Қазақстанда өткен тәулікте 1047 адамға коронавирус инфекциясы жұққаны ПТР тестпен расталып, 101 адамның коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмониямен ауыратыны анықталған. 7 адам қайтыс болған.
Денсаулық министрлігі таратқан ақпараттардан Қазақстанның Ресеймен шектесетін облыстарында коронавирустың көбірек таралып жатқанын байқауға болады.
Солтүстік Қазақстан облысында 143, Павлодар облысында 115, Қостанай облысында 109, Ақмола облысында 83, Шығыс Қазақстан облысында 80 адамға жұққан. Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында 113 адамға жұққан. Кейінгі кезде Ресейде коронавирустың ушыға түскені байқалған.
Коронавирус жұққандардың көптігі жағынан Қазақстанның оңтүстігінде Алматы қаласы 114 адаммен алғашқы орында тұр. Маңғыстау облысында 4, Қызылорда облысында 6, Жамбыл облысында 11 адам жұқтырған.
Денсаулық сақтау министрлігінің кейінгі мәліметіне қарағанда коронавирус індеті басталғалы Қазақстанда 963828 адам коронавируспен ауырған, 925046 адам емделіп шыққан.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 7,7 млн адамға коронавирусқа қарсы екпенің толық дозасы салынған.
Қазір 18 бен 65 жас аралығындағы адамдарға Ресейдің "Спутник V" (қазір оны Қарағандыда өндіреді), Қазақстанның QazVac, Қытайдың Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген Vero Cell екпесі, сонымен бірге тағы бір Қытайдың Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі салынып жатыр.
12 қарашадан бастап Қазақстанның ірі қалаларында 12-17 жастағы жасөспірімдерге батыс компаниялары әзірлеген Pfizer екпесі салына бастады.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, коронавирус вакцинасын салу басталғалы бері, ақпан мен қазан аралығында екпе салдырғандар арасында 930 адам қайтыс болған. Бұл - жалпы коронавирустан қайтыс болғандардың шамамен жеті пайызы.
ПІКІРЛЕР