Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 2022 жылдың наурызына дейін Еуропада коронавирус індеті тағы 700 мыңнан астам адамның өліміне себеп болуы мүмкін деп қауіптенеді. Қазір аймақта індет қайта өршіген.
Індет басталғалы бері Еуропаның 53 елінде коронавирустан 1,5 млн адам қайтыс болған. Осы қыста бұл көрсеткіш 2,2 млн адамға жетуі мүмкін. 23 қарашада аталған ұйым өкілдері осылай деп мәлімдеді.
Көктемге дейін 53 елдің 49-ында реанимация бөлімдеріне шамадан тыс салмақ түсуі ықтимал. ДДСҰ Еуропа аймағына Ресей мен бұрынғы совет республикаларын, Түркияны кіргізеді.
Халықаралық ұйымның айтуынша, вакцина алмаған азаматтар үлесінің көптігі және вакцинаның инфекцияға төтеп беру қуатының әлсіреуі, жеңіл ауыру – Еуропада індеттің өршуіне ықпал еткен негізгі факторлар ретінде қарастырылып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, тез жұғатын дельта штамм мен санитария шараларының жұмсаруы да вирустың таралуына әсер еткен. Еуроодақта халықтың 67,7 пайызы коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын алған. Дегенмен аймақта вакциналау науқаны түрлі деңгейде. Еуропаның шығысында вакциналау науқаны баяу жүріп жатыр.
ПІКІРЛЕР