Accessibility links

HRW әзербайжан белсендісін сабағандарды жазалауға шақырды


Оппозициялық саясаткер Тофик Ягублу.
Оппозициялық саясаткер Тофик Ягублу.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы Әзербайжанды осы аптада бейбіт митингіге келгендерді күшпен таратқан полицияның әрекетін жан-жақты әрі мұқият зерттеуге шақырды. HRW сонымен бірге оппозициялық саясаткерді изоляторда қатты ұрып-соққан адамдарды анықтап, жазалауға үндеді.

"Әзербайжан билігі азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын құрметтемейтінін тағы дәлелдеді және өзгеше ойлайтындарды күшпен басты" деген штаб-пәтері Нью-Йоркте шоғырланған ұйымның Еуропа және Орталық Азия жөніндегі жетекшісінің орынбасары Геогри Гогиа 3 желтоқсан күнгі мәлімдемесінде.

Бірнеше күн бұрын Баку орталығында оппозициялық саясаткер Салех Рустамлидің бостандығын талап еткен наразыларды полиция күшпен ұстаған еді. 2 желтоқсан күнгі твит-хабарламада АҚШ-тың Бакудегі елшілігі демонстранттарға дөрекі күш қолданылуына алаңдап, "Әзербайжан Конституциясында жазылған азаматтардың пікір айту еркіндігі мен бейбіт жиналу құқығын" қолдайтынын жеткізген.

1 желтоқсанда наразылық кезінде ұсталғандар арасында оппозициялық "Мусават" партиясының белсендісі Тофик Ягублу да болған. Кейіннен оның изоляторда қатты соққыға жығылғаны белгілі болды. 60 жастағы Ягублудың айтуынша, полиция оны көк ала қойдай сабап, камера алдында Әзербайжан билігін сынамауға уәде беруге мәжбүрлеген.

HRW Ягублудың соққыға жығылуын "азаматтар мен бейбіт жиналу құқығына жасалған шабуыл" деп атап, "полицияның күш қолдануын көп жағдайда зерттей бермейтін Әзербайжан билігі оқиғаны жан-жақты, ашық зерттеп, кінәлілерді жазалауы тиіс" деп мәлімдеді.

Әзербайжан үкіметін құқық қорғаушылар адам құқығын өрескел бұзады, азаматтарды күшпен қамап, азаптайды деп жиі айыптайды. 1 желтоқсан күнгі наразылыққа қатысқандар түрмеде аштық жариялаған оппозициялық саясаткер Салех Рустамлиді босатуды талап еткен. "Ақша жымқыру" бабы бойынша айыпталған Рустамли қазір жеті жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. HRW оған тағылған айып "қолдан ұйымдастырылған" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG