Accessibility links

Қазақстанда коронавирус жұққан 3685 адамның өлімі Covid статистикасына енгізілмеген


Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл. Азаттық зерттеуі зиратта ресми деректегіден көп адам жерленгенін көрсетті.

Қазақстанда қазан айында коронавирус жұқтырғаны расталған 270 адамның өлімі осы індеттен қайтыс болғандардың статистикасына енгізілмеген. Денсаулық сақтау министрлігінің Азаттыққа жолдаған ресми жауабынан осыны көруге болады.

Ведомство ол адамдардың өзге аурудан қайтыс болғанын айтады. Мекеменің Азаттыққа жолдаған хатында "коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болған" 270 адамның 159-ы – қанайналым ауруларынан, 44 адам – тыныс ауруларынан, 33 адам эндокриндік аурулардан көз жұмғаны жазылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктемесінде коронавирус жұққаны расталса, оқыс жағдайдан (травма) өзгесінің бәрі Covid өліміне жатқызылуы тиіс делінген.

Былтыр коронавирус індеті өршіп, адам өлімі көбейген тұста Денсаулық сақтау министрлігі аймақтарда өлім-жітімді зерттейтін арнайы комиссия құрылғанын хабарлаған. Оның міндеті – вирус жұқтырған адамдардың "өлімінің себебін анықтау". Осылайша коронавирус жұқса да, "басқа аурудан қайтыс болды" деп танылған өлім саны Covid статистикасынан бөлек тіркеле бастады.

2020 жылы көктем мен жаз айларында Азаттық тілшілері коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зиратта ресми деректегіден көп адам жерленгенін әшкерелеген.

Министрлік бұл есепті өз еркімен жүйелі түрде жарияламайды. Тек журналистер сауал жолдағанда ғана хабарлайды.

Қазан айын қоса алғанда, елде коронавирус жұқтырғаны расталғандар арасында барлығы 3685 адамның өлімі статистикаға қосылмаған.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда індет басталғалы 954 146 адамның ПТР тесті оң шыққан, 12,3 мыңы осы аурудан қайтыс болды деп көрсетілген. Одан бөлек, коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да Covid статистикасынан бөлек есептеледі. 2021 жылдың 1 тамызынан бері 80,9 мың адам ковидтектес пневмониямен ауырған, 5 мыңы қайтыс болған.

Билік бұл статистикаға "коронавирустың жанама әсерінен" қайтыс болғандарды кіргізбейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG