Accessibility links

Лукашенко Қырымды "іс жүзінде" Ресей жері деп атады


Александр Лукашенко
Александр Лукашенко

Александр Лукашенко Қырым "заң жүзінде" әрі "іс жүзінде" Ресейдің территориясы деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Лукашенко Ресей президенті Владимир Путинмен бірге түбекті көріп қайтуға келіскен және бұл сапарын Севастопольден бастауға ниетті. Халықаралық құқық бойынша, Ресей 2014 жылы Қырымды Украинадан аннексиялап алған.

Әлемдегі көп елдің басшылығы Беларусьтің заңды сайланған президенті деп санамайтын Александр Лукашенко "Қырым референдумнан кейін де-юре Ресейдің жеріне айналды" деді. Оның бұл сөзін Беларусьтің БелТА агенттігі жариялады. Бұл мәлімдеме ресми түрде бекітіле ме, ол туралы айтылмайды.

2014 жылы наурызда Қырымда жедел түрде референдум өткізіліп, онда тұрғындардың көпшілігі Қырымды Ресейге қосуды жақтаған. Халықаралық ұйымдар мен әлем мемлекеттері бұл референдум нәтижесін мойындаудан бас тартқан.

2021 жылдың тамызында Лукашенко "ресейлік соңғы олигарх" түбекке өнім тасымалдай бастағанда Қырымды Ресейдікі деп танитынын айтқан. Халықаралық санкциялардан қорыққан Ресейдің федералдық компаниялары аннексиялаған аймақта әлі күнге бизнес жүргізбей келеді.

Оның алдында Лукашенко санкциялардан қорыққаннан және Украинаның бұрынғы президенті Петр Порошенкомен уағда болғандықтан Қырымды Ресейдікі деп мойындаудан тартынатынын айтқан еді.

Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленский Беларусьте былтыр тамызда өткен президент сайлауының нәтижесін мойындаудан бас тартқаннан кейін Минск пен Киев арасы күрт нашарлады, ал Киев Батыстың Минскіге қарсы санкцияларына қосылды.

Беларусь оппозициясы да, Батыс елдері де Лукашенко алтыншы мерзімге сайланды деген сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартты. Олар дауыс беру барысын тәуелсіз бақылай отырып, жаңа сайлау өткізуге шақырды.

Сайлаудан кейін елде жаппай наразылық басталды. Лукашенко режимі ондаған мың адам қатысқан демонстрацияларды күшпен басып тастады. Мыңдаған адам қамалып, саяси белсенділерге, ақпарат құралдарына қысым күшейді. Саяси оппозиция өкілдерінің біразы шетелге кетсе, енді біразы түрлі себептермен түрмеге қамалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG