Accessibility links

Жаңа Тихоновка халқы қаржысына тартқызған интернеттен қалай айырылды?


Кесілген бағана. Жаңа Тихоновка ауылы, Қарағанды облысы. 26 қыркүйек 2020 жыл.
Кесілген бағана. Жаңа Тихоновка ауылы, Қарағанды облысы. 26 қыркүйек 2020 жыл.

Қарағанды облысындағы Жаңа Тихоновка ауылы жаңа оқу жылы басталған шақта интернетсіз қалды. Өңірге жарық беретін компания тұрғындардың өз қаржысына тартқан желісін заңсыз деп тапқан.

ЖАҢА ТИХОНОВКАҒА ЖЕТІП, ҚАЙТА ЖОҒАЛҒАН ИНТЕРНЕТ

Қарағандыдан бірнеше километр жерде орналасқан Жаңа Тихоновка ауылында санаулы үй ғана су құбырына қосылған, ал кәріз жүйесі мүлде жоқ. Ауылдағы құдықтан алған суды қайнатса, құрамы цементке ұқсайтын қақ тұрады. Сондықтан тұрғындардың көбі ауыз суды сатып алады.

Әйткенмен интернет пен кабельді телевизия сияқты өркениет игілігіне жергілікті халықтың да қолы жеткен. Тұрғындар өздері ақша шығарып, телекоммуникациялық компания ауылға желі тартып берген.

Ауыл халқы ғаламдық технологиялық революция жетістігін төрт жыл пайдаланды. Бірақ коронавирус пандемиясы мен қашықтан оқу кезінде Жаңа Тихоновканы ғаламтордан ажырап қалды.

Колледжде оқитын Валерий Мамченко үйде онлайн-сабақта отырған кезде интернеті ажырап қалғанын айтады.
Колледжде оқитын Валерий Мамченко үйде онлайн-сабақта отырған кезде интернеті ажырап қалғанын айтады.

– 25 қыркүйек, жұма күні онлайн-сабақ өтіп жатқанда байланыс жоғалып кетті. Жетекшім хабарласып, неге сабақтан шығып кеткенімді сұрап, сөге бастады. Интернетті өшіріп тастағанын айттым. Қарағандыда тұратындар қалаған интернетін таңдап қостыра алады, ал бізде жалғыз интернет қана болған, енді ол да жоқ, – дейді колледж студенті Валерий Мамченко.

Қаладағылар қалаған интернетін қостыра алады, ал бізде жалғыз интернет болған, енді ол да жоқ.

Жаңа Тихоновканың тағы бір тұрғыны, тоғызыншы сыныпта оқитын Дмитрий Кривцов балдаққа сүйеніп жүреді. Жақында аяғын сындырып алған. Енді ұзақ уақыт көп қозғалмай, жақсылап күтінуі керек. Анасының айтуынша, Дмитрийге сабаққа баруға рұқсат берілген күннің өзінде ештеңе өзгермес еді. Өйткені мектеп алыс, оған автобуспен не таксимен жету керек. Балдақпен жүрген жасөспірім автобусқа міне алмайды, ал мектепке күнделікті таксимен баруды отбасы бюджеті көтермейді.

– Біз онсыз да телефонмен оқып жүрміз. Бірақ бұл өте ыңғайсыз: нашар көрінеді, өте баяу жүктеледі, күніне бірнеше рет үзіліп қалады. Кейде толық қосылмайды – бұлай оқу мүмкін емес. Телефон ол бағдарламаларды көтермейді. Балам сабақ қарап отырған кезде интернетте үш-төрт рет ақау болады. Ал конференцияға қосылу тіпті мүмкін емес, – дейді Дмитрийдің анасы Елена Гаймальдинова.

Ауылда Дмитрий мен Валерий сияқты оқушылар мен студенттер аз емес. Ата-анасы пандемия мен онлайн-дәрістер кезінде онсыз да оқуы қиындаған балалар енді білімнен мүлде мақұрым қалғанын айтады.

АУЫЛДЫ ИНТЕРНЕТТЕН НЕГЕ АЖЫРАТТЫ?

Ауылдағы интернетті жарық жеткізетін "Қарағанды-Жарық" компаниясы өшірген. Компания ауылға интернет желісі рұқсатсыз тартылған деп есептейді. Басында аталған компания электр желісі бағандарымен тартылған сымды алып тастады. Тұрғындар олардың біразын провайдердің көмегімен басқа ескі бағандарға қайтадан тартып шыққан еді. Бірақ бірнеше айдан кейін ол желіні де қиып, бағандарды қазып алып кетті.

Желі тартылған бағанды қопарып жатқан кран. 25 қыркүйек 2020 жыл.
Желі тартылған бағанды қопарып жатқан кран. 25 қыркүйек 2020 жыл.

"Қарағанды-Жарық" компаниясы тартылған кабельді алып тастау үшін Жаңа Тихоновка ауылына интернет жүргізген "KazTransNet" провайдерін сотқа берген. Компания арызында провайдер тартқан оптикалық желі қауіп төндіреді деген уәж айтқан.

"KazTransNet" болса электр жарығы тартылған бағандардың "Қарағанды-Жарық" компаниясына тиесілі емесін, сондықтан кәсіпорынның бірнеше жыл бұрын тартылған желіні алып тастауға құқығы жоғын мәлімдеген.

Сот ауыл тұрғындары мен провайдердің өтінішін қанағаттандырмады. 19 тамызда шығарған шешімінде сот оптикалық-талшық желісін алып тастауды бұйырды. "Қарағанды-Жарық" компаниясы электр сымы тартылған бағанға интернет желісін қатар тарту қауіпті екенін айтады.

– Қазір компания бағандарынан рұқсатсыз тартылған желіні алып тастау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл не үшін керек? Біріншіден, интернет-провайдер қызметкерлері электр бағандарына желіні тарту және жөндеу жұмысы кезінде басын қатерге байлайды. Екіншіден, екі желіні қатар жүргізу электр жарығымен қамтамасыз ету қызметіне қауіп төндіріп, апатқа апарып соғуы мүмкін. Үшіншіден, бағанға сырты қапталмаған сымды қоса тартуға болмайды, – дейді энергия жеткізуші компанияның өкілі.

"БҰЛ КІМНІҢ БАҒАНЫ?"

Бірақ тұрғындардың айтуынша, жарық компаниясы бірінші рет қиылғаннан кейін ескі бағандарға қайта тартылған кабельді бағанымен қоса алып кеткен. Ауыл жұрты бағандар өзімізге тиесілі деп санайды. "Қарағанды-Жарық" ол сөзге келіспейді.

26 қыркүйекте Жаңа Тихоновкада бір топ тұрғын жиналып, наразылық білдірді.

Жергілікті тұрғындар оқу жылы басталған кезде жарық компаниясының желіні үзіп, бағандарды қопарып, ауылды интернеттен ажыратып тастағанына наразылық білдіріп тұр. Жаңа Тихоновка, Қарағанды облысы, 26 қыркүйек 2020 жыл.
Жергілікті тұрғындар оқу жылы басталған кезде жарық компаниясының желіні үзіп, бағандарды қопарып, ауылды интернеттен ажыратып тастағанына наразылық білдіріп тұр. Жаңа Тихоновка, Қарағанды облысы, 26 қыркүйек 2020 жыл.

– Сайлау бола қалса, адамдарға таңдау жасап, дауыс беріңдер деп шығады. Ал адамдардың мәселесіне келгенде, дым да жоқ. Біз шалғай ауданда емес, қалаға жақын тұрамыз ғой. Салық пен коммуналдық төлемді төлеп отырмыз. Соған қайтарған жауабы осы ма? Біздің тартқан желіні бүкіл коммуникациямен қоса қиып тастады. Үйде өз мүлкін қорғауға шамасы жетпейтін балалар мен қарттар ғана болғанын пайдаланып кетті, – дейді ауыл тұрғыны Лариса Колосовская.

Сайлау бола қалса, адамдарға таңдау жасап, дауыс беріңдер деп шығады. Ал адамдардың мәселесіне келгенде, дым да жоқ.

Тұрғындар бұл мәселеге араласуды сұрап, мемлекеттік органдардың бәріне жүгінетінін айтады. Олар облыстық бірыңғай үйлестіруші орталық пен білім бөліміне хат жазған. Қазір жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен прокуратураға шағым дайындап жатыр.

– Коронавирус кезінде қашықтан оқу форматына көшкен балаларымыз қалай оқиды? Үйден жұмыс істеуге көшкен қызметкерлер қайтпек? Онлайн-қызметті, анықтама мен басқа құжатты қалай аламыз? Сондықтан бүкіл ауыл бірігіп, бұл егер биліктің қолынан келмесе, халықты интернетпен қамту мәселесін өзіміз шешеміз деп ұйғардық, – дейді ауыл тұрғыны Мария Фатеева.

Жергілікті тұрғын Мария Фатеева үйіне интернет пен телевизия байланысы келіп тұрған желіні үзіп, бағанды бұзып алып кеткенін айтып. Жаңа Тихоновка, Қарағанды облысы, 26 қыркүйек 2020 жыл.
Жергілікті тұрғын Мария Фатеева үйіне интернет пен телевизия байланысы келіп тұрған желіні үзіп, бағанды бұзып алып кеткенін айтып. Жаңа Тихоновка, Қарағанды облысы, 26 қыркүйек 2020 жыл.

Қарағанды әкімдігі интернет желісінің бірінші рет қалай қиылғанынан ғана хабардар екенін айтады.

– Бұл мәселені қарап, компаниялармен сөйлесеміз. Әзірге бұл іс-әрекет тоқтатылды. Бағандардың кімге тиесілі екенін, бұл істің заңдылығын тексереміз. Оның үстіне қазір оқу процесі жүріп жатқанын білеміз, сондықтан балама жолын қарастырып көреміз, – деді Қарағанды қаласы әкімінің аппаратына қарасты тұрғын үй-коммункалдық шаруашылық мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы Дәулет Маханов.

Мәселенің жай-жапсарын анықтауға қанша уақыт кетері белгісіз. Әзірге тараптар ескі бағандардың иесі кім екенін анықтауға тырысып жатыр, ал Жаңа Тихоновка балалары интернетсіз отыр. Олардың бірі Қарағандыдағы туыстарын сағалап оқу оқыса, қалғаны үйде смартфон арқылы білім алып жүр.

Үзілген кабельдің қалғанын жинап, шарбаққа іліп қойған. Жаңа Тихоновка, Қарағанды облысы, 26 қыркүйек 2020 жыл.
Үзілген кабельдің қалғанын жинап, шарбаққа іліп қойған. Жаңа Тихоновка, Қарағанды облысы, 26 қыркүйек 2020 жыл.

Білім басқармасының дерегінше, Қарағанды облысында 204 мың мектеп оқушысы бар. 183 елдімекенде тұратын 12 мың оқушы интернетке қолы жетпегендіктен (кей ауылда интернет сапасы нашар, кей жерде интернет тек мектепте ғана бар) пандемия кезінде мектепке барып оқуға мәжбүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG