Accessibility links

Денис Тен қайтқалы жыл өтсе де полиция "реформаланып" бітпеді


1 мамыр күнгі митингі кезінде жүгіріп бара жатқан арнайы жасақ сарбаздары. Алматы, 1 мамыр 2019 жыл.

Белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің шабуылдан қаза тапқанына бір жыл толған кезде ішкі істер министрлігін реформалау қажеттігі туралы талқылау әлі басылған жоқ. Кезінде «әрекетсіздігі» үшін сыналған полиция қызметінде не өзгерді?

Былтырғы шілденің 19-ында шабуылдан жараланған қазақстандық жетекші мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ауруханада жан тапсырды. Сол күні спортшы көлігінің айнасын ұрлап әкетпек болғандарға қарсы шығам дегенде пышақ тиіп өлімші болып жараланған еді. Теннің өлімі азаматтардың қауіпсіздігі мен ішкі істер министрлігін (ІІМ) реформалау сияқты тақырыптарды қызу талқылауға түрткі болған.

ЖҮЗЕГЕ АСҚАН-АСПАҒАН ЖАЙТТАР

Сол күндері Facebook-та құрылған «ҚР ІІМ-ді реформалауды талап етеміз» («Требуем реформу МВД РК») қауымдастығына аз уақыт ішінде 15 мың мүше тіркелді. Бастамашыл топтың алғашқы талаптарының бірі сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты және Алматы қалалық полиция департаментінің директоры Серік Күдебаевты отставкаға жіберу еді.

25 жасында қаза тапқан Денис Тенге шабуыл жасаған екі күдікті ертеңінде-ақ ұсталған. Көп кешікпей қылмыстарын мойындаған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов адам өлтіру бабымен 18 жылға сотталған. Жанар Толыбаева қылмыс туралы ақпаратты хабарламағаны үшін төрт жыл бас бостандығынан айырылған. Кейін бұл жазаны сот жеңілдеткен.

Қоғамның сынына ұшыраса да, министр Қасымов қызметінен кетпеген. Былтыр күзде оны сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев мақтап, ІІМ-ді реформалауды тапсырған.

- Генерал Қасымовты еліміздегі ең тәжірибелі полицей, адал әрі тәртіпті адам деп санаймын. Полицияға не қылуға болатынын өзі ұсынады деп есептеймін, - деді Назарбаев.

Биыл ақпанда Қасымов қызметінен кетіп, президенттің көмекшісі әрі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды. Ерлан Тұрғымбаев министр қызметіне кіріскен кезде ІІМ-ді реформалау туралы сөзді билік қайта қозғады. Тұрғымбаев «журналистерден қашпауға» сөз беріп, полиция жұмысын жақсарту туралы көпшіліктің пікіріне құлақ асатынын айтқан.

ВИДЕО: Полиция жұмысына шағымданушылар көп (Наурыз айы, 2019 жыл).

Полиция жұмысына шағым айтушылар көп
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:55 0:00

Сол кезде басталған ІІМ-ді реформалау науқанын ресми дерек көздері «ең ауқымды» деп сипаттаған. Министрлік қызметкерлерінің жаңа форматқа сәйкес дайындалатыны, штаттың он пайызы қысқартылатыны, үнемделген қаржының полицейлердің жалақысы мен жәрдемақысын өсіруге жұмсалатыны және полицей киім үлгісінің жаңартылатыны хабарланған. Бұл реформа 2021 жылға дейін аяқталуы тиіс.

Серік Күдебаев Алматыдағы қызметінде қалды. Биылғы маусымда үкіметке қарсы наразылық акциялары өткенде ол жаппай қамау науқанын көшеге шығып, тікелей басқарып тұрды.

«ҰСЫНЫСТАРЫҢЫЗ ҚАПЕРГЕ АЛЫНАДЫ»

Ирина Медникова — Facebook-та «ҚР ІІМ-ді реформалауды талап етеміз» тобын құрғандардың бірі. Оның сөзінше, бастамашыл топ министрлікті реформалау бойынша 16 ұсыныс әзірлеген. Бұл ұсыныстар ІІМ-ді қызмет көрсету үлгісінде құрылым жағынан реформалау, кадр саясатын жаңарту және полицияның ашық түрде есеп беруі сияқты үш саланы қамтиды.

- Әсіресе, министрлікке азаматтық тұлғаны басшы етіп тағайындауды, тіке қатысы жоқ функцияларын қысқартуды, демилитаризациялауды және қызмет көрсету моделіне көшіруді, кадрларды кезең-кезеңімен жаңартуды, заманауи білім беру және біліктілік арттыру жүйесін құруды, полицияны қоғамға бақылатуды ұсындық. Дайын тұжырымдаманы ІІМ-ге, президентке, үкімет басшысы мен парламент мүшелеріне жібердік, - дейді Медникова.

Белсенді топ мүшесі біраз уақыттан соң министрліктен «ұсыныстарыңыз қаперге алынады» деген жазбаша жауап келгенін айтады. Бастамашыл топ өкілінің сөзінше, оларды ІІМ-ді реформалау туралы жиындарға ешкім шақырмаған.

- 2018 жылдың күзінде президент жолдауының және оның ІІМ-мен кездесу кезінде айтқан сөзінің контент-анализін жасадық. Біз ұсынған идеялардың 30 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевтың да аузынан шықты. «Полицияның сервистік моделі» және «фронт-офистер» сияқты қоғамдық талқылауға ендірмек болған терминдерімізді қолданды, - дейді Ирина Медникова.

Көктемде Медникова Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жетекшісі Алик Шпекбаевпен кездесуге шақырылған. Ол бастамашыл топтың атынан зардап шеккендер мен куәгерлердің полиция мен жедел жәрдемге жылдам хабарласуына сеп болатын, полицияға түсетін мәліметті ретке келтіретін және азаматтар полицейдің қызметіне баға беретін мобильдік қосымша туралы идеясын жеткізген.

- Ол (Алик Шпекбаев – ред.) бұл идеяға елең етіп, тобымызды Алматыда сервистік полиция қызметін құру бойынша үшжақты жоспарды бірге жасауға шақырды. Бірнеше айдан соң бұл жоспарға ІІМ мен агенттік басшылығы, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы және біздің топ қол қойды, - дейді Ирина Медникова.

2019–2020 жылдарға арналған бұл жоспардың мақсаты «ішкі істер органдарындағы жемқорлық қаупін азайту; қоғаммен қарым-қатынас жасау процестерін цифрландыру; қоғамның сенімін арттыру».

- Амал не, бұл жоспарға барлық идеямыз кірмей қалды. Оның үстіне көктемде полицияның рұқсатсыз митингіге шыққан адамдарды – қариялар мен әйелдерге дейін бетқаратпай аяусыз түрде күш қолдана жаппай ұстап, қалай қимылдағанын және көрдік. Бұл мәселе шымбайымызға қатты батады. Басқа тәсілмен, басқа алаңда жоспарға енбей қалған талап-тілектерімізді танбай айта бермекпіз, - дейді Медникова.

ҚАТЫСУШЫЛАР МЕН БАҚЫЛАУШЫЛАР ПІКІРІ

Вашингтондағы Ұлттық қорғаныс университетінің профессоры, полиция реформасы бойынша сарапшы Эрика Марат Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанда болып жатқан процестің пост-советтік көптеген елге тән құбылыс екенін айтты.

- Әрбір постсоветтік елде билік пен президент ауқымды полиция реформасы туралы уәде қылған. Бірақ көбіне-көп мұндай мәлімдемелерден соң полицейлердің материалдық жағдайын жақсартып, құрал-жабдығын жаңарту туралы нұсқау беріледі де, қызметінің сипаты өзгермегенін күйі қалады.… Денис Теннің қайғылы өлімінен соң билік полицияға қатысты қоғам мүддесі мен мұқтаждығын айтуға ықыласты болған сәтті пайдалана алмады. Билікке қоғамдық резонансқа құлақ асу керек еді. Бірақ, амал не, билік диалогқа беттемей, өзіне тиімді реформа жариялады, - дейді сарапшы.

Қарай отырыңыз: Эрика Мараттың Азаттыққа берген сұхбаты (Орыс тілінде).

Эксперт Эрика Марат - о реформе МВД в Казахстане
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:39 0:00

Марат ханымның сөзінше, постсоветтік кеңістікте ондаған жыл бойы қалыптасқан полицияның жұмыс істеу әдісін өзгерту үшін зор трансформация қажет.

- Полиция совет режимінде саяси элитаға қызмет етті. Бар болмысы соны қорғап, жаппай толқу мен қылмыстың алдын алу еді. Полицияның билікке басыбайлы күй кешуі постсоветтік кезеңде де сақталды. Тіпті бәсекелі сайлауда, мысалы Украина, Грузия мен Қырғызстанда жеңіп шыққан сасаткерлер үшін осы бір советтік мұраны – билікке барынша берілген және кез-келген халық наразылығын басып тастайтын полицияны сақтап қалу тиімді. Қазақстан да тура осындай халді бастан кешіп отыр. Полиция халық емес, билік үшін қызмет етеді, - дейді Эрика Марат.

Қазақстандағы кейбір белсенді мен құқық қорғаушы да оның сөзімен келіседі. Полицияны реформалауға шақырып жүрген азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшев Теннің өлімінен соң Алматыдағы полиция департаментіне хабарласып, «қаладағы қылмыс санының өсу» себебін білмек болған.

- 1990 жылдары-ақ салдармен емес, себеппен күресу керектігін түсінгем. Заң ғылымына сәйкес басынан осылай жасалуы керек еді, бірақ, амал не, Қазақстанда мұндай іс қылу жоқ, - дейді Ілияшев.

Белсенді 35 мәрте өтініш түсірсе де, Алматыда бейбіт митинг өткізу рұқсатын ала алмаған адам ретінде танылған еді. Тек бір өтініші – маусымның 30-ында Алматыда жиын өткізу туралы арызы мақұлданған. Ілияшев еріксіз белсенді болғанын айтады, «түкке алғысыз көлік айнасы үшін үздік азаматтары мерт болып жатқан елде» белсенді болмау мүмкін емес деп санайды.

ІІМ қызметіндегі себеп пен салдар туралы Азаттыққа ойын айтқан Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау бойынша халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтистің пайымдауынша, полицияда тиімді реформа жасау үшін саяси өзгеріс керек.

- Саяси жүйе либерализацияға бет алып, қазіргі авторитарлық жүйеден арылуға мақұл болса ғана ІІМ-ді реформалаудың алғышарттары пайда болады. Әзірше ІІМ басқа да күш құрылымдары сияқты саяси түрде басқарылатын мемлекеттік органдар қатарында тұр. Полициямыз бәрімізді ықтимал заң бұзушы деп санайды, мекемеге бағынышты топ көреді. Бұларды бақылап, басқарып, анықтап, күдікті етіп, әшкерелеу керек деп санайды. Бұл концепция өзгермейінше, түбегейлі реформаға үміт артудан қайыр жоқ, - дейді құқық қорғаушы.

Қазақстандық журналист Сергей Дувановтың да пікірі осыған саяды. Оның ойынша, ештеңе өзгермеген, өзгермейді де.

- Қазақстан қол қойған конвенцияларды бұзып, қатаң түрде жанышталған рұқсат етілмеген митингілерге қатысты жағдай – осының айғағы. Елдегі авторитарлық режим сол күйі тұрғанда министлікті реформалау мүмкін емес. Әлбетте, авторитарлық елде де тәртіп орнатуға болады (мысалы, Сингапур сияқты). Бірақ бұл үшін жетекші мен билік басындағы таптың құрылымды реформалауға жетерліктей саяси ерік-жігері керек. Біздің жағдайда бұлай қылу мүмкін емес, өйткені бәрі жемқорлыққа, таныс-тамырлыққа және селекцияға тіреліп тұр, - дейді Дуванов.

Азаттық ІІМ-нен «ҚР ІІМ-ді реформалауды талап етеміз» бастамашыл тобының қандай ұсыныстарын қаперге алғанын және жыл басында жарияланған реформаның қалай жүзеге асқанын сұрауға тырысты. Мақала жарияланған уақытқа дейін министрлік ресми сұрауға жауап берген жоқ.​

  • 16x9 Image

    Пётр ТРОЦЕНКО

    Пётр Троценко - Азаттықтың Алматы бюросының тілшісі. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын "Уральская неделя" басылымында, "Инкар-инфо" интернет радиосында бастаған. 2007-2016 жылдары Алматыдағы, Нұр-Сұлтандағы, Оралдағы, Тараздағы және Ақтөбедегі басылымдарда жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG