Accessibility links

Арон Атабекті еске алу акциясында өлең оқыған белсенді әлдекімдердің қоқан-лоқы жасағанын айтты


Oyan Qazaqstan қозғалысы өкілдері Арон Атабекті еске алу митингісін өткізіп тұр. Алматы, 28 қараша 2021 жыл.
Oyan Qazaqstan қозғалысы өкілдері Арон Атабекті еске алу митингісін өткізіп тұр. Алматы, 28 қараша 2021 жыл.

Диссидент, ақын Арон Атабекті еске алу акциясы кезінде диссиденттің өлеңдерін оқыған тіркелмеген Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Жанель Шаханова әлдекімдердің өзіне хат жазып, қорқытуға тырысқанын хабарлады.

- Хатты есікке қалдырып кеткен, қоршауға іліп кетіпті. 1 желтоқсанда таңертең көрдім. Кімнің жазғанын білмеймін, – деді Шаханова.

Хатта "Урод? Урод! Скоро из твоих близких кто-то станет уродом!" деп орысша жазылған.

Белсенді мұны 28 қарашада ақынды еске алу шарасында оқыған өлеңімен байланыстырады.

- Адвокатыммен сөйлестім. Ертең бұл жағдайға байланысты кеңесемін, - деді белсенді.

28 қарашада Алматыда Oyan, Qazaqstan белсенділері Абай ескерткіші маңында 24 қарашада ауруханада көз жұмған Арон Атабекті еске алып, акция өткізген. Олар Атабектің өлеңдерін оқып, "Шаңырақ ісін" қайта қарауды талап еткен.

"Біз, Oyan, Qazaqstan мүшелері ақынның өліміне толығымен билік кінәлі деп санаймыз. Олар Аронға заңсыз үкім шығарып, түрмеге отырғызды. Атабектің денсаулығының нашарлап, көз жұмғанына жауапты. Арон Атабек өмірінің соңына дейін өз принциптеріне адал болып қалды. Рақымшылыққа келіспей, бірде-бір рет Назарбаевтан кешірім сұраған жоқ. Біз үшін ол мұқалмас қазақ самурайы болып қала береді" делінген қозғалыс мәлімдемесінде.

68 жастағы диссидент, ақын Арон Атабек 24 қарашада Алматы қаласындағы ауруханада көз жұмған. 26 қарашада оның денесі жер қойнына тапсырылды.

Диссидент "Шаңырақ оқиғасы" бойынша сотталып, 15 жыл түрмеде отырған. Ол 1 қазанда денсаулығына байланысты қамаудан босатылған. Атабек денсаулығының нашарлауына түрмедегі қатаң жағдай мен азаптаулар себеп болғанын айтқан.

Атабек өзіне тағылған айыппен келіспей, жылдар бойы толық ақтауды талап еткен. Ол түрмеде шыққаннан кейін бір топ белсенді мен саясаткер Арон Атабекті қорғау комитетін құрып, халықаралық сотқа шағымданып, Арон Атабектің ісін қайта қарауға қол жеткізуге күш салатынын айтқан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартты.

2 желтоқсанда Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілі Арон Атабектің денсаулығының нашарлауына билік кінәлі емес деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG