Accessibility links

Екі өңірде "майнингпен заңсыз айналысқан" 13 нысан анықталып, қуаттан ажыратылды


Жамбыл мен Павлодар облыстарында криптовалюта өндірісімен заңсыз айналысқан 13 нысан анықталып, барлығы тоқтан ажыратылды. Бұл жөнінде сәрсенбі күні Энергетика министрлігі хабарлады.

"Энергетика министрлігінің атом және энергетикалық қадағалау комитетінің аймақтағы бөлімшелері KEGOC компаниясының өтініші негізінде жоспардан тыс 11 тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде, Жамбыл облысында майнингпен заңсыз айналысқан 12 нысан, Павлодар облысында бір нысан анықталды" делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, олар 128,3 мегаватт тоқ қолданған. Нысандар бірден қуаттан ажыратылған.

Бұған дейін билік те, тасымалдаушы оператор да елдегі электр қуаты тапшылығын криптовалюта өндірісімен айналысатын майнерлердің күрт көбеюімен байланыстырған еді. 12 қарашада Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов тәуліктің электр энергиясын көп пайдаланатын бөлігінде майнингпен айналысатын компанияларды тоқтан ажырататынын айтқан.

Бұған дейін халықаралық БАҚ Қытайда криптовалюта заңсыз деп танылғаннан кейін бірнеше айда екі миллионнан астам компьютер мен жабдықтың өзге елдерге әкетілгенін хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, олардың бір бөлігі Қазақстанға әкелінген. Financial Times басылымының мәліметінше, Қазақстанға жіберілген компьютерлердің басым бөлігін қытайлық Bitfufu және BIT Mining компаниялары әкелген.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, майнингке тоқтың көп керегі сонша – Қазақстандағы ірі "майнинг" фермаларының бірі тұтынатын электр энергиясы Қарағанды қаласын тұтас қамтуға жетеді.

Кейінгі кезде электр тапшылығы Қазақстанның кемінде алты өңірінде – Алматы, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында, Шымкент және Алматы қаласының түрлі аудандарында байқалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG