Accessibility links

Белсенді сайлаудың әділ өтпегені расталса, Назарбаев пен Тоқаевты жауапқа тартуды сұрап отыр


Белсенді Әлнұр Илияшев.
Белсенді Әлнұр Илияшев.

Екі жыл бұрынғы президент сайлауына құқықтық баға берген белсенді, заңгер Әлнұр Илияшев сол кездегі сайлауды ұйымдастырушылар Қылмыстық кодекстің бірнеше бабын бұзды деп мәлімдеді.

- Сол күні (сайлау күні – 9 маусым 2019 жыл) қылмыс жасалды. Және ол қылмысқа Алматыдағы 554 сайлау учаскесіндегі комиссия мүшелері қатысты, бұл кемінде үш мың адам. Яғни қылмысты "ұйымдасқан топ" жасады. Осыған негізделе отырып, Қылмыстық кодекстің 262 ("Ұйымдасқан топ құру") және 263 баптарында ("Қылмыстық қауымдастық құру") көрсетілген қылмыс жасалды. Сонымен қатар 179 бапта көрсетілген "билікті басып алу" қылмысының нышандары бар, - дейді Әлнұр Илияшев.

Екі жыл бұрын президент сайлауы кезінде және одан кейін алаңға шыққан наразы жұртты полиция ұстап, айыппұл салып, қамауға алған. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев сол кезде "төрт мыңға жуық адам ұсталып, 677 адам әкімшілік қамауға алынып, 305 адамға айыппұл салынған" деп мәлімдеген еді.

Белсенді осы жайттарды атап, 29 қарашада бас прокуратураға шағым түсірген. Оған тәуелсіз бақылаушылар мен ресми Орталық сайлау комиссиясының мәліметтерінің сәйкес келмегені мен бақылаушылардың тіркеген заңбұзушылықтары негіз болған.

- Алматыда сол кездегі 554 сайлау учаскесінің 225 учаскесінде тәуелсіз бақылаушылар жұмыс істеді. Тиісті хаттамалар толтырылып, соның негізінде балама есеп жүргізілді. Нәтижесінде, сол кездегі қарсы үміткерге тәуелсіз бақылаушылардың есебі бойынша 69 669 адам дауыс берген. Алайда ертесінде шыққан аймақтық сайлау комиссиясының есебі бойынша 50 366 дауыс берілген. 19 303 дауыс айырмашылығы бар. Осылайша дауыстардың жоғалуы, фальсификацияның болғанын дәлелдейді, - дейді белсенді.

Белсенді прокуратурадан бұл фактілерді тексеріп, егер олар расталса тиісті қылмыстық іс қозғап, оған тікелей қатысы бар Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевқа "қорғануға құқығы бар куәгер" статусын беру туралы сұрап отыр.

Елді 30 жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурыз айында президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатып, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Сол жылы 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, ресми қорытындысы бойынша Тоқаев 70 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Қазақстанның ірі қалаларында көптеген азамат кезектен тыс президент сайлауының қорытындысына күмән келтіріп, әділ сайлауды талап етті. Тәуелсіз бақылаушылар "бюллетеньді топтап салу", "байқаушыға қысым жасау" сияқты заңсыз әрекеттер көп болды деп бағалаған. Алайда билік сайлаудың әділ өткенін айтып, кейбір тәуелсіз бақылаушылардың шағымын қараудан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG