Accessibility links

"Әбден ығыр қылды". Жарығы жиі өшетін ауыл халқының жанайқайы


Қарағанды облысы Ғабиден Мұстафин атындағы ауылда электр желісі қатты жел, жаңбыр мен боранды көтере алмайды. Осыған қарамастан, ауыл халқы электр жарығына қала тұрғындарына қарағанда көбірек ақша төлейді.
Қарағанды облысы Ғабиден Мұстафин атындағы ауылда электр желісі қатты жел, жаңбыр мен боранды көтере алмайды. Осыған қарамастан, ауыл халқы электр жарығына қала тұрғындарына қарағанда көбірек ақша төлейді.

Электр энергиясын берудегі ақаулар, жиі жанып кете беретін тұрмыстық техника мен қараңғыда сабақ оқу қазіргі кезде Қазақстан ауылдарында әдеттегі жағдайға айналған. Билік жарық мәселесін электр желісінің ескіруімен байланыстырады, ал сарапшы кінәні әлсіз мемлекеттен іздейді.

"ҚАШАНҒЫ ТӨЗУГЕ БОЛАДЫ?"

Бұқар жырау ауданындағы Ғабиден Мұстафин атындағы ауыл – Қарағанды облысындағы Теміртау қаласына жақын орналасқан ірі елдімекендердің бірі. Ауыл тұрғындары электр энергиясының нашар берілетінін, жарық жиі өшетінін айтады. Электр желісі қатты жел, жаңбыр мен боранды көтере алмайды. Осыған қарамастан, ауыл халқы электр жарығына қала тұрғындарына қарағанда көбірек ақша төлейді.

Кернеу әлсіз болғандықтан үйдегі шамдар да зорға жанады, ал бағасы қымбат.

– Жел тұрса болды, жарық өшіп қалады. Бізде қазандық, насос – бәрі электр қуатымен жұмыс істейді. Жарық сөнгенде насос істемей қалса, пешті де өшіруге тура келеді. Кернеу әлсіз болғандықтан үйдегі шамдар да зорға жанады, ал бағасы қымбат, – дейді жергілікті тұрғын Жалил Миникеев.

Ғабиден Мұстафин атындағы ауылдың тұрғыны Жалил Миникеев.
Ғабиден Мұстафин атындағы ауылдың тұрғыны Жалил Миникеев.

– Шәйнек пен қысқа толқынды пешті қатар қоссам, пеш мүлде жылытпайды. Сепаратор да бар күшімен жұмыс істей алмайды. Титан (су жылытқыш – ред.) да суды зорға жылытады. Ай сайын жарыққа 15 мың теңгеге жуық төлеймін, бұл ақша жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады, – дейді ауыл тұрғыны Юлия Малышева.

Қарағанды облысы Осакаров ауданының тұрғындары да электр энергиясының нашар берілуі мен тарифтің қымбаттығына шағынады. Ауыл белсенділері электр энергиясын жеткізуші компаниялар халықты жарықпен дұрыс қамтамасыз етпейтінін айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған еді. Бірақ әзірге президенттен ол хатқа жауап не қандай да бір реакция болған жоқ. Аудан тұрғындары осыған дейін электр жарығының бағасын бірнеше рет көтерген "Жезқазған энергосбыт" компаниясын сотқа берген. Компания тарифті 8,02 теңгеден (1 кВт/cағ) 19,37 теңгеге дейін өсірген. Сот компанияның әрекетін заңсыз деп танып, бірнеше жыл бойы тарифке қосылым келген үстеме ақшаны (миллиард теңгеден астам) тұтынушыларға қайтаруға міндеттеді. Бірақ тұрғындардың көбі әлі күнге ақшасын алмапты. 2020 жылдың 1 маусымынан бастап "Жезқазған энергосбыт" Осакаров ауданына электр жарығын беруді тоқтатқан. Оның орнына ауданға басқа үш компания келді.

– Аудандық желі де, подстанция да – біреу, ал елдімекендегі тариф әртүрлі: электр жарығының құны 1 кВт/cағ үшін 18,70 – 19,71 теңгенің аралығында өзгеріп тұрады. Осындай шағын ауданға неге бірнеше ұйымды жібереді? Электр желісін бөліске салмай, бір компанияның қолына беру керек. Сол кезде тәртіп орнайды. Желіні қамтамасыз ету міндетін жекеменшік компаниялар емес, мемлекет қолына алсын. Болмаса, мемлекеттік органдар қатаң бақылау орнатсын, – дейді Осакаров ауданы тұрғындары құрған бастамашыл топтың мүшесі Данен Бейсембаев.

Ғабиден Мұстафин атындағы ауылдағы электр энергиясы трансформаторы. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы.
Ғабиден Мұстафин атындағы ауылдағы электр энергиясы трансформаторы. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы.

Электр желісінде жиі кездесетін ақаулар мен тұрмыстық техниканың жанып кетуі мәселесімен астанадан 60 километр жерде орналасқан Нұра ауданы Ахмет ауылындағы тұрғындар да жақсы таныс.

Жарық жоқ кезде суымыз да болмайды. Қанша жерге бардық, бірақ пайда жоқ.

– Жарықты күн сайын өшіреді. Мұның себебін ауылдағы трансформаторлар мен желі әбден ескірген деп түсіндіреді. Астанаға жақын тұрсақ та, кейде күніне бірнеше рет жарықсыз отырамыз. Жарық жоқ кезде суымыз да болмайды. Қанша жерге бардық, бірақ пайда жоқ. Электр құралдары жиі жанып кете береді. Жақында үйімнен өрт шыға жаздады: жарықты бірден жағып өшірген кезде, екі шам жанып кетті. Қатты қорқып қалдым. Билік бізге назар аударсын, бұған қашанғы төзуге болады? – дейді Ахмет ауылының тұрғыны Любовь Битнер.

Бұл – электр энергиясын жеткізу көкейкесті мәселе болып отырған бірнеше елдімекен ғана. 2020 жылы 1 шілдеден бастап энергетика министрінің "Электр энергиясына шекті тариф бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, Қазақстандағы жылу электр станцияларына арналған тариф өскен. Осыдан кейін электр жарығымен қамтамасыз етуші ұйымдар да тарифті қымбаттатуға өтініш берген.

БИЛІК: "ЖЕЛІНІҢ 50-80 ПАЙЫЗЫ ТОЗҒАН"

Қазақстандағы ең ірі аймақ саналатын, инженерлік желі, стратегиялық нысандар мен өндірістік кәсіпорындар көп шоғырланған Қарағанды облысының билігі электр желісінің тозығы жеткенін мойындап отыр. Электр қуатын жеткізуші ұйымдардың дерегінше, орташа алғанда желінің 58 пайызы тозған. Бұл көрсеткіш Балқаш қаласында – 80 пайыз, ал Шет ауданында – 77 пайыз.

Желінің көбі әбден тозған, оларды ауыстырып, реконструкциядан өткізу керек.

– Электр желісінің көбі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Желінің көбі әбден тозған, оларды ауыстырып, реконструкциядан өткізу керек. Өңірдегі электр желісіне түгелдей жекеменшік компаниялар иелік етеді. Облыс аумағында электр энергиясын жеткізумен айналысатын 35 ұйым жұмыс істейді. Бұл республикадағы ең ірі көрсеткіш, – дейді Қарағанды облыстық энергетика басқармасының өкілі.

Биліктің дерегінше, электр энергиясын жеткізумен айналысатын компаниялар өз инвестициялық бағдарламалары есебінен электр желісін жартылай жаңартып, жөндеп, модернизация жасап тұрады. Биыл осы мақсатқа 5,7 млрд теңге инвестиция бөлінген. Компаниялар бұл қаржыға 1,501 км электр желісін жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр.

Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда орташа есеппен алғанда электр желісінің 60 пайызы тозған. Электр желісінің көп бөлігі ескірген өңірге Шығыс Қазақстан облысы (81 пайыз), Батыс Қазақстан облысы (80 пайыз), Қостанай облысы (74 пайыз) жатады. Энергетика министрлігі "Қазақстандағы электр желісін жөндеуге қанша қаржы керек? Мұндай есеп жүргізілген бе?" деген сұраққа жауап бермеді.

Қазақстандағы электр желісінің негізгі бөлігі электр энергиясын жеткізуші ұйымдардың балансында.

– Электр желісінің көбі өткен ғасырдың 70-жылдары салынғандықтан әбден ескіріп, тозған. Қазір желіні модернизациялау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ескірген электр желісі мәселесін бюджеттен қаржы бөлу немесе табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасы есебінен қаржыландыру сияқты екі жолмен шешуге болады. Қазақстандағы электр желісінің негізгі бөлігі электр энергиясын жеткізуші ұйымдардың балансында. Бұл ұйымдардың көбі – жекеменшік компаниялар. Сондықтан министрлік электр желісін дамыту және модернизациялау бағдарламаларына бюджеттен қаржы бөле алмайды, – деді энергетика министрлігі өкілдері Азаттық тілшісіне.

Энергетика министрлігі тұрғын үйлердегі тұтынушылардың бәрі электр энергиясымен қамтылғанын, тек шалғайдағы шаруа қожалықтарында ғана жарық жоғын айтады.

САРАПШЫ: МӘСЕЛЕ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ӘЛСІЗ ПОЗИЦИЯСЫНДА

Сарапшы, кәсіби энергетик Әсет Наурызбаев Азаттықтың "Электр желісінің жекеменшік компанияның иелегінде болғаны дұрыс па?" деген сұрағына "жекеменшік компания мемлекетке қарағанда өз активіне жақсырақ қарайды" деп жауап берді.

Тарифті тікелей реттеу – жемқорлыққа бейім саланың бірі. Әр артық тиыннан табиғи монополия иесі миллиондаған, миллиардтаған теңге пайда көреді. Мұнда жемқорлық қаупі аса жоғары.

– Кәсіпорынды тек уақытша табыс тауып, тастап кету үшін пайдаланатындар болмаса, шынайы меншік иесі өз активіне ұқыпты қарайды. Бірақ меншік иесі – капитализм жыртқышы, оған дәл солай қарау керек. Қазір мемлекеттің қолында тарифті реттеу деген жалғыз құрал ғана бар. Бұл реттеудің несі дұрыс емес? Тарифті тікелей реттеу – жемқорлыққа бейім саланың бірі. Әр артық тиыннан табиғи монополия иесі миллиондаған, миллиардтаған теңге пайда көреді. Мұнда жемқорлық қаупі аса жоғары. Дамыған елдерде мұндай қауіптің алдын-алу үшін тарифті арнаулы сарапшылардың қатысуымен ашық талқылау, шығындарды бекіту әдістемесін жемқорлығы аз тәсілдерге өзгерту сияқты амалдар қолданылады. Табиғи монополияның тарифі инфляция бойынша өсуі керек. Ал меншік иесінің табысы табиғи монополист қызметін пайдаланатын тұтынушыларының көбеюіне және шығынды азайтатын технологиялардың дамуына тәуелді. Сондықтан мәселе меншік иесінде емес. Бар мәселе мемлекеттің жыртқышпен диалогта ұстанған әлсіз позициясында болып отыр, – дейді сарапшы Әсет Наурызбаев.

Бұқар жырау ауданындағы электр желісі бағандары. Қарағанды облысы, 25 қыркүйек 2020 жыл.
Бұқар жырау ауданындағы электр желісі бағандары. Қарағанды облысы, 25 қыркүйек 2020 жыл.

Сарапшының пікірінше, ескірген желі мәселесі меншік құқығын мемлекетке беру арқылы шешілмейді. Мемлекеттік бақылаушы органдар электр энергиясы нысандарының техникалық жағдайын бақылауда ұстауы керек. Меншік иесі желіні дұрыс күйінде сақтамаса, оларға айыппұл салынуы тиіс. Сарапшы айыппұл көбейсе, меншік иесі банкрот болып, активтер жаңа иегерге өтеді дейді. Ал мемлекет электр энергетикасындағы активтердің білікті инвестордың қолына өтуін қадағалауы керек. Сарапшы электр желілерінің ескіруін "меншік иесінің компаниядан қаржы алуынан" көреді.

Наурызбаев электр энергиясы тарифін бекітуге қоғам өкілдері де қатысуы керегін, бірақ қазір азаматтардың бұл процеске араласпайтынын айтады.

Азаматтардың міндеті – монополистерді азаматтық бақылауға алу. Жұрт өз ақшасын мұқият қадағалауға көңіл бөлгені жөн.

– Қызмет сапасы бағаға сәйкес келе ме, жоқ па, оны білмейміз. Біз қызмет сапасы туралы дерек жинамаймыз. Бұл да – әлсіз мемлекеттің мәселесі. Электр желісінің иесіне арналған талаптардың ішіне көрсетілетін қызметтерге мониторинг жүргізу туралы талапты қосу керек. Сонда тұтынушы "инвестицияның орнына тариф" деген келісімдерді түсінетін болады. Қазір нарықтың маңызды қатысушысы саналатын тұтынушы тариф белгілеу процесіне араласпайды. Азаматтардың міндеті – монополистерді азаматтық бақылауға алу. Жұрт өз ақшасын мұқият қадағалауға көңіл бөлгені жөн. Біз тарифті бекіту процесін бақылауда ұстауымыз қажет, – дейді Әсет Наурызбаев.

Қазақстандық сарапшылар тарифтер жөніндегі азаматтық кеңес құрған. Олар қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамайтын азаматтарды бақылау топтарына бірігуге шақырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG