Accessibility links

Сот белсенді Ильяшевтің өзін саяси репрессияға ұшыраған деп тану туралы арызын қараусыз қалдырды


Әлнұр Ильяшев.
Әлнұр Ильяшев.

24 қарашада Алматы қаласындағы №2 Алмалы аудандық соты азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевтің өзін "саяси қуғынға ұшыраған" деп тану туралы арызын қараусыз қалдырды.

Ильяшев онлайн сотқа Алматы қаласы прокуратурасы мен полиция департаментін және өзіне айыптау үкімін шығарған №2 Медеу аудандық сотының судьясы Залина Махарадзені шақыруды талап еткен еді, бірақ бұл тараптар сотқа қатыспады.

Ильяшев судья Нұрлан Нұралиновтен аталған тараптарға және судья Махарадзеге сотты құрметтемегені және отырысқа себепсіз қатыспағаны үшін жеке қаулы шығаруды сұрады. Сот оны кейін қараймын дегенмен артынан олардың қатысуы міндетті емес деп өз шешімін оқыды.

- Ильяшевтің арызы қараусыз қалдырылсын. Арызды қарау үшін мысалы, сіз 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қатысушысы болсаңыз және ол туралы анықтамаңыз болып, оны жоғалтып алып жатсаңыз онда басқа әңгіме, - деді судья.

Бірақ Ильяшев бұл шешіммен келіспейді. Ол СССР кезінде репрессияға ұшырағандар арасында атасы да болғанын және олардың саяси қуғын-сүргін құрбаны деп мойындалып, ақталғанын айтты. Белсенді 1993 жылы қабылданған "Жаппай саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы" заң мен Азаматтық кодекс және Азаматтық-процессуалдық кодекске сүйене отырып, 405-баппен жазаланғандар мен өзін "саяси қудаланған адам" деп тануға болады деп санайды.

- Қазақстанда 300-ден аса адам 405-баппен қудаланып жатыр. Кейбірі түрмеде отыр. Мұны саяси қуғын-сүргін демей не деп айтуға болады? Қаншама отбасы осы баптың азабын тартып жүр, - деді ол сотта.

Белсендінің арызын Алмалы аудандық соты бұған дейін де "фактілер жоқ" деп үш мәрте қайтарған. Ол Алматы қалалық сотына арызын қарамаған судьяға қатысты шағым түсірген соң ғана оның арызы қайта қарауға жіберілген.

Әлнұр Ильяшев арызын қараусыз қалдыру туралы шешім шықса да барлық инстанциядан өтуге бел буғанын айтады.

Биыл маусымда Әлнұр Ильяшев биліктегі "Нұр Отан" партиясын Facebook желісінде сынағаны үшін "көпе-көрнеужалған ақпарат таратты" деп айыпталып, үш жылға бас бостандығы шектелген еді. Бұдан бөлек 100 сағат мәжбүрлі жұмыс жегіліп, бес жыл қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салынған. Ол бұл шешімді саяси қуғын деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG