Accessibility links

Тен өліміне "кінәлі" деп танылғандардың алды 18 жылға сотталды


Денис Теннің Мәскеудегі гран-при жарысына қатысып жатқан сәті. 20 қазан 2017 жыл.
Денис Теннің Мәскеудегі гран-при жарысына қатысып жатқан сәті. 20 қазан 2017 жыл.

Алматыда спортшы Денис Тен өліміне қатысты сот үкімі оқылды. Сот үш айыпталушыны тағылған айыптары бойынша"кінәлі" деп тауып, түрлі мерзімге соттады.

Сот Денис Теннің өліміне байланысты айыпталған Арман Құдайбергеновті - 18 жылға, Нұралы Қиясов - 18 жылға, Жанар Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айырды. 17 қаңтарда шыққан сот үкіміне сай, Қиясов пен Құдайбергенов жазаны қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде, ал Тойлыбаева жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуі тиіс.

Судья Кеңшілік Абдельдинов бұған қоса, жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына Қиясов пен Құдайбергеновтің әрқайсынан 30 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 72 мың теңге), Толыбаевадан 20 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 50 мың теңге) көлемінде қаржы өндіруді үкім етті.

Судья екі айыпталушының кінәлары толық дәлелденгенін, ал Жанар Толыбаеваның "қылмысты хабарламау" бабы бойынша ғана кінәсі дәлелденгенін жеткізді.

Үкімнен кейін Жанар Толыбаеваның адвокаты апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

Іс Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Соттың негізгі процесі 3 қаңтарда басталған.

Денис Тен өліміне қатысты соттың үкімі. 17 қаңтар 2019 жыл

​Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновке Қылмыстық кодекстің "қарақшылық" және "адам өлтіру" баптары бойынша айып тағылған. Ал Жанар Толыбаева "қылмысты хабарламау" айыбы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, айыптау актісінде Құдайбергеновтің "бірнеше рет ұрлық жасағаны", ал Толыбаеваның "өзара келісіп ұрлық жасағаны" айтылады. Қылмыстық іс 38 томнан құралған.

ЖАРЫССӨЗ ЖӘНЕ СОҢҒЫ СӨЗ

16 қаңтарда өткен жарыссөзде айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін айтқан прокурор Қиясов пен Құдайбергеновті - 20 жылға, ал "қылмысты хабарламаған" айыпталушы Жанар Толыбаеваны 4 жылға соттауды сұраған еді.

Ал спортшының туыстары Денис Тенді "тапсырыспен өлтіруі мүмкін" деп болжап, істің толық ашылмағанына шағымданған. Олар істі қайта тергеуге жіберуді бірнеше рет сұраған. Бірақ сот отырыстарының бірінде судья олардың өтінішін қанағаттандырмай тастаған. Жәбірленуші жақ "қылмысты негізінен Толыбаева ұйымдастырды" деп болжайды.

Денис Тен өліміне қатысты сот тыңдауында отырған айыпталушылар. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл
Денис Тен өліміне қатысты сот тыңдауында отырған айыпталушылар. Алматы, 25 желтоқсан 2018 жыл

Үш айыпталушы бұған дейінгі сот отырыстарында спортшының туыстарынан кешірім сұрап, Қиясов пен Құдайбергенов "кінәларын мойындайтынын" айтқан. Қиясов "кінәмді толық мойындаймын, кісі өлтіреміз деп алдын ала жоспарлаған емеспіз" десе, Құдайбергенов те "біз адам өлімі болады деп ойламадық, бізге тек ақша керек болды" деген.

Қарай отырыңыз: Денис Тен өліміне байланысты сотта айыпталушылар жауап берді (11 қаңтар 2019 жыл)

​Ал Жанар Толыбаева сотта Денис Теннің қалай пышақталғанын "көрмегенін" айтып, топ құрамында болмағанын жеткізген.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен былтыр 19 шілдеде Алматыда пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған. Ол көлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде жараланған.

РЕЗОНАНС ТУДЫРҒАН ІС

Спортшы Тен қайтыс болғаннан кейін бұл іс қоғам мен журналистердің назарында болды. 2018 жылы 25 желтоқсанда іске қатысты сот тыңдауы басталғанда процеске қатысушылар мен журналистерден өзге бірнеше қала тұрғыны да келіп қатысқан. Ал 3 қаңтарда негізгі отырыс басталды. Сот қазақ тілінде өтті.

Отырыс ашық болғанмен процесс басталған кезде Денис Теннің анасы, үш күдікті өздерін фото және видеоға түсіруге рұқсат бермейтінін айтты. Бұдан бөлек, судья алғашқы екі процесте журналистерге сот залында отыруға рұқсат берген. Бірақ кейін тілшілер сотты бөлек залда отырып бақылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG