Accessibility links

Армения мен Әзербайжан басшылары Таулы Қарабақ мәселесін желтоқсанда Брюссельде талқылайды


Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақ мәселесін келесі айда Брюсселльде кездесіп, талқылайды. Бұл жөнінде Еуроодақтың 19 қараша күнгі хабарламасында айтылған.

"Екі ел басшысы Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен игілікке кедергі келтіретін кедергілерді жеңу жолдарын Брюссельде кездесіп, талқылауға келісті" делінген мәлімдемеде.

Жиын 15 желтоқсанда Брюссельде Еуропаның шығыс аймақтағы әріптестігіне арналған саммит аясында өтеді. Бұған дейін Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель Ильхам Әлиев және Никол Пашинянмен телефонмен сөйлескен.

"Телефон әңгіме барысында армян және әзербайжан басшылары қорғаныс министрліктері деңгейінде тікелей байланыс орнатып, алдын алу тетіктерін іске қосуға келісті" делінген ЕО мәлімдемесінде.

Былтыр қарашада Армения мен Әзербайжан Мәскеудің араласуымен 44 күнге созылған, 6 мыңнан астам адамның өмірін қиған Таулы Қарабақта соғысты тоқтату жөнінде ортақ мәлімдемеге қол қойған. Бірақ содан бері тараптар арасында жағдай ауық-ауық ушығып келеді.

Бір жылдан астам уақыт ішінде екі ел басшысы бетпе-бет екі рет кездескен. Соңғы рет Мәскеуде кездесіп, оған Ресей президенті Владимир Путин қатысқан.

Әзербайжан мен Армения шекарасы арасында соңғы рет жағдай осы апта басында өршіген. Сарапшылар оны былтырдан бергі қақтығыстардың "ең ірісі" деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG