Accessibility links

Польша-Беларусь шекарасы: Лукашенконың көздегені не? Еуроодақ не істей алады?


Польша шекарасын заңсыз кесіп өтуге жиналған жүздеген мигрант пен олардың жолын кес-кестеп, шекараның арғы жағында тұрған поляк шекарашылары. Гродно облысы, Беларусь, 9 қараша 2021 ж.
Польша шекарасын заңсыз кесіп өтуге жиналған жүздеген мигрант пен олардың жолын кес-кестеп, шекараның арғы жағында тұрған поляк шекарашылары. Гродно облысы, Беларусь, 9 қараша 2021 ж.

Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия мен Африкадан шыққан мыңдаған босқын Беларусь арқылы Польша, Латвия, Литваға заңсыз өтуге талпынды. Минск босқындар келген елдермен әуе рейсін көбейткен. Босқындардың дені Беларусь астанасына ұшақпен жеткен. Еуроодақ пен Беларусь шекарасындағы жағдай ушығып жатыр. Бұған Еуроодақ, оған мүше елдер мен Батыс қалай жауап беруі мүмкін? Олар халықаралық сотқа шағымдана ма, санкция сала ма я мигранттар легін азайту үшін үшінші елдің көмегіне жүгіне ме? Азаттық бірнеше маңызды сұраққа жауап іздеп көрді.

Егер осының бәрін авторитар басшы Александр Лукашенко мен қауіпсіздік күштері ұйымдастырған болса, олар халықаралық заңдар мен ережелерді бұзған бола ма?

Егер Минскінің істеп отырғаны шын мәнінде адам саудасы екенін дәлелдеуге болатын болса, ол халықаралық заңдар мен ережелерді бұзған болады. Беларусь "Трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күрес" конвенциясына, оны толықтыратын, 2003-2004 жылдары күшіне енген қосымша екі құжатқа – адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатудың алдын алу мен жолын кесу және ол үшін жазалау туралы хаттама мен мигранттарды құрлық, теңіз және әуе арқылы заңсыз әкелуге қарсы хаттамаға қосылған. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де адам саудасына қарсы қарар қабылдаған. Яғни, Лукашенко режиміне айып тағуға халықаралық-құқықтық негіз бар.

"Егер режим Еуроодаққа қауіпсіз жолмен өткізіп беретінін айтып, оларды арбайтыны жайлы хабарлама рас болса, тікелей және жанама айғақтардың бәрі Беларусьтің адам саудасының алдын алу жөніндегі халықаралық нормаларды бұзғанын көрсетеді" дейді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саяси мәселелер жөніндегі бас кеңесшісі Бахти Нишанов.

Бірақ тағы бір мәселе бар.

"Беларусь шекара қызметінің мигранттарды қорлау әрекеттері зорлық-зомбылыққа, кей жағдайда тіпті азаптауға жатады" дейді Нью-Йорктегі Human Rights Watch ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бөлімі директорының орынбасары Рейчел Денбер. Ол Минск БҰҰ-ның Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекет пен жазалау түріне қарсы конвенция бойынша мойнына алған міндеттерін бұзып отыр дейді.

"Егер олар мигранттарды Польшаға (немесе Литваға) кіруге мәжбүрлесе, бұл да топтап жер аударуға тең болады. Оған да тыйым салынған" дейді Денбер. "Ал еркін жүріп-тұруды шектеу адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына қайшы келеді".

Беларусь картасы.
Беларусь картасы.

Еуроодақты немесе оған мүше елдерді құқықтық қорғау жолы бар ма? Олар Беларусьті сотқа бере ала ма?

Сотқа бере алады, бірақ олай істей қоймас. Қалай болғанда да, қазір емес дейді Азаттық радиосына аты-жөнін атамауды сұраған Еуропа одағының бірнеше дипломаты.

Біріншіден, сотқа жүгінуге уақыт керек. Еуроодақ пен оған мүше елдер жылдам іс-қимылды қалайды. Екіншіден, құқықтық жол қиынға соғады: бұған дейін біршама ел әртүрлі халықаралық шешімдерді елемеді. Көбі осы жағдайда Минск те сөйтеді деп күтеді. Одан кейін сотты таңдау мәселесі туындайды. Беларусь Халықаралық қылмыстық сотқа (ICC) немесе Еуропа адам құқықтары сотына (ECHR) мүше емес. БҰҰ Халықаралық соты дәйектерін алға тартқан екі ел арасында шешім шығарады. Бір елге сот шешімін орындатуға бірнеше жыл кетуі мүмкін.

Еуропа одағына басқа қандай жол бар? Санкция сала ма?

Иә, қазір одақ санкция мәселесін қарастырып жатыр. Санкция 15 қарашада Брюссельде одаққа мүше елдердің сыртқы істер министрлері кездесуінде жарияланып, содан кейін күшіне енуі мүмкін. Осы апта басында Еуроодақ Беларуське санкция салу шарттарын кеңейтуге келісіп, оған Лукашенконың одаққа мүше елдердің шекарасын заңсыз кесуге, одаққа мүше елдерге заңсыз немесе қауіпті тауарлар контрабандасын өткізу әрекеттеріне атсалысқан немесе ұйымдастырған, жүзеге асыруға септігін тигізген "жеке немесе заңды тұлғаларды, ұйымдар мен органдарды" қосты.

Мыңдаған мигрант Беларусь шекарасынан Польшаға өтпек болды

Польша-Беларусь шекарасына мыңдаған мигранттар жиналып, Еуропаға өтпек болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:01 0:00

Санкциялар жайлы хабардар бірнеше дипломаттың сөзінше, Еуропа одағы кеңейтілген шарттар бойынша 40 адам мен ұйымның активін бұғаттап, виза алуына тыйым салады. Брюссель Еуропа одағымен шекарадағы қысымды ушықтыруға осылардың қатысы бар деп санайды.

Бұл тізімде адамдарды шетелге жіберіп жатқан лауазымды тұғалар мен көлік компаниялары, мемлекеттік "Белавиа" әуе компаниясы кірмек. Осы компанияға ұшақтарды жалға беруге тыйым салынады дейді дипломаттар. Сондай-ақ тізімге бұрын санкция салынбаған мемлекеттік банктер де енеді. Жазда "Беларусбанк", "Белинвестбанк", "Белагропромбанк" қара тізімге енген.

Бұл санкциялар нәтиже бере ме?

Сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Санкциялар көбі қалап отырғандай радикал шара емес. 2020 жылғы күзде Еуроодақ Беларуське төрт түрлі санкция салды. Ол Лукашенко мен оның маңайындағыларды, туыстарын қоса алғанда 166 адамды, 15 ұйымды қамтыды. Мұнай, калий, банк, темекі саласына да санкция салынды. Әйтсе де, бұл шаралар Минск режиміне әсер етпегенге ұқсайды.

Бірақ қазір енгізілгелі жатқан санкциялар үмітті ақтамаса да, алдағы күндері біршама қатаңдауы мүмкін. Мысалы тізімге Беларусь әуежайлары мен жердегі қызмет көрсетуді қосуға қатысты дау әлі жалғасып келеді. Үшінші елдердің әуе компанияларына да санкция салуға үндеп жатқандар бар.

Брюссель ақырын жүріп, анық басатынға ұқсайды. Санкцияларды Еуропа сотында даулауы мүмкін екенін ескерсек, адамдар мен компаниялардың айыптауларға расымен қатысы барына дәлел керек. Ресейдің әлі күнге дейін ұстатпай отырғанының да себебі осы. Мәскеу мен көші-қон дағдарысы арасында тікелей байланыс барына дәлел жоқ. Сонымен қатар Беларусь арқылы өтетін табысты сауда да қатаң шектеулер енгізуде абай болуға итермелеуі мүмкін.

Ресей Беларусьті ұстап тұру үшін қанша ақша жұмсады?

Ресей Беларусьті ұстап тұру үшін қанша ақша жұмсады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:49 0:00

Еуропа одағы тағы не істей алады?

Одаққа мүше елдер шекарада дуал тұрғызып жатыр және соның шығынын Еуропа одағы өтесе дейді. Бірақ Берлин қабырғасына қатысты оқиғалар мен шекарадағы дуалдың салдарына алаңдаған одақ бұған ұзақ уақыт қарсыласып келеді.

Жұрт назары желтоқсанның басында Шенген шекара кодексін өзгерткелі отырған Еуропа комиссиясына ауары анық. Онда қасақана жіберілген заңсыз мигранттар легі келген жағдайда одаққа мүше елдің не істейтіні көрсетіледі. Одақтың сыртқы шекарасын қорғау амалы ретінде қоршау мен дуал айтылмайтынымен, қорғаныс ретінде "физикалық кедергі" қоюы әбден мүмкін.

Еуропа одағы Минскіге мигрант жіберіп отырған үшінші елдерге қалай әсер етеді?

Жағдайға қарай әсер етеді. Еуропа комиссиясы Беларуське баратын "лекті тоқтатуға" тырысу басты міндетке айналатынын айтады. Комиссияның миграция мәселелері жөніндегі вице-президенті Маргаритис Шинас мигранттар келген бірнеше елге барғалы отыр. Саяси қысым мен дамуға бөлінетін қаржыны азайту қаупінен соң Ирак пен Брюссель Бағдад пен Минск арасындағы тікелей рейс санын азайта алды. Мұндай тактика Ливан, Иордания, Сирия жағдайында көмектесуі мүмкін, бірақ Түркия мен БАӘ-ге келгенде қиынға соғады дейді ЕО ресми өкілдері. Анкара миллиондаған босқынды Эгей теңізі арқылы өткізбей отыр. Енді ол осы ісі үшін қосымша қаржылай көмек дәметуі мүмкін.

Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко.
Беларусьтің авторитар билеушісі Александр Лукашенко.

Комиссия дерегінше, Литва мен Польша шекарасындағы адамдардың көбі – Ирак азаматтары. Еуропа одағымен әріптестік орнатқанына қарамастан Бағдад үкіметі өз еркімен келмесе, қайтып барғандарды қабылдауға құлықсыз. Еуроодақ өкілдерінің сөзінше, бейтарап шекарада қалып қойғандар көп болғандықтан, бұл мәселені шешу керек.

БҰҰ Босқындар агенттігі (UNHCR), Халықаралық миграция ұйымы (IOM) мен Қызыл крест ұйымы не істеп жатыр? Гуманитарлық апаттың алдын алу үшін олар жағдайға араласа ма?

Шекара маңындағы аудандарда жұмыс істеуге рұқсаты бар ұйым аз. Польша билігі Қызыл крест ұйымымен, Каритас христиан ұйымымен әріптестік орнатқан. Босқындар агенттігі (UNHCR) мен Халықаралық миграция ұйымы қызметкерлері Минскімен, Варшавамен байланыс орнатып, оларды мигранттарға гуманитарлық көмек көрсетуге кедергісіз жол ашуға үндеді.

Польша жаңа босқындардың келуінен қорыққандықтан баспана беретіндей болып көрінгісі келмейді. Литваға қарағанда, Польша Брюссельдің Еуроодақ шекара қызметі – Фронтекстің көмегіне жүгіну ұсынысын елемей, әскер көмегімен ұлттық шекара қызметінің шамасы жететінін мәлімдеді.

Бірақ қыста гуманитарлық жағдай нашарласа, шекараның екі жағына да басқа халықаралық ұйымдар баруы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG