Accessibility links

Георгий Албуров: Тоқаев туыстарының мүлкі 2019 жылғы сәуірден кейін жасырылды


Тоқаевтың ұлы мен бұрынғы әйелінің Мәскеудегі пәтерлері "жасырылған"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

Тоқаевтың ұлы мен бұрынғы әйелінің Мәскеудегі пәтерлері "жасырылған"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрынғы әйелі мен ұлының Мәскеудегі пәтерлері Ресей мемлекеттік реестрінде 2019 жылғы сәуірден кейін құпияланған. Бұл туралы Азаттыққа Навальный қорының зерттеушісі Георгий Албуров айтты.

Албуровтың айтуынша, Тоқаев туыстарының мүлкіне қатысты ақпараттың нақты қай күні жасырылғаны белгісіз, бірақ мәліметті тексерген күндерді салыстыра отырып, деректің қай уақыт аралығында өшірілгенін білуге болады.

– 2019 жылы сәуірде [тексергенде Ресей мемлекеттік реестрінде Тоқаев туыстарының аты-жөні болған]. Оларды тіпті бір ай бұрын да өшірген болуы мүмкін. Біз [ақпараттың] қай күні болғанын және қай күні болмағанын білеміз. Бәрі осы аралықта болған, – дейді Навальный құрған Жемқорлықпен күрес қорының қызметкері Георгий Албуров Азаттыққа берген сұхбатында.

2 желтоқсан күні Жемқорлықпен күрес қоры тағы бір зерттеуін жариялап, онда Ресей жылжымайтын мүлік базасынан Путинге жақын адамдар мен құқық қорғау органдарының кей қызметкерлеріне тиесілі деген жылжымайтын мүлік туралы ақпараттың құпияланғанын әшкереледі. Зерттеушілер сондай-ақ ақпараты жасырылғандар қатарында Тоқаевтың бұрынғы әйелі Надежда мен ұлы Тимурдың бар екенін мәлімдеді.

Жасырылғанға дейінгі "Росреестр" базасында Мәскеудегі Хамовники ауданы Усачев көшесіндегі көпқабатты үйдегі аумағы 198,6 шаршы метрлік пәтер Тимур Тоқаевқа тиесілі деп көрсетілген. Ал Мещанский ауданы Последний көшесіндегі аумағы 167,3 шаршы метр пәтер Надежда Тоқаеваның атында болған. Қазіргі базада бұл дерек жоқ. Зерттеушілердің айтуынша, екі пәтердің ақпараты өшірілген.

Албуров аталған пәтерлердің Мәскеудің ең қымбат деген аудандарда орналасқанын, әрқайсысының құны 100 миллион рубльден (1,3 миллион доллардан астам) асатынын айтты. Зерттеу қоры Тоқаев туыстары туралы ақпаратқа кездейсоқ тап болғанын айтты.

– Басында біз "Роосреестрден" өшірілген адамдарды іздеуге кірістік. Ол жерден Ресейдің кей шенеуніктерін, ФСБ қызметкерлерін, Навальныйды улағандарды көреміз деп ойлағанбыз. Бірақ күтпеген жерден Қазақстан президенті туыстарын әшкереледік, – дейді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы мен бұрынғы әйелінің шетелдегі пәтерлері жайлы алғаш рет айтылды. Ақорда сайтындағы президент өмірбаянында оның тек "ажырасқаны" ғана жазылған.

  • Ал ашық дереккөздерде тараған деректерде "Тоқаевтың бұрынғы әйелі ресейлік Надежда Давыдовна Тоқаева " деп көрсетіледі. Екеуінің қашан ажырасқаны жайлы дерек жоқ. Тоқаевтың отбасы, баласы жайлы дерек өте аз, көп айтыла бермейді.
  • Мәскеуде білім алған 68 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 20 наурыздан Қазақстан президенті қызметін атқарады. Оны президенттікке Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев таңдады. "Тұңғыш президент - елбасы" лауазымын иеленген Назарбаевтың өзі қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің біраз тетігін қолында ұстап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG