Accessibility links

"ҚДТ митингісі өтеді" деген күні белсенділердің аңдуға ұшырап, кейбірінің ұсталғаны хабарланды


Митинг өтеді деген орынға жақын көшені жауып тұрған полицейлер. Алматы, қараша айы 2020 жыл.
Митинг өтеді деген орынға жақын көшені жауып тұрған полицейлер. Алматы, қараша айы 2020 жыл.

Оппозициялық қозғалыс митингісі өтеді деген күні яғни, 20 қарашада құқық қорғаушылар белсенділерді аңду мен полицияға шақыру жиілегенін хабарлады.

Facebook'тегі Article адам құқығын бақылау тобы 20 қарашада Алматыда полицейлердің таңертеңгі сағат 7-ден бастап белсенді Бибігүл Жоламанованың үйін күзеткенін жазды. Кейіннен оны ұстап әкеткенін хабарлады.

"Полицейлер таңертеңгі сағат 7-ден бастап Бибігүл Жоламанованы үйінің күзетті. Үйінен шыққан кезде полицейлердің бірі оның телефонын тартып алуға тырысты. Заңсыз түрде бөлімшеге шақырту қағазын тапсырмақ болды" дееп жазды құқық қорғау тобы.

Белсенді қазір телефонын көтермей жатыр.

Белсенді Гүлнұр Шабданова да полицейлердің күні-түні өзін аңдып жүргенін хабарлады.

Сенбі күні Facebook'тегі "БелсенділерЭкстремистЕмес" тобы Алматыда Айман Кохаеваның ұсталғанын хабарлады. Белсенді өзі жариялаған видеода өзін таныстырмаған бір ер адамның көліктен шыға сала оның телефонын тартып алып жатқаны көрінеді.

Құқық қорғаушы Данияр Хасенов Facebook парақшасында 19 қарашада Шымкентте пробация қызметі өкілдерінің азаматтық белсенді Ләззат Досмамбетованың үйіне барып, "митингіге бармайтыны жайлы қағаз" алып кетуге тырысқанын жазды. (Белсенді Ләззат Досмамбетова қыркүйекте "ҚДТ мен Көше партиясының ісіне араласқаны үшін" 2 жыл 6 айға бостандығы шектелген).

"Ләззат Досмамбетова мұндай қағаз жазудан бас тартқан, алайда пробация қызметінің өкілі оған 20 қарашада үйден шықпа деп ескертіп кеткен" деп жазды құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, пробация қызметінің өкілдерінің бұл әрекеті "заңсыз", себебі әдетте оған пробация өкілдері айына бір рет – әр айдың бірінші күні барады. Ал белсендінің өзі әр айдың 10 мен 20 аралығында белгіленуі тиіс.

"Бейбіт митингіге шықпаймын" деп қағаз жазуды талап ету – заңсыз. Одан бас тарта аласыз, ауызша да уәде бермеуге хақыңыз бар" деп жазды құқық қорғаушы.

Тыйым салынған оппозициялық қозғалыстың митингісі қарсаңында Ақтөбе белсенділері де бұған дейін "полиция қысымына" шағымданған.

Видео: ҚДТ митингісі қарсаңында белсенділер полицияға шақырылып жатыр (19 қараша 2021 жыл).

ҚДТ митингісі қарсаңында белсенділер полицияға шақырылып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:06 0:00

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

19 қарашада қуғындағы бизнесмен, қазір Еуропада тұратын Мұхтар Әблязов өзі жетекшілік ететін Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысына әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы үндеу тастап, саяси тұтқындарды босату, жалақы мен зейнетақыны екі есе көбейту, шетелден әкелетін көліктерден утилизациялық алымды алып тастау туралы талап қойып, 20 қарашада Қазақстанда жаппай митингіге шығуға шақырған.

Қазақстан соты бұл ұйымды "экстремистік ұйым" деп санап, жұмысына тыйым салған, алайда Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп таныған.

Жергілікті құқық қорғаушылар Қазақстан билігі "экстремизм" бабын азаматтық белсенділерді қудалау үшін пайдаланып отыр деп кінәлайды. Билік мұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG