Accessibility links

"Қыз зорлады" деп айыпталған ақтөбелік кәсіпкер ақталды. Ол "Нұр Отанға" қайта қабылдануы мүмкін


Қазақстан теннис федерациясы ұйымдастырған шара кезінде допқа қол қойып жатқан сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев және федерацияның Ақтөбе бөлімшесінің жетекшісі Аркадий Ни (ортада). 2018 жыл.
Қазақстан теннис федерациясы ұйымдастырған шара кезінде допқа қол қойып жатқан сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев және федерацияның Ақтөбе бөлімшесінің жетекшісі Аркадий Ни (ортада). 2018 жыл.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "кәмелетке толмаған қыз баланы зорлады" деп айыпталған кәсіпкер Аркадий Ниді 30 қараша күні ақтап шықты.

Ақтөбеде облыстық мәслихат депутаты былтыр желтоқсанда істі болып, "Нұр Отан" партиясы қатарынан шығарылған еді.

Ауыр айып тағылған соң биліктегі партия қатарынан шығарылған ақтөбелік кәсіпкер Аркадий Ни енді партияға қайта қабылдануы мүмкін. "Нұр Отан" партиясы Ақтөбе филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов "үкімнің заңды күшіне енуін күтеміз. Шешімді республикамен ақылдасып қабылдаймыз" деді.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

Ақтөбе облыстық соты "сексуалдық зәбір көрдім" деген қыздың шешесі кәсіпкерді қаралап, табыс тапқысы келген деп санайды. Соттың дерегінше, 15 жастағы қызына физикалық және психологиялық қысым көрсетіп, тергеу кезінде кәсіпкерге қарсы жалған мәлімет беруге итермелеген.

"Сот жәбірленушінің жауабы мен сараптамалардың қорытындысына сүйене отырып, сексуалдық сипаттағы әрекеттердің болмағанын анықтады. Қылмыс құрамының болмауына байланысты Аркадий Ни ақталды. Ал кәсіпкерді қаралаған әйелді сот "кәмелетке толмаған баланы қылмыстық іске итермелеп" (Қылмыстық кодекстің 132-бабы), тергеу мен сот алдында "көпе-көрінеу жалған айтқаны үшін" (Қылмыстық кодекс 419-бабы) алты жылға бас бостандығынан айырды. Кәмелетке толмаған балалары бар сотталушы бұл жазаны бес жылдан соң өтейді" деп хабарлады Ақтөбе облыстық соты.

Ақтөбедегі Rokos Group Global компаниясының қожайыны Аркадий Ниге осыдан бір жыл бұрын "16 жасқа толмаған қызға сексуалдық сипаттағыәрекеттер жасады" (Қылмыстық кодекстің 122-бабы) деген айып тағылған. Кәсіпкер былтыр 5 желтоқсан күні Ақтөбе әуежайында ұсталып, тергеу изоляторына қамалған. Осы істен соң "Нұр Отан" партиясы оны қатарынан шығарған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG