Accessibility links

"Халық полициядан қорған емес, қауіп көреді". Қазақстанда полиция қызметін реформалау неге баяу жүріп жатыр?


Спортшы Денис Теннің ескерткішін ашу рәсіміне келген жұртшылық өкілдері мен полиция қызметкерлері. Алматы, 22 маусым 2019 ж.
Спортшы Денис Теннің ескерткішін ашу рәсіміне келген жұртшылық өкілдері мен полиция қызметкерлері. Алматы, 22 маусым 2019 ж.

Қарашаның басында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІМ реформалау қалай жүріп жатқанын айтып, полицияның сервис моделін енгізу жобасына тоқталды. 2018 жылы жазда Алматының қақ ортасында қазақстандық спортшы Денис Тен ұрылар қолынан қаза тапқан соң елде ішкі істер жүйесін реформалау жайлы талқы басталған. Содан бері үш жарым жылда не өзгерді? Полиция реформасы неге сонша ұзаққа созылды?

ЖАҢА ФОРМА, ШТАТ ҚЫСҚАРТУ ЖӘНЕ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС

Полиция реформасы құқық қорғау органы қызметкерінің сырт келбетін өзгертуден басталды: патрульдік және учаскелік полицейдің, кейінірек кеңсе қызметкерінің киімі ауысты. Қызмет киімі қара көк түсті болуы керек деген жалғыз талап қойылды.

ІІМ полиция қызметкерлерінің саны қысқарғанын мәлімдеді. Екі жылда 13 500 штат қысқарған. 2021 жылы тағы үш мың қызметкерді жұмыстан босату жоспарланған. Қазір 100 мың қазақстандыққа 369 полицейден келеді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Бельгия (412) мен Францияның (340) ортасында тұр. Бұрын жүз мың қазақстандыққа 471 полицейден келетін.

ІІМ полиция қызметкерінің білім деңгейін арттыруға байланысты да бірқатар өзгеріс енгізген. Жоғары оқу орындарының саны 12-ден 5-ке дейін қысқарған. Биыл басшылар құрамын дайындайтын факультет жұмысын бастаған. Қыркүйектен бастап полиция қызметкерлеріне халықпен жұмыс істеуді үйрететін факультет (оқу алты айлық курстан тұрады) ашылған.

ІІМ дерегінше, кейінгі екі жылда жемқорлыққа қарсы күрес күшейген. Ведомство ақпаратына сәйкес, қазір полиция қызметкерлері арасындағы жемқорлық қылмыс саны 40 пайызға азайған.

Өткен аптада конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жергілікті полиция қызметін реформалау жалғасып жатқанын, учаскелік инспектордың құзыреті кеңейгенін айтты. Одан бөлек, "полиция адым жерде" принципі аясында құқық қорғау органы қызметкерлерінің үнемі қажет орыннан табылуын қамтамасыз ету жұмысы қолға алынған.

Дамыған елдер тәжірибесіне сүйеніп, қаланың қылмыс көп тіркелетін аудандарына күні-түні жұмыс істейтін модульді полиция бекетін орнату жобасы басталған. Қазірге дейін осындай 71 нысан пайдалануға берілген, алдағы бес жылда тағы 143 полиция бекетін салу жоспарланып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған кезде үкіметтің жер реформасына қарсы азаматтардың наразылық акциясын таратуға келген полиция арнайы жасағы. Алматы, 21 мамыр 2016 ж.
Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған кезде үкіметтің жер реформасына қарсы азаматтардың наразылық акциясын таратуға келген полиция арнайы жасағы. Алматы, 21 мамыр 2016 ж.

Өңірлерде қоғамдық орындар мен автомагистраль бойында "Полицияны көмекке шақыру" құрылғысы сынақтан өтіп, іске қосылып жатыр. Бұл құрылғы полициядағы жедел басқару орталығы қызметкерімен шұғыл байланысуға мүмкіндік береді. Құрылғыға орнатылған камера айналада болып жатқан оқиғаны видеоға түсіріп, динамиктер жедел басқару орталығы офицеріне көмек сұрап хабарласқан адаммен аудиобайланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл құрылғылар жыл аяғында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Депутаттарға құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша жаңа жобалар таныстырылды. Оларға жол полициясы жұмысындағы өзгерістер, жаңартылған бейнебақылау жүйесі, электрон білезіктер мен электрон форматтағы мемлекеттік қызметтер тізімі көрсетілді.

"ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІН АЗАМАТТЫҚ ТҰЛҒА БАСҚАРУЫ КЕРЕК"

Спортшы Денис Теннің қазасынан кейін Facebook-те "ІІМ реформалаймыз" тобы құрылған. Топ қатысушылары өздерін ішкі істер министрлігі мен қоғам арасындағы модератор қызметін атқаратын азаматтық белсенділерміз деп таныстырады. Олар қоғамнан "Полиция жұмысында нені өзгерту керек?" деген сұраққа жауап алып, бұл ұсыныстарды ішкі істер министрлігіне тапсырады.

– Ұсыныстарымыздың бірі – мынау: ішкі істер министрлігін азаматтық тұлға басқаруы керек. Өйткені полиция халыққа қызмет етеді. Орынбасарлардың бірін полиция қызметкерлерінің арасынан тағайындауға болады. Ашықтық, халыққа есеп беру туралы айттық. Елімізде полиция өкіліне сенім аз. Халық көбіне полициядан қорған емес, қауіп көреді. Конструктивті өзгерістер болғанын қалаймыз, сынасақ, орнына ұсыныс айтамыз, – дейді азаматтық белсенді, кәсіпкер, "ІІМ реформалаймыз" қозғалысына қатысушы Гүлшат Нұрпейісова.

Белсендінің айтуынша, ішкі істер министрлігі қозғалыс қатысушыларының 40 шақты ұсынысын қарап жатыр. Олардың арасында "полиция сервис қызметін енгізуге талпыныс, полицияға жат қызметтерді алып тастау" сияқты ұсыныстар да бар. Нұрпейісова ведомство жабық түрде жұмыс істейтіндіктен, қиындық та көп деп есептейді.

– Құжаттарды алу үшін ұзақ күрестік, полиция жұмысы қандай критерий бойынша бағаланатынын білуге тырыстық. Бірақ бәрі жабық әрі құпия болғандықтан, сарапшылар мынадай нұсқа ұсынды: кезінде Еуропаның көп мемлекеті қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық модель қызметін енгізген. Бұл топқа бірнеше қызмет өкілі кіреді. Жүйе дұрыс құрылмағандықтан, біздегі полицияның жұмысы шаш-етектен. Қауіпсіздікті бір ғана полиция қамтамасыз ете алмайды. Комиссия полиция қызметі парадигмасын қылмыспен күресуден оның алдын-алуға қарай өзгертуге жұмыс істейді. Аталған топта пробация, әлеуметтік қорғау қызметі, прокуратура, денсаулық сақтау министрлігі, полиция мен әкімдік өкілдері болады. Белгілі бір қауымдастықта немесе учаскеде қылмыстық жағдай қалыптасқанын байқадық делік. Мысалы, орталықта ұрлық, ал қала іргесінде нашақорлық, кісі өлтіру не тұрмыстағы зорлық көп кездесуі мүмкін. Жергілікті жердегі комиссия әр ауданның қажеттілігін зерттеп, білім саласы (мектептер), ойын-сауық саласы (мейрамханалар) қандай қиындықтарға тап болып отырғанын анықтауы керек, – дейді Гүлшат Нұрпейісова.

Белсендінің айтуынша, бұл жобаларға екі халықаралық ұйым (оның бірі –ЕҚЫҰ: жоба Қарағандыда басталып, қазір басқа қалаларда жалғасын тауып жатыр) қаржы бөлген. Гранттың жалпы құны – 600 мың еуро.

– Пилоттық жобаны Алматының Алатау және Бостандық аудандарында жүзеге асырмақпыз. Бірақ жоба әлі басталған жоқ. ЕҚЫҰ дайындығынан өттік. Ұйым өкілдері келіп, Қарағандыдағы пилоттық жоба тәжірибесімен бөлісті. Енді жобаның басталуын күтіп отырмыз. Әзірге – осы, – дейді Нұрпейісова.

Белсенді сондай-ақ полицияда кадр тапшылығы мәселесі барын, көбі жалақысы төмен жұмысқа барғысы келмегендіктен, бұл қызметке білімі төмен адамдар жиналатынын айтады. Оның үстіне, полиция кадр дайындап үлгермейді.

Қазақстанда бейбіт митингілерге шығатын азаматтар мен белсенділерді көбіне полиция ұстайды. ЕҚЫҰ ІІМ жүйесін реформалап, сервистік полиция моделін енгізу үшін дамыған елдерде полицияның халықпен, оның ішінде бейбіт демонстрация қатысушыларымен қалай жұмыс істейтіні жөнінде ақпарат жинаған.

– Бастысы, митингіге шығуға қорықпаймыз деген түсінік болуы керек. Конституция мен Қазақстан қол қойған халықаралық конвенцияларда азаматтардың жиналып, бейбіт түрде пікір білдіруге құқығы бар деп жазылған. Мемлекет полиция мен жергілікті билік арқылы осы құқығымызды жүзеге асыруға көмектесуі керек. Бұл нұсқаулықтардың бәрі қоғамдық тәртіпті сақтау үшін азаматтармен және бейбіт жиын ұйымдастырушыларымен бірлесіп жұмыс істеуді үйретеді. Бізде бейбіт (рұқсат етілген) жиындарда қауіпсіздікті сақтау міндетін мүлде дайындықтан өтпеген, митинг қатысушыларымен қалай жұмыс істеу керегін білмейтін учаскелік полиция қызметкеріне жүктеп қояды, – дейді Гүлшат Нұрпейісова.

Үкіметтің жер реформасына наразылық білдіріп, көшеге шыққан азаматтарды күшпен таратуға келген полиция арнайы жасағы. Алматы, 21 мамыр 2016 ж.
Үкіметтің жер реформасына наразылық білдіріп, көшеге шыққан азаматтарды күшпен таратуға келген полиция арнайы жасағы. Алматы, 21 мамыр 2016 ж.

Белсенді бейбіт митингілер кезіндегі полиция қызметінен бір ғана оң өзгеріс байқаған: кейінгі кезде арнаулы жасақ өкілдерінің қатарында әйелдер пайда болған. Бірақ Қазақстан ЕҚЫҰ-ның митинг кезіндегі іс-қимыл алгоритмі тақырыбындағы басқа ұсыныстарын орындауға асығар емес. Гүлшат Нұрпейісова сөзін "полиция қызметін реформалау – қиын шаруа, бірақ жүйенің икемсіздігінен бұл жұмыс өте баяу жүріп жатыр" деп түйіндеді.

"ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНДЕ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС ЖОҚ"

Саясаттанушы, "ІІМ реформалаймыз" қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Димаш Әлжанов "Қазақстанның жаңа полициясы" концепциясын жазуға қатысқан. Бұл құжатта азаматтар талабы мен полиция қызметіне байланысты үздік әлемдік тәжірибе біріктірілген.

– Өз тарапымыздан 112 өзгеріс ұсындық. Экономикалық әріптестік және даму ұйымының экономикалық және саяси тұрғыдан дамыған елдерінің үлгісі бойынша бұл ұсыныстар полиция қызметін түбегейлі өзгертуі керек еді. Олардың қатарында полиция қызметін ашық ету, қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен тиімділігін арттыру, полиция құрамын толықтай жаңарту, жемқорлыққа қарсы шаралар, азаматтар құқығын қорғау механизмдері сияқты ұсыныстар болды. Күткендей-ақ билік полицияның рөлі мен жұмыс істеу әдісін өзгертуге дайын емесін көрсетті. Сондықтан үкімет негізгі ұсыныстарды кері қайтарып, құрылымның тиімділігін арттыру, полиция бөлімдерінің атауын департамент деп өзгерту, білім саласын жетілдіру (полиция академиясын ашу) сияқты өзі үшін қауіпсіз 20 шақты ұсынысты ғана назарға алды. Полицияның жұмысын жақсартып, қоғамға қызмет ететін деңгейге жеткізу үшін бұл шаралар жеткіліксіз, – дейді Димаш Әлжанов.

Саясаттанушының пікірінше, билік реформа жүргізген сыңай танытып, полицияны бұрынғыша саяси бақылауында ұстап, оны қоғам мен саяси қарсыластарына қарсы репрессивті аппарат ретінде қолдануды жалғастырып отыр.

– Полиция қызметі түбегейлі өзгерген жоқ. Оның жұмысы әлі де саяси мүдделерге тәуелді. Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін басты орынға қою үшін Алматы полициясы халық сайлаған жергілікті билікке ғана бағынышты болуы керек. Осылай полиция, мемлекет пен қоғам арасында дұрыс байланыс құрылады. Қылмыс деңгейі төмен, полиция халыққа есеп беріп, өз құзыретін асыра пайдаланбайтын елдерде бәрі осылай жұмыс істейді, – дейді саясаттанушы.

2018 жылы жазда осы жерде Денис Тенді пышақтап кетті. Ауыр жараланған спортшы қайтыс болды. Алматы, 22 маусым 2019 ж.
2018 жылы жазда осы жерде Денис Тенді пышақтап кетті. Ауыр жараланған спортшы қайтыс болды. Алматы, 22 маусым 2019 ж.

Әлжанов ойын "Ел аумағында уәде етілген фронт-кеңселер ашылған жоқ, қарапайым азаматтардың полицияға қолжетімділігі әлі де шектеулі, сондықтан полиция реформасы сәтсіз аяқталды деуге болады" деп қорытындылады.

"ДҰРЫС ОЙЛАСТЫРЫЛМАҒАН АСЫҒЫС РЕФОРМА"

Еуропа одағының қаржылай қолдауымен саяси-құқықтық реформалар орталығымен (Украина) бірге қолға алынған "Демократиялық полиция қызметінің сервис моделі" жобасын жүргізуші "Құқықтық саясатты зерттеу орталығы" қоғамдық қоры ұлттық сарапшысы Назгүл Ерғалиева Қазақстандағы полиция реформасы қиын жүріп жатыр деген пікірге қосылады.

– Бірақ бұл қоғамдық ұйымдар мен азаматтық белсенділер – өзім дәл осы сектордың өкілімін – реформаға жәрдемдесу жолындағы жұмысынан бас тартуы керек дегенді білдірмейді. Кез келген ұйымды өзгерту үшін оны құраушы барлық элементті – адамдарды, процестерді, технологияларды және ең бастысы, мәдениетті өзгерту керек. Ал полиция – күрделі тарихы бар үлкен ұйым. Бәрінен де технологияны өзгерту оңай. Бірақ адамдар мен ұйымның мәдениетін өзгерту қиын. Бұған өте көп уақыт керек. Тез әрі сапалы өзгеріс енгізгіміз келсе, бұған қыруар қаржы, қаншама сарапшылар мен көшбасшылар қажет. Бізде реформадан күтілетін нәтиже мен қолда бар ресурс арасындағы алшақтық үлкен. Жедел әрі маңызды өзгерістер көрмей отырғанымыздың себебі де – осы, – дейді ол.

Назгүл Ерғалиеваның айтуынша, ішкі істер министрлігі "ІІМ реформалаймыз" азаматтық бастамасы ұсынған 16 стратегиялық бағыттың жартысы бойынша ғана азын-аулақ жұмыс жүргізіп, құрылымдық реформа, полицияның ашықтығы пен халыққа есеп беруіне қатысты маңызды мәселелерді назардан тыс қалдырған. Төменде белсенділер ұсынған негізгі бағыттар көрсетілген:

I. СЕРВИСТІК ПОЛИЦИЯ МОДЕЛІН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА ҚАЖЕТТІ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ РЕФОРМА

1. Ішкі істер министрлігіне азаматтық тұлғаны басшы етіп тағайындау;

2. Қазақстан полициясын ішкі істер министрлігі жанындағы жеке орган ретінде қайта құру;

3. Жергілікті полиция қызметін дамыту;

4. Полиция қызметінде адам құқықтары, заң үстемдігі мен заңдылық стандарттарын толық сақтау;

5. Ішкі істер министрлігінің қылмысқа қарсы күрес саласындағы қызметін нақты белгілеп, артық міндеттерді алып тастау;

6. Демилитаризация және полицияның сервистік бейімін арттыру.

II. ЖАҢА КАДРЛЫҚ САЯСАТ

7. Полиция құрамын біртіндеп жаңарту;

8. Полиция қызметкерлерін дайындау, білімін жетілдіру және аттестациядан өткізудің заманауи моделін құру;

9. Ашық әрі түсінікті карьералық даму, жемқорлық пен қызметкерлердің басшыларға тәуелді болуына жол бермеу;

10. Полиция мен жекелеген қызметкерлер жұмысын бағалаудың жаңа жүйесі.

III. ХАЛЫҚҚА ЕСЕП БЕРУ, АШЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ТИІМДІЛІК

  1. Полиция қызметіне парламенттік және қоғамдық бақылау орнату. Азаматтар полиция ғимаратына еркін кіріп-шыға алуы керек;
  2. Құпиялық деңгейі жоғары құқықтық актілерді толық тексеруден өткізу;
  3. Адамдарды ақылған қонымды күдік болған жағдайда ғана ұстау және ұсталған азаматтардың құқығы;
  4. Полиция қызметін бақылайтын тәуелсіз институт;
  5. Тиімді реакция білдіру механизмі.

Ерғалиева Қазақстанға дамыған елдерде қолданылатын дәлелденген қоғамдық саясат стандарттарын қабылдау керегін айтады.

– Дамыған елдерде белгілі бір саланы дамытып не реформалауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар ғылыми негізделген әдістер көмегімен (мәселені белгілеуден бастап, шаралардың қандай нәтиже беретінін бағалауға дейін) алынған ақпаратқа сүйеніп дайындалады. Бізде өкінішке қарай, реформалар ғылыми әдістер мен дәлелдерден тым алыс. Біз "жол картасы" мен "іс-қимыл жоспарын" тез қабылдаймыз. Мемлекеттік органдар бағдарлама жүз пайыз орындалды деп есеп береді, бірақ жүйелі мәселелер сол күйі шешілмей қалады не одан әрі ушыға түседі. Өкінішке қарай, дәлелденген саясат тұрғысынан алғанда дұрыс ойластырылмаған әрі асығыс жүзеге асырылып жатқан полиция реформасы да осы трендке сәйкес келеді, – дейді сарапшы.

Вакцина салғызуға мәжбүрлеуге қарсы азаматтар митинг өткізбек болған жергілікті әкімдік маңайын бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 17 шілде 2021 ж.
Вакцина салғызуға мәжбүрлеуге қарсы азаматтар митинг өткізбек болған жергілікті әкімдік маңайын бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 17 шілде 2021 ж.

ІІМ-НІҢ ҚҰРҒАҚ УӘДЕСІ

Құқықтық саясатты зерттеу орталығының (LPRC) құқықтық мәселелер бойынша аға кеңесшісі, қылмыстық процесс, адам құқықтары және конституциялық құқық бойынша жазылған жарияланымдар авторы Дмитрий Нурумов полиция қызметін бағалау параметрлері ұзақ жылдан бері өзгермегенін айтады.

– Онда "полиция қызметін сырттай бағалау" деген түсінік жоқ. Мұнда әртүрлі құралдар болуы мүмкін, қазір негізінен ведомствоның ашылған қылмыстар бойынша статистикалық көрсеткіштері қолданылады. Оның орнына тәуелсіз құрылымдардың көмегімен халықтың полицияға сенімі туралы сауалнама жүргізу, реакция білдіру жылдамдығын бағалау сияқты прогрессивті құралдар енгізуге болады, – дейді Нурумов.

Сарапшы полиция реформасының баяу жүру себебін ведомствоның әскери құрылым болып қалуынан және ішкі істер министрлігінен жеке қызмет ретінде бөлініп шықпауынан іздейді.

– ІІМ басшысының қызметі – саяси лауазым. Бұл қызметте азаматтық тұлға отыруы керек. Қабылданған шешімдердің бір бөлігі қоғамға тәуелді болуы қажет. Сонда полиция халыққа бағынады. Қазір халықтың қолында мұндай ықпал жоқ. Бірақ бұл ықпал халық басып кіріп басқара береді дегенді білдірмейді. Бұл – билік тармақтарының арасында тепе-теңдік сақтау жүйесі. Оған полиция кеңесінде тәуелсіз мүшелердің болуы, мәслихат тарапынан міндеттерді белгілеп, орындалуын қадағалау, сот бақылауы, полиция басшысының жылына бір рет парламент алдында есеп беруі кіреді. Қазақстанда азаптау мен заңсыз тергеу жүргізу әдістеріне қатысты шағым көп тіркелетінін ескерсек, осылай жасалуы керек. Шағымдарды қараудың тәуелсіз механизмдері, полиция омбудсмені, тұтқындармен тәуелсіз кездесу мүмкіндігі керек, – дейді Нурумов.

Ол ішкі істер министрлігінің ішкі реформа жүргіземіз деген уәдесіне нақтылық жетіспейді деп есептейді.

– Полиция қызметінде түбегейлі өзгеріс болады, ведомствоны қайта құрамыз деген уәделер болған жоқ. Олардың штат құрамын қысқарту, косметикалық шаралар, техника сатып алу, пилоттық жобалар өткізу, "полиция – бір адым жерде" принципі сияқты уәделері "жол картасында" бекітілген. Бұл мақсаттардың бір бөлігі енді орындалады, екінші бөлігі – шектеулі, оқшау сипатқа ие. Қоғам белсенділері 112 ұсыныс айтқан, министрлік оның 18-ін ғана қабылдады. Қалған ұсыныстар полицияның түбегейлі өзгеріп, қоғамның демократизациядан өтуін талап етеді, – дейді Нурумов.

9 қарашада ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халықтың 76 пайызы полицияға сенеді деп мәлімдеген. Бірақ министр мұны қандай әлеуметтік сауалнама қорытындысына сүйеніп айтқанын нақтыламаған. Зерттеу журналистикасымен және жалған ақпаратты анықтаумен айналысатын Factchek.kz сайтының журналисі Думан Терлікбаев министрдің сөзінде манипуляция белгілері барын айтып, шенеунік әлеуметтік зерттеуді қандай ұйымдар жүргізгенін айтқан жоқ дегенді алға тартады. Азаттық сұрағына жауап берген азаматтардың көбі полицияға сенбейтінін, бұған арыз-шағымдарының дұрыс қаралмауы себеп болғанын айтқан. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің дерегінше, жемқорлық үшін жауапқа тартылған азаматтардың 57 пайызы – полиция қызметкерлері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG