кезде криптовалютаға қатысты саясатын ұдайы қатаңдатып келе жатқан Пекин биыл күзде майнерлер жұмысына түбегейлі шектеу қойды. Бұдан соң майнерлер көрші елдерден, әсіресе Қазақстаннан пана іздей бастады. Мысалы, биыл маусым айының аяғында алғашқылардың бірі болып Bit Mining компаниясының 320 майнері Қытайдан Қазақстанға қоныс аударды.

Содан бері майнер көші тоқтаған жоқ. Басылымдар дерегінше, Қытайдан Қазақстанға 50 шақты майнинг ферма көшіп келген.

Осылайша, күзде Қазақстан, Кембридж университетінің зерттеуінше, криптовалюта өндіру бойынша әлемде екінші орынға шықты. Қазір елдің әлемдік майнингтегі үлесі 18 пайыздан асады. Бірінші орында – АҚШ, үшінші орында Ресей тұр.

Қытайдан ағылған фермалар мен Қазақстанда сұр майнер көбейгені туралы екі хабар бір уақытта тарады.

"ИНВЕСТОРЛАР АҚШАСЫ КҮЙЕДІ"

Қазақстан заңнама жағынан да, электр энергиясының қоры бойынша да майнерлер легіне дайын болмай шықты.

Нарыққа сұр майнерлер жаппай кіріп, электр энергиясын талан-таражға салып жатқан тұста Қазақстан билігі ресми тіркелген майнерлер жұмысын енді реттеп жатыр еді.

Биыл жаздан бері парламент депутаттары ресми тіркелген майнерлер жұмысы бойынша бірнеше рет сауал көтерді.

Шымкент көшелерінің бірі.
Шымкент көшелерінің бірі.

Мәселен, маусымда мәжіліс депутаты Альберт Рау "майнерлер көп табысқа кенеледі де, бізге түк те қалдырмайды, бюджетке ештеңе төлемейді" деп мәлімдеді. Ал қазан айының басында депутат Жамбыл Ахметбеков майнерлерден Қазақстанға "түк пайда жоғын" айтып, оларды арнаулы есепке алып, тоқты басқаша тарифпен сатуды ұсынды.

Қазір ресми тіркелген майнер салықты жеке кәсіпкер ретінде төлейді. Салық жүйесінде оларға арнаулы санат жоқ. Бірақ 2022 жылдың қаңтарынан бастап бұл өзгереді. Биыл маусым айының аяғында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салық кодексіне цифрлық майнингке қатысты өзгеріс енгізетін заңға қол қойған. Заң бойынша, майнер тоқсан сайын тұтынған электр энергиясы мөлшеріне қарай салық төлеуге міндеттеледі.

Майнер жұмысын қадағалауға тырысқан билік мұнымен тоқтаған жоқ.

15 қазанда энергетика министрлігі "Цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыратын тұтынушылардың электр қондырғыларының кейбір мәселелері туралы" заң жобасын көпшілік талқысына шығарды. Құжатта энергетика министрлігі майнинг құрылғылары тұтынатын электр энергиясын екі жылға 100 мегаватқа дейін шектей алады деп жазылған.

Осы заң жобасынан кейін биліктің бұл әрекеті сұр майнермен күрес емес, ресми тіркеліп, адал істейтін фермалар жұмысын шектеуге әкеліп соға ма деген алаңдаушылық туды.

Блокчейн және дата-орталықтар индустриясы ұлттық қауымдастығы "Криптомайнинг нарығына берілетін электр энергиясын азайту майнерлердің шетелдік инвестор тарту бойынша көп жылғы жұмысын зая кетіріп, Қазақстан экономикасына қаржының келуіне әсер етеді" деп мәлімдеді.

Ресми жұмыс істейтін майнерлердің 70 пайызы кіретін бұл қауымдастық депутаттардың "майнерлерден табыс жоқ" дегенімен келіспейді. Энергетика министрлігі дерегінше, ресми тіркелген майнерлерден бюджетке жылына 127,5 миллиард теңге (300 миллион долларға жуық) түседі. Қауымдастық жетекшісі Алан Доржиевтің сөзінше, сұр майнерлер анықталса, бюджетке түсетін қаржы бұдан екі есе көп болуы мүмкін.

Екібастұздағы майнинг фермасы.
Екібастұздағы майнинг фермасы.

Екібастұзда ресми тіркелген майнинг фермасы директоры Ринат Мәліков үкімет қабылдап жатқан шаралар ақ майнерге кесірін тигізе ме деп алаңдайды.

– Біз криптомайнинг фермасын салу кезінде қазақстандық мамандарды тартамыз, қазақстандық құрал-жабдықты пайдаланамыз, жергілікті мамандарды үйретіп, жұмыспен қамтимыз. Жалпақ тілмен айтқанда, Қазақстан біздің жұмысымыздан тек пайда көрмесе, ешқандай зиян шегіп отырған жоқ, – дейді ол.

"Қазақстанға майнер көп келуі – уақытша құбылыс" деген пікір де бар. Beincrypto сайты "Қазақстан – ірі майнинг фермаларының Батысқа миграциясы кезіндегі аялдаманың бірі" деген сарапшы пікірін келтіреді. Бірақ жергілікті ферма жетекшісі басқа елге көшу ойы жоғын айтады.

– Осыған қаншама уақыт жұмсап, қанша тер төктік. Өз басым мемлекет дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенемін, – дейді Мәліков.

Энергетика министрлігі "сұр майнерлердің электр қуатын пайдаланып жатқанына құр қарап отыра алмаймыз" деп мәлімдеген. Бірақ осыған дейін ведомство әлдебір заңсыз ферманы анықтағаны туралы ақпарат таратқан емес. Заңсыз жұмыс істеген қанша майнер ұсталды, оларға қандай шара қабылданады деген Азаттықтың ресми сауалына министрлік мақала жарияланғанға дейін жауап бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG