Маңғыстауда қуаңшылық болсын-болмасын, жыл сайын 3,5-4 мың мал басы өледі. 3 желтоқсанда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осылай деп мәлімдеді.
– Статистика бюросының ақпаратында бар. Маңғыстау өңірінде жыл сайын 3,5-4 мыңдай мал шығыны болып тұрады. Себебі ол жақта ауа райы қиын. Ол жақта жылқыларды асырауға жағдай да жоқ, – деді министр.
Ресми мәлімет бойынша, биыл Маңғыстауда қуаңшылықтың салдарынан мыңнан астам мал қырылған. Бұған дейін мал шығынының бұдан көп екені, оған шаруалардың мал басын ресми түрде тіркемеуі себеп екені айтылған болатын.
Жұма күні ақпарат құралдарына берген сұхбатында ауыл шаруашылығы министрі мал шығыны ресми деректен көп болуы мүмкін екенін растады. Бірақ тіркелмеген мал шығынын министрліктің анықтай алмағанын айтты.
– Біз негізі қазір тек ресми цифрларды ғана көре аламыз. Ар жағын біз қайдан білеміз? Қанша шығын болғанын. Ол жөнінде жергілікті әкімдіктен сұрап көріңізші. Әкімдік өлген малдарды бір жерге жинап, жояды ғой. Солардан сұрау керек, – деді ол.
Министрдің айтуынша, биыл Маңғыстауда шаруалар қажетті жем-шөптің 70 пайызын жинап алған. "Жергілікті әкімдік жұмыстар атқарып жатыр. Қыста, көктемде жағдай қалай болатынын бақылаймыз" деді ол.
Биыл ерте көктемде жауын-шашын түспеуіне байланысты Маңғыстау облысы мен Қазақстанның тағы да бірқатар өңірлерінде мамыр айынан бастап қуаңшылық күшейіп, жаппай мал қырыла бастаған. Маңғыстау шаруалары Азаттыққа қуаңшылық биыл ғана емес былтыр да болғанын, 2021 жылы одан да күшейе түсуі мүмкіндігі жайлы дабыл қаққанын айтқан еді.
Шілде айының ортасында қуаңшылықпен күрес үшін үкімет резервінен Маңғыстау облысына – 1,9 млрд теңге, Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлінген. Алайда бұған дейін жергілікті БАҚ Маңғыстау облысына бөлінген 1,9 млрд теңге халыққа дұрыс жетпей отырғанын жазған.
ПІКІРЛЕР