Accessibility links

Қырғыз министрі Қазақстанға су беру мәселесін "хайпқа айналдырмауды" сұрады


Қырғызстан энергетика министрі Досқұл Бекмұрзаев.

Қырғызстан Тоқтоғұл су қоймасынан "бір литр де су" сатпады, Қазақстанға бұрын алған электр қуатын ғана қайтарып бердік. Қырғызстан энергетика министрі Досқұл Бекмұрзаев осылай деп мәлімдеді.

"Саясаткерлер бұл тақырыптан хайп жасамауы тиіс" деді министр Досқұл Бекмұрзаев "ЭлТР" телеарнасына берген сұқбатында.

Оның айтуынша, жыл басында Тоқтоғұл су қоймасындағы судың аздығын ескерген Қырғызстан Қазақстаннан 900 млн кВт/с электр қуатын алуға келіскен, оны үкімет үш жылға бөліп қайтарады.

"Ресми түрде мәлімдеймін, біз бір литр де су сатпадық. Мәселені саясиландырудың қажеті жоқ. Қажет болғанда көршілер бізге электр қуатын берді, оны қайтаруымыз керек. Үштен бірі қайтарылды. 2022-2023 жылдары да солай болады. Депутат Дастан Далабайұлын [Бекешев] құрметтеймін, бірақ су сатты деп жұртты шатастырудың қажеті жоқ. Су сатылмады, сатылмайды да" деді Бекмұрзаев.

8 желтоқсанда Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Қырғызстан министрлер кеңсесінің басшысы Ақылбек Жапаровпен кездесіп, Қырғызстанға жазда қосымша су жібергені үшін алғыс айтты. Қырғызстан үкіметінің хабарламасында бұл туралы ештеңе айтылмады.

9 желтоқсанда Қырғызстан энергетика министрлігі "қосымша су жіберілмегенін", өйткені судың әрбір текше метрі электр қуатына айналғанын, бөгеттен өткен суды Тоқтоғұл мен Таш-Кумыр су электр станциялары пайдаланғанын мәлімдеді.

Биыл Қырғызстандағы Тоқтоғұл су қоймасына су өте аз жиналды. 10 желтоқсанда мұнда 10,79 млрд текше метр су болды. Қырғызстан қыста 6-7 млрд текше метр су пайдаланатынын ескерсек, қоймада көктемге қарай су тіпті азайып кетуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG