Accessibility links

Назарбаев Жаңаөзен оқиғасына Әблязовты кінәлады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен оқиғасынан кейін полиция қызметкерлерімен сөйлесіп тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен оқиғасынан кейін полиция қызметкерлерімен сөйлесіп тұр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзен оқиғасының он жылдығы қарсаңында мемлекеттік телеарналардан көрсетілген деректі фильмде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен оқиғасына қуғындағы бұрынғы банкир, шетелде тұратын билік оппоненті Мұхтар Әблязовты кінәлайды.

– Бұл - Әблязовтың ісі. Мереке кезінде алаңда тойлап жатқан адамдарға шабуыл жасау. Енді бәрі түсінікті болды, біз мұны зерттедік. Демек, ақша берген, мұнайшының киімін де кигізіп қойған, араққа тойдырып, Молотов коктейлін әзірлеген. Тәуелсіздік күні. Алаңда эстрада концерті өтіп жатқан, адамдар тұрған. Олар концерттің шырқын бұзды. Онымен тоқтамай, полиция кеңсесін талқандауға барған. Қару-жарақ қайда тұрғанын іздеген, – деді Нұрсұлтан Назарбаев деректі фильмде.

Бұл фильмді түсіруге америкалық кинорежиссёр, сценарист және продюсер Оливер Стоун атсалысқан. Сегіз сағаттық фильмнің екінші сериясы жуырда бірінші президент күні атап өтілген шақта яғни, 1 желтоқсанда мемлекеттік арналардан көрсетілген.

Фильмде Назарбаев 2011 жылы өзгелердің кеңесіне қарамастан оқиғадан кейін Жаңаөзенге ұшып барғанын айтқан.

– Түнде тікұшақпен ұшып бардым. Таңертең бүлікті көрдім. Дүкендер, пошта өртенген, полиция кеңселері бұзылған. Тұрғындарды залға жинауды сұрадым, – деді Назарбаев.

"Ақша берген". Назарбаев Жаңаөзен оқиғасына Әблязовті айыптады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

Фильмде Назарбаевтың Жаңөазендегі жиналыста сөйлеген сөзінен видеокадрлар көрсетілген.

- Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлайын деп жатқан шақта, бүкіл әлем ұлтымыз туралы естіген кезде неліктен Жаңаөзенде осындай оқиға болды? Кінәсіз адамдар опат болды. Мен бірден көңіл айту үшін бардым, - деді Назарбаев.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған. Ондаған адам жараланған.

Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен қаласына қантөгістен кейін шамамен бір жеті өткеннен кейін барды. Көптеген ереуілшілер сол кезде президентпен кездесуге қатыса алмағанын, полиция қысымына тап болғанын айтқан.

Билік әуелі Жаңаөзендегі оқиғаны "басбұзарлар әрекеті", "жаппай тәртіпсіздік" деп атап, полицияның халыққа оқ атқаны жөнінде айтпаған. Сол кезде Назарбаев "Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер кезінде жастарға 20 мың теңгеден ақша мен арақ берген, полиция өзіне бағынбаған топты жуасыту мақсатында әуелі аспанға, кейін жерге қарата оқ атқан" деген.

Кейін Жаңаөзен оқиғасынан кейін полицияның халыққа оқ жаудырғаны туралы алғашқы видеолар пайда болды. Кейбір сарапшылар сол кезде Жаңаөзен оқиғасына орай айтылып жатқан сөздер 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына бастапқыда берілген бағамен ұқсас болып шықты деп мәлімдеген.

Бірнеше жыл бұрын ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицері бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілген. Ал ереуіл бойынша "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығында сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG