Accessibility links

Ирак Беларусь шекарасындағы азаматтарын көптеп еліне қайтара бастады


Минскіден Иракқа ұшқалы отырған нәрестесін көтерген әйел. Минск, 26 қараша 2021 жыл.
Минскіден Иракқа ұшқалы отырған нәрестесін көтерген әйел. Минск, 26 қараша 2021 жыл.

Ирак Беларусь-Польша шекарасында тұрып қалған шамамен 800 мигрантты еліне қайтару үшін Минскіге көбірек ұшақ жіберді. Ирак сыртқы істер министрлігі мыңға жуық адамның отанына оралғанын айтты.

Ирак СІМ ресми өкілі Ахмед әл-Сахафтың айтуынша, Іraqi Airways әуе компаниясының екі үшағы алдағы 24 сағат ішінде 861 мигрантты елге әкелуі тиіс. Шекарадағы Ирак азаматтарын қайтару операциясы (басым бөлігі күрдтер) 18 қарашада басталған.

Польша мен Еуроодақтың өзге мүшелері Беларусь басшысы Александр Лукашенконы мигранттарды шекараға әдейі шақырып, "гибридтік соғыс" ашты деп айыптады. Осылайша былтыр президент сайлауынан кейін енгізілген санкциялар үшін Брюссельден өш алғысы келеді деп санайды. Минск мұны жоққа шығарады.

Еуроодақ қазір шекарада мигранттар дағдарысын ушықтырып, Ирак сияқты елдерді азаматтарын жіберуге көндіріп, қысым жасағаны үшін Беларусь режиміне бесінші санкция пакетін әзірлеп жатыр. Польша, Литва және Латвия шекараға қоршау қойып, мыңдаған сақшы, солдат, полицейлермен қауіпсіздікті күшейтті. Ал шекараның келесі жағында күн суық кезде мыңдаған мигрант палаткаларда өмір сүріп жатыр.

Польшаның айтуынша, шекарада қалған мигранттар әлі күнге дейін Беларусь шекарасынан заңсыз кесіп өтуге талпынып келеді. Осы аптада Черемха ауылы маңында шамамен 200 адам Польша аумағына кіруге ұмтылған. 23 қарашада мұнда бір поляк солдаты жарақаттанған.

26 қарашада Лукашенко шекарада дағдарыс басталғалы бері алғаш рет мигранттар алдына шығып, олардың алдында екі жол тұрғанын: Еуроодаққа өту немесе үйлеріне қайту таңдауы тұрғанын жеткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG