Accessibility links

15 тәулікке қамалған белсендінің әйелі Ақмарал Біләлова бас прокуратураға барды

15 тәулікке қамалған белсенді Болатбек Біләловтің әйелі Ақмарал Біләлова қызымен бірге пикетке шығып тұр. Нұр-Сұлтан, 13 желтоқсан 2021 жыл
15 тәулікке қамалған белсенді Болатбек Біләловтің әйелі Ақмарал Біләлова қызымен бірге пикетке шығып тұр. Нұр-Сұлтан, 13 желтоқсан 2021 жыл

Таяуда сот шешімімен 15 тәулікке қамалған қоғам белсендісі Болатбек Біләловтің әйелі Ақмарал Біләлова кәмелетке толмаған қызын ертіп, 13 желтоқсанда бас прокуратура алдына наразылық пикетіне шықты.

Ақмарал Біләлова пикет өткізерден бұрын бас прокуратура ғимаратына кіріп, қамаудағы күйеуі Болатбек Біләловке "күш көрсеткен" полиция қызметкерлерінің үстінен шағым түсіргенін айтты.

- Болатбекке тағылған айыппен келіспейміз. Ол жазған петицияда митингі туралы мүлде сөз болған жоқ. Бәрінен бұрын жанымызға батқаны - полицияның оған күш қолданып, 18 сағат бойы ас-сусыз қалдырғаны. Болатбектің асқазаны ауырады, - деді ол.

Ақмарал Біләлова күйеуі отбасының жалғыз асыраушысы екенін, үш баласымен пәтер жалдап тұратынын айтады. Оның сөзінше, кәмелетке толмаған, мүмкіндігі шектеулі қызы да әкесіне қолдау көрсету үшін анасына ере шыққан.

Ақмарал Біләлова кеше, 12 желтоқсанда электронды үкімет арқылы жоғарғы сот пен бас прокуратураға полиция қызметкерлерінің үстінен шағым түсіргенін, әзірге жауап болмағанын айтты.

Ақмарал Біләловаға бас прокурордың көмекшісі Сәуле Садықова жауап берді. Оның сөзінше, шағым әзірге базаға түспеген, түскен соң қаралады.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік соты 10 желтоқсанда кешке "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп (488-бап, 7-бөлігі) айыпталған белсенді Болатбек Біләловты 15 күнге қамаған болатын. Онлайн өткен соттың видеосы әлеуметтік желіде де жарияланды.

"Сот шешімі оқылғаннан кейін полицейлер оны ұрып-соға бастағанға ұқсайды" деді әйелі Азаттық тілшісіне.

Видеода үкім оқылып жатқан кезде белсендінің камерадан көрінбей кеткені, артынша камерасы дірілдеп, белсендінің айғайлағаны естіледі. Сот шешімі толық оқылмай жатып, белсендінің камерасы өшіп қалды.

Сот онлайн өткендіктен тараптар сотқа әр жерден қосылған. Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасы ғимараты ішінен қатысқан Болатбек Біләловтың жанында полицейлерден басқа ешкім болмаған.

Туыстарының айтуынша, полиция белсенді Болатбек Біләловті 9 желтоқсанда анасының үйінің алдында ұстап әкеткен. Ол бұған дейін Еуроодақтың астанадағы өкілдігі алдына бір топ адаммен барып, үш министр және қала әкіміне жеке санкция салуды талап етіп, петиция тапсырған.

XS
SM
MD
LG