Accessibility links

Түркістан облысында жыл басынан бері 60 оқушы суицид жасап, 34-і қайтыс болған


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Түркістан облысында 2021 жылдың қаңтарынан бері 60 оқушы суицид жасап, 34-і қайтыс болған. Бұл жөнінде Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы хабарлады.

Басқарма "олардың көбі отбасындағы жағдайға байланысты суицидке барды, өз-өзіне қол салу, буллинг, құқық бұзушылықтың көбеюіне коронавирус әсер етті, індет кезінде тәрбие жұмыстары азайды" деп санайды.

- Зерттеу барысында оқушылардың 91 пайызы отбасы проблемаларына байланысты өзіне-өзі қол салғаны анықталды. Олардың кішісі - 9 жаста, үлкені – 17 жаста. Отбасындағы қарым-қатынас, ұрыс-керіс, моральдық зорлық-зомбылық сияқты тағы да басқа жағдайлар әсер еткен,- дейді басқарманың баспасөз хатшысы Махаббат Әбдіуәлиева.

Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының мәліметіне қарағанда, осы облыста 2020 жылы 71 оқушы суицид жасап, 30-ы қайтыс болған.

Қазақстанда 3,5 миллионнан аса оқушы бар, оның 500 мыңнан астамы Түркістан облысында оқиды.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, биыл өзіне-өзі қол салған оқушылар жөнінен Түркістан облысы (34 оқушы) үшінші орынға шыққан. Алғашқы орында Нұр-Сұлтан қаласы (93 оқушы), екінші орында Шығыс Қазақстан облысы (55 оқушы) тұр.

Биыл 15 қыркүйекте Қазақстан парламентінің мәжілісі "Бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжатта Қазақстанда өкілдігі жоқ әлеуметтік желілер мен месенжерлердің жұмысын шектеуге қатысты нормалар бар. Мұны мәжіліс депутаттары "жасөспірімдер мен балалар арасындағы кибербуллингке қарсы күрестің бір амалы" деп түсіндірді. Алайда қоғамда "билік әлеуметтік желілерді бұғаттау тәсілдерін қарастырып отыр" дейтін сын пікірлер көбейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG