Accessibility links

"Концлагерьде ұстаған ба?" Түрмеден шыққан Арон Атабектің суреті көрген жанды шошытты


15 жылдан артық отырған түрмеден құр сүлдері шыққан диссидент ақын Арон Атабек. Алматы, 6 қазан, 2021 жыл.
15 жылдан артық отырған түрмеден құр сүлдері шыққан диссидент ақын Арон Атабек. Алматы, 6 қазан, 2021 жыл.

Диссидент ақын Арон Атабектің әлеуметтік желіде жарияланған тіз киімшең ғана тұрған суреті көрген адамды бей-жай қалдырмады. Көпшілік ақынды "нацистік концлагерь тұтқыны кейпіне жеткізген" билікті сынады. Ал суретті "әдепке жатпайтын, ұят" санайтындар керісінше, оны жариялағаны үшін диссиденттің туыстарын айыптап жатыр. Батыс журналистері мен құқық қорғаушылар саяси тұтқынның суреті Қазақстандағы адам құқығы ахуалы мен түрмедегі азаматтардың жайынан хабар беретінін айтады.

Мақаланың аудио нұсқасын тыңдауға да болады

please wait

No media source currently available

0:00 0:13:08 0:00
Жүктеп алу

"ҚОҒАМ МҰНЫ БІЛУІ КЕРЕК"

2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасына" байланысты айыпталып, 15 жылдан астам түрмеде отырған, жақында Алматыға оралған диссидент ақын Арон Атабектің әлеуметтік желіде жарияланған тіз киімшең ғана тұрған суреті Қазақстан қоғамын селт еткізді. Суретті диссиденттің қызы Айдана Айдархан өткен аптаның аяғына қарай әлеуметтік желіде жариялаған.

"Адам шошитын бұл фотоны жариялау үшін барлық күш-жігерімді жұмылдыруыма тура келді. Бірақ әкемнің өзі мені қолдады, өйткені бас имейтін саяси тұтқынды түрмеде қандай күйге түсіргенін қоғам білуі керек" деп жазды Айдана Айдархан.

Арон Атабектің 2006 жылғы мамырда түскен фотосы және биыл 1 қазанда билік оны түрмеден босатып, Алматыға ұшақпен жеткізгеннен кейін түсірілген суреті қатар берілген. 15 жыл бұрынғы фотода ірі денелі, бойшаң ақын орыс тілінде өзі жазған "Тамга Небесного кагана" ("Көк қағанының тамғасы") кітабын ұстап тұр. Ал биыл қазанда түсірілген суретте еті қашқан терісі сүйегіне жабысып, қабырғасы ырсиған денесі рабайсыз қисайып тұрғандай көрінеді. Суретте оң қолынан сүйем ұзын екені байқалатын сол қолы семіп, жансызданған сияқты әсер қалдырады.

"Әкемнің қолы қалам ұстап, өлең жазуға жарамайды. Бойы 180 сантиметр әкемнің салмағы қазір шамамен 50 келі. 2006 жылы түрмеге қамалардың алдында 85 килограмм болатын" деп жазады Айдана Айдархан.

"ГУЛАГ ПЕН НАЦИСТІК КОНЦЛАГЕРЬДІҢ ЖИІРКЕНІШТІ ӘДІСІ"

Ақын Арон Атабектің қу сүйегі қалған сүлдерін әлеуметтік желідегі фотодан көргенде қатты шошығанын айтқан көпшілік оны "концлагерь тұтқыны", "тірі аруақ", "Холокостан кейін" деп сипаттайды. Адамды осындай халге жеткізіп қапаста ұстау тарихта аса зұлым режимдерге тән еді, енді олардың қатарына Қазақстанды қосты деп билікті айыптайды қолданушылар.

Қазақстандық журналист Тимур Нүсімбеков Twitter-парақшасына: "Бұл сурет Kz (Қазақстанда) диссиденттерді азаптап, қуғын-сүргінге салу тарихта ғана емес, бүгіннің бір көрінісі екенін айқайлап айтып тұр. ГУЛАГ пен нацистік концлагерьлердің қылмыстық әрі жиіркенішті әдістерін қазіргінің саяси тұтқындарына қолданады" деп жазды.

Сабит Егенбердиев:

"Мынау енді масқара, адам құқығы туралы ештеңе айтпай-ақ қойсақ болады. Азаматты тірі өлік етіп, сонан соң шығарған екен ғой".

Абеке Сырдыхан: "Бұл қалай, фашистік концлагерьде осылай болды деуші еді, бейбіт тыныш заманда адамды осындай халге жеткізу деген адамзаттың алдында ақтауға келмейтін іс әрекет қой!"

Әлібек Қалмағанбетов: "Нағыз концлагерь деген Қазақстанда екен ғой".

"Біздің билік адамгершіліктен жұрдай ма, Аронның жағдайын көре тұра ештеңе істемепті. Бұл концлагерь тұтқынымен бірдей ғой" дейді Данияр Оразханұлы.

Кокеш Такешева: "Карлагтан шыққан құр сүйегі ғана екен".

Татьяна Бекжанова: "Ағзасынан түк қалмаған. Түршікпей қарау мүмкін емес".

Оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров та "әкеңіз тез сауығып кетсін. Суретте [бейнесі] концлагерь тұтқыны сияқты" деп жазған.

Айка Молдакашева атты желі қолданушы "Біз үнсіз келіскендіктен оны осындай жағдайға жеткізген" деп жазады.​

Арон Атабек "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға еркіндігінен айрылған соң түрмеде қатаң жағдайда ұсталды. Түрмеде отырған кезде ақынның азаптау туралы арыз-шағымын билік жоққа шығарды. Абақтыда отырған ақын ауруханаға сұранғанымен, билік "ол емделуді қажет етпейді" деп, өтінішін орындамады. Саяси тұтқынмен жүздесуге тілек білдірген еуропалық құқық қорғаушылар мен депутаттарға Атабекпен кездесуге рұқсат бермеді.

Тұтқынның денсаулығы барған сайын нашарлай түскенін кейінгі бірнеше жылда абақтыда диссидентпен кездескен жергілікті құқық қорғаушылар хабарлаған еді.

ДИССИДЕНТТІҢ ТУЫСТАРЫН "ӘДЕПСІЗДІГІ" МЕН "ФОТОШОП" ҮШІН АЙЫПТАУ

Әлеуметтік желі қолданушылардың бір бөлігі Арон Атабектің жалаңаш түскен суретін көпшілікке жариялауды құптамайды. Кейбірі ақынның мұндай суретін жариялау "ұлттық салт пен әдепке симайтын, ұят" қылық екенін алға тартса, енді бірі тіпті фотоны "қолдан жасалған" деп кесіп айтып, ақынның қызын айыптағандай болды.

"Жалаңаш Аронның суретін, мейлі тіпті жақсы ниетпен болсын, оның келісімінсіз таратып жатқаны аса жағымсыз әсер қалдырады" дейді Жанар Жандосова.

Қазақстан түрмесінде өзі отырып шыққан, қазір Украинада тұратын белсенді Ермек Нарымбаев бұл пікірге қарсы уәж айтты.

"Келіспеймін, биліктің фашистік сықпытын басқаша көрсете алмайсың. Және де Аронның өзі қарсы болмаған, қарсы болмайды да деп ойлаймын. Бұл – Назарбаев концлагерьлерін әшкерелеу" деп жазды Нарымбаев.

Жанар Жандосованың жазбасының астына диссиденттің туыстарын кінәлап, "Аронды масқаралады, намысы жоқ" деген сынды пікір жазғандар да болды.

Бұған Balzhan Sharkhan есімді қолданушы: "Неден ыңғайсызданып отырсыздар? Этика мен жалған моральді жамылып, қазіргі заманғы фашизмді елемеуді жөн санайсыздар ма? Рас айтып отырсыздар ма? Онда неге Освенцим мен Дахаудан бостандыққа шыққан тұтқындардың суреті сіздерге ұят болып көрінбейді?"

"Онда Освенцим жайлы видео мен фотоларға да тыйым салыңдар" деп жазды бұл пікірді қостаған Сәкен Жүсіпбеков.

Ал әуелде фотоның шынайылығына күмән келтіріп, дүдәмал ойда болған Фатима Жандосова біраздан соң "сурет қолдан жасалған" деп кесіп айтты.

"Бұл фотошоп екеніне сенімдімін" деп жазды ол.

Фатима Жандосова әлеуметтік желіде саяси тұтқын Арон Атабектің түрмеден шыққанда жалаңаш күйі түскен суретін "фотошоп" деп атады. 10 қазан 2021 ж.
Фатима Жандосова әлеуметтік желіде саяси тұтқын Арон Атабектің түрмеден шыққанда жалаңаш күйі түскен суретін "фотошоп" деп атады. 10 қазан 2021 ж.

Оның бұл сөзін Қуат Күнболатов "Арон өзін осы қалпында фотоға түсіруді сұраған, мұны білетіндіктен айтып отырмын. Шынайы фото" деп жоққа шығарды.

Белсенді Тоғжан Қожалы: "Оның жүдеу екені киімшең де білінеді. Тіз киіммен қалдырып жалаңаштаудың не керегі бар еді? Әдет-ғұрып пен әбиірді сақтау ділімізде бар. Ал былай, Арон үшін әлдебір ұят сезімі пайда болды" деп жазды.

Белсенді Тоғжан Қожалы саяси тұтқын, диссидент Арон Атабектің түрмеден шыққан соң түскен тіз киіммен тұрған суреті әлеуметтік желіде тарағаннан кейін жазған пікірі. 10 қазан 2021 ж.
Белсенді Тоғжан Қожалы саяси тұтқын, диссидент Арон Атабектің түрмеден шыққан соң түскен тіз киіммен тұрған суреті әлеуметтік желіде тарағаннан кейін жазған пікірі. 10 қазан 2021 ж.

Бірақ Тоғжан Қожалының пікірмен Ерлан Ибрагим келіспейді.

"Ал маған (ақын) тәнін емес, қазіргі биліктің күллі азғындығын көрсетіп жалаңаштады. Тіпті талайды көрген мені мына дене есеңгіретіп тастады. Және бұл ешқандай ұят емесіне сенімдімін" деп жазды ол.

Алматылық белсенді Геннадий Крестьянский ақынның қазіргі жағдайы туралы ақпаратты бөліскенін, бірақ суретін жариялауды қолдамайтынын айтты. "Бұл қызына абырой әпермейді" дейді ол.​

Zhanna Spooner деген қолданушы "Айдана, батылдық танытқаның өте маңызды, әкеңнің басынан не өткенін елестетудің өзі қиын. Иә, мұны осы күйінде қалдыруға болмайды, адамшылықтан безген бұл жүйенің өн бойындағы әркімді жауап беруге мәжбүр ету керек" деп ақын қызының суретті жариялағанын құптады.

Меруерт Әлиева:

"Халықтың көзін басқаша аша алмайсың, бұл бар болғаны қайтадан 30-жылдарға оралғанымызды білдіреді".

Сұлтан Мұсахан: "Бұл сурет қанша жерден қолайсыз болса да, біздің биліктің бет-бейнесі осы..."

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ АБЫРОЙЫНА ЖАҒЫЛҒАН ҚАРА ДАҚ"

Батыс елдерінің журналистері мен құқық қорғаушылары қазақ диссиденті, ақын, саяси тұтқын Арон Атабектің түрмеден қандай күйде шыққанынан хабар беретін суретін көрген кезде тіксініп қалғанын айтып отыр. Олардың барлығы әлеуметтік желідегі парағына Арон Атабектің суретін көшіріп жариялаған.

Қазақстанда жұмыс істейтін британ журналисі Джоанна Лиллис 10 қазанда Twitter-парақшасына:

"Бұл сурет өзі сөйлеп тұр. Сөз айтудың қажеті жоқ. Қазақстан масқара болды" деп жазған. Содан бір күн бұрын Лиллис Атабектің суретіне байланысты жариялаған постында "Қазақстанның адам құқығы саласындағы беделіне жиіркенішті қара дақ жабысқанын" айтқан еді.

Лиллистен "Бұл шынайы сурет пе?" деп сұрап, "иә" деген жауап естіген Норвегия Хельсинки комитетінің өкілі Ивар Дейл де Twitter-парақшасына Атабектің суретін жариялады.

"Бұдан адам шошиды. Қазақстанда саяси диссидент Арон Атабекті 15 жылдан кейін түрмеден шығарды. Ол өте қайратты азамат болатын. Оның қызы жариялаған сурет Қазақстанды теңестіргің келмейтін режимдер туралы ойға жетелейді" деп жазды Ивар Дейл.

Бірталай жыл британдық ВВС медиакорпорациясында істеген журналист Леонид Рогозин де "есеңгірететін" суретті парақшасына жариялады.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман "15 жыл түрме азабын шеккен диссидент ақын Арон Атабектің суретін көріп шошығанын" жазды.

Көрші Қырғызстандағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де Атабектің суретіне байланысты пікір білдіріп жатыр.

"Билікке жабысып алу, ашкөздік, ұрлық осындай репрессияға әкеледі. Бұл адамға не істеген? Тағдырын талқандап, өлсін деп шығарған ба? Өте ауыр әрі қиын..." деп жазған қырғыз азаматтық белсендісі.

Норвегия Хельсинки комитетінің өкілі Ивар Дейл 11 қазанда Twitter-дегі Арон Атабектің суреті туралы өзі жазған постының астына Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілі мен Қазақстан сыртқы істер министрлігі аккаунттарын белгілеп, "Қазақстан түрмесінде биліктің қоластында болған адамның осындай хәлге қалай душар болғанын мүмкін сіздер түсіндіріп берерсіздер?" деген сұрақ қойған.

Бұл сауалға Қазақстан билігі әзірге жауап берген жоқ.

Арон Атабек 2014 жылдан бері жазасын өтеген Павлодардағы АП-162/1 мекемесі де, диссиденттің өз айтуынша, қыркүйектің аяғында он күн жатқан Павлодар ауруханасы да оның денсаулығы туралы Азаттыққа қандай да бір ақпарат беруден тартынған.​

"АРОНДЫ ҚАЗІРГІ КҮЙГЕ ЖЕТКІЗГЕНІ ҮШІН БИЛІК ЖАУАП БЕРУГЕ ТИІС"

10 қазанда Алматыдағы Renion Residence қонақүйі залында диссидент ақын Арон Атабектің қамалғанға дейін және абақтыда жазған шығармалары топтастырылған "Поэт-бунтарь, казахский самурай" (Асау ақын, қазақ самурайы) деген атаумен баспадан жарық көрген кітапты көпшілікке таныстырды.

Тіркелмеген "Атажұрт" қозғалысы қолдауымен 500 дана болып шыққан кітапта автор қазақ елі, тарих, Шаңырақ оқиғасы жайлы ой толғап, Қазақстанда "жекешелендіру ұранымен халық игілігін талан-таражға салған" билікті сынайды. Кітаптың тұсаукесер жиынына 1990-жылдардың басында Арон Атабектің "Алаш" партиясында бірге болған серіктері, туыс-ауылдастары, тіркелмеген "Атажұрт" қозғалысының белсенділері – жиынтығы 30-35 адам болды. Бас-аяғы екі сағаттан астам уақытқа созылған шарада құқық қорғаушылар, саяси белсенділер мен өзге қоғамдық ұйымдардан ешкім байқалмады.

Диссидент ақын Арон Атабектің "Поэт-бунтарь, казахский самурай" атты шығармалар жинағы. Алматы, 10 қазан 2021 ж.
Диссидент ақын Арон Атабектің "Поэт-бунтарь, казахский самурай" атты шығармалар жинағы. Алматы, 10 қазан 2021 ж.

Шараны ұйымдастырушылар атынан сөйлеген оппозициялық белсенді Жасарал Қуанышәлин Атабектің 2006 жылы Алматыдағы Бақай мен Шаңырақ елдімекендерінде болған оқиғалар кезінде сонда тұратын қарапайым халықтың мүддесін қорғауға барғанын айтты.

– Үкімет "өз күніңді өзі көр" деп өзектен теуіп тастаған олар шама-шарқынша баспанасын тұрғызып, қара жұмыс істеп, бала-шағасын асырап өмір сүріп жатқан еді. Өз билігі Бақайды бір күнде жау шапқандай қылып, шаңырағын ортасына түсіргенде талай отбасы сорлап қалды. Сосын кезек Шаңыраққа келгенде халық баспанасын сақтап қалу үшін бірлесіп қарсы тұрды. Бұл шын мәнінде озбырлыққа қарсы халық көтерілісі болатын. Арон сол Шаңырақ көтерілісінде халықтың жоғын жоқтағаны үшін он бес жылдан артық түрмеде азап шекті, – деді Жасарал Қуанышәлин.

"Сіз Атабекпен түрмеден шыққан соң кездестіңіз, оның қазіргі бейнесі қызы жариялаған суреттегідей ме?" деген сауалға Қуанышәлин:

– Аронды жалаңаш күйінде көрген жоқпын, бірақ оның түрме тозағынан көп зардап шегіп, қатты жүдегені киіммен отырған кезінде де байқалып тұрды. Сондықтан Аронның қазіргі тарап жатқан суретін "қолдан жасаған" деушілер не биліктің сөзін сөйлейді, не басқадай жеке есеппен айтып жүр. Және де қазіргі Арон 2006 жылы сотталып, түрмеге қамалғанға дейінгі Арон емес. Түрмеде оның денсаулығына зор нұқсан келтірді, ол сырт келбеті басқа адам болып оралды ортамызға. Абақтыда оны осындай хәлге жеткізгені үшін билік жауап беруге тиіс, – деді Қуанышәлин.

2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы кезінде әлдекімдер от қойған бір полиция қызметкері кейін ауруханада көз жұмған. Сот Арон Атабекті "тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны үшін айыпты" деп тауып, 18 жылға қатаң тәртіптегі түрме жазасын кескен. Онымен бірге сотталған үш адамның екеуі – Ерғанат Тараншиев (15 жыл)пен Рүстем Тұяқов (14 жыл) 2018 жылы мерзімінен бұрын босап шықты. Ал 16 жылға бостандығынан айрылып, 2013 жылы түрме әкімшілігінің "заңды талабына бағынбағаны" үшін жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған Құрманғазы Өтегенов әлі түрмеде отыр.

"Шаңырақ оқиғасы" кезінде қаза тапқан полицейдің отбасы мен үкім шығарған сот Арон Атабек пен өзге де сотталған азаматтардың қылмысқа қатысы дәлелденген деп санайды. Атабек өзіне тағылған айыпты үзілді-кесілді мойындамайды. Ол биліктен "жаламен тағылған айыпты жойып, толық ақтауды және жазықсыз жапа шеккені үшін толық өтемақы төлеуді" талап етеді.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG