Адам құқығы жөніндегі Еуропа соты Беларусь елінен Польшаға өтіп үлгерген мигранттарды кері қайтаруға тыйым салды. Бұл шешім Еуропа сотының сайтында жарияланды.
Еуропа соты 2021 жылдың 20 тамызы мен 3 желтоқсаны аралығында Еуропа одағының аумағында қауіпсіз тұруға мүмкіндік беруді сұраған 198 мигранттың 47 өтінішін қабылдаған.
Мигранттардың көбі (44) Польшаның, екеуі Латвияның, біреуі Литваның үстінен шағым түсірген.
"Шағымданғандардың көпшілігі Польша аумағында, олар Беларусьқа қайтармауды сұрап отыр. Расында Польша аумағында болса, онда кері қайтаруға болмайды",- дейді Еуропа соты.
Еуропа соты Варшавадан Беларусь-Польша шекарасында жатқан Ауғанстанның 32 азаматына адвокаттардың баруына рұқсат беруді сұрады. Страсбург кей жағдайларда мигранттарға ас-су, киім-кешек, медициналық көмек пен уақытша баспана беруді талап еткен.
Биыл қараша айынының бас кезінде Беларусь пен Польша арасында миграциялық дағдарыс ушықан еді. Желтоқсанға қарай босқындардың біршама азайғаны, стихиялы түрде пайда болған лагерлердің жойылғаны, белорус билігі мигранттардың бір бөлігін логистика орталықтарына орналастырғаны байқалған. Мыңға жуық босқын Беларусьтан Иракқа қайта ұшып кеткен.
Еуропа одағы шекарадағы миграция дауын Лукашенко ушықтырып отыр деп санайды. 2 желтоқсанда Еуропа одағы Беларусь еліне бесінші санкциясын салды. Ішінде "Белавиа" әуе компаниясы мен "Белоруснефть" мемлекеттік өндірістік бірлестігі де бар 11 ұйым мен 17 жеке тұлға осы санкцияға ілінді. АҚШ-тың қаржы министрлігі де осыған ұқсас шара қолданған.