Accessibility links

Тимур Тоқаев пен Надежда Тоқаеваның Мәскеудегі "элиталық пәтерлері". Навальный тобының зерттеуіндегі жаңа дерек


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) Кремльде. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) Кремльде. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный командасының Youtube каналында жарияланған зерттеуінде Қазақстан президенті Қасым-Жомат Тоқаевтың ұлы Тимур Тоқаев пен бұрынғы әйелі Надежда Тоқаеваның Мәскеуде пәтерлері бары айтылады. Бұл жылжымайтын мүліктер Ресейдегі мемлекеттік базадан жасырылған.

ТОҚАЕВ ОТБАСЫНЫҢ МӘСКЕУДЕГІ ПӘТЕРЛЕРІ

2 желтоқсанда жарияланған зерттеудегі дерекке сай, Тоқаевтың ұлы мен экс-әйелінің Мәскеудегі пәтерлері Ресейдегі жылжымайтын мүлік базасы – "Росреестрден" жасырылған.

"Росреестрдегі" деректе Тимур Тоқаевтың Мәскеудегі Хамовники ауданы Усачев көшесіндегі көпқабатты үйде аумағы 198,6 шаршы метрлік пәтері бары көрсетілген. "Росреестерде" 2010 жылы тіркелген бұл пәтер туралы дерек қазір базада жасырылған.

Қазақстан президенті Тоқаевтың ұлы Тимур Тоқаевтың Мәскеудегі пәтері жайлы дерек. Алексей Навальный командасының зерттеуінен скриншот.
Қазақстан президенті Тоқаевтың ұлы Тимур Тоқаевтың Мәскеудегі пәтері жайлы дерек. Алексей Навальный командасының зерттеуінен скриншот.

Ал Надежда Тоқаеваның Мәскеудегі Мещанский ауданы Последний көшесінде аумағы 167,3 шаршы метр пәтерінің дерегі "Росреестрге" 2003 жылы тіркелген. Навальныйдың зерттеу тобы қазір бұл жылжымайтын мүлік жайлы дерек базада жоғын айтады.

"Бұл базада біздің (ресейліктердің – Ред.) мүддеміз, Ресейдің мүддесі сақталған. Ондай болса бұл базадан Қазақстан президенті Тоқаевтың отбасының элиталық пәтерлері неге жасырылған?" дейді зерттеу авторлары.

Қазақстан президенті Тоқаевтың экс-әйелі Надежда Тоқаеваның Мәскеудегі пәтері жайлы дерек. Алексей Навальный командасының зерттеуінен скриншот.
Қазақстан президенті Тоқаевтың экс-әйелі Надежда Тоқаеваның Мәскеудегі пәтері жайлы дерек. Алексей Навальный командасының зерттеуінен скриншот.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы мен бұрынғы әйелінің шетелдегі пәтерлері жайлы алғаш рет айтылды. Ақорда сайтындағы президент өмірбаянында оның тек "ажырасқаны" ғана жазылған.

Ал ашық дереккөздерде тараған деректерде "Тоқаевтың бұрынғы әйелі ресейлік Надежда Давыдовна Тоқаева " деп көрсетіледі. Екеуінің қашан ажырасқаны жайлы дерек жоқ. Тоқаевтың отбасы, баласы жайлы дерек өте аз, көп айтыла бермейді.

Мәскеуде білім алған 68 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 20 наурыздан Қазақстан президенті қызметін атқарады. Оны президенттікке Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев таңдады. "Тұңғыш президент - елбасы" лауазымын иеленген Назарбаевтың өзі қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің біраз тетігін қолында ұстап отыр.

НАВАЛЬНЫЙ ТОБЫНЫҢ ЗЕРТТЕУІНДЕ ТАҒЫ НЕ АЙТЫЛҒАН?

Навальный командасының зерттеуінде Ресей президенті Владимир Путиннің маңындағы шенеуніктер мен жақындарының, ФСБ өкілдерінің меншігіндегі пәтерлердің көбі "Росреестрден" жасырылғаны айтылады.

Мәселен Ресейдің бұрынғы бас прокуроры Юрий Чайканың балаларының, Ресейдің бұрынғы ІІМ Рашид Нургалиевтің, қазіргі ішкі істер министрі Владимир Колокольцевтің ұлының, ФСБ қызметкері Михаил Шекиннің қызының, "Ростуризм" басшысы Зарина Догузованың, Мәскеу қаласы сотының экс-басшысы Ольга Егорованың пәтерлері "Росреестрден" жасырылған.

"Шенеуніктер мен олардың жақындары, таныстарына "Росреестерден" жылжымайтын мүліктерін алып тастау оп-оңай болған сияқты" дейді зерттеу авторлары.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың командасы Ресей президенті Путин мен оның айналасындағы шенеуніктердің коррупцияға қатысы бары, байлығы, шетелдегі жылжымайтын мүлкі жайлы зерттеулер жариялаған. Навальныйдың Путиннің қымбат "сарайы" жайлы зерттеуінде қазақстандық Болат Закарияновтың есімі аталады. Ол зерттеуде "Путиннің құпия істерін" жүргізгендердің бірі ретінде көрсетілген.

Ресей билігіндегі жоғары лауазымды тұлғалардың жемқорлық әрекеттері жайлы түрлі зерттеу жариялап, "қылмысын" әшкерелеген оппозициялық саясаткер Алексей Навальный биыл қаңтар айында түрмеге қамалған. Ол былтыр тамызда қауіпті затпен уланып, Германияға ес-түссіз күйде жөнелтілген. 2021 жылы қаңтар айында елге оралған Навальный әуежайда бірден қамауға алынды. Ол өзін ФСБ қызметкерлері улады деп санайды. Билік Навальныйдың улануына еш қатысы жоғын айтады.

Ресей билігінің қысымынан кейін Навальныйдың жақтастарының біразы елден кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG