Sotreport.kz басылымының журналисі, Қазақстанның сот журналистері лигасының өкілі Татьяна Ковалева Әскери соттың өзіне қатысты шығарған жеке қаулысын заңсыз деп санайды. Бұған дейін сот басылымда жарияланған сот тыңдаулары туралы мақалаларды шындыққа сәйкес емес деп танып, оларды өшіруді талап еткен.
Талаппен келіспеген Ковалева сот осы шешімі арқылы елдегі сот жүйесіндегі ашықтық пен жариялыққа кедергі келтіріп отыр деп санайды.
– Соттан ақпарат таратқаныма бес жылға жуықтады. Түрлі істерге қатысып, әр бағытта материал жаздым. 5 қазан күні мен үшін күтпеген оқиға болды. Сот үкімін жариялау кезінде Әскери соттың судьясы маған жеке қаулы шығарғанын мәлімдеді. Қаулыға сәйкес, материал БАҚ туралы заңға қайшы. Онда сотқа қысым көрсету бары, жалған ақпарат берілгені айтылған. Бірақ сот ешқандай дәйек келтірмеген. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне журналиске шара қолдануды ұсынған, - дейді Ковалева сейсенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде.
Татьяна Ковалева 2018 жылы Ұлттық гвардияда мемлекеттік тапсырысты орындау кезінде ақшаны жымқыру ісі бойынша болған сот отырыстарынан ақпарат таратқан. Айтуынша, осы соттан он шақты материал жариялаған.
– Сот нақты екі материалға шүйлікті. Екеуі де Ұлттық қауіпсіздік комитеті жайлы еді. Сол үшін де ұнамай қалған болар, білмеймін. Шындап келгенде, осындай жеке қаулылар журналистер үшін қауіпті. Егер бірнеше рет қайталанса, мені келесі сотқа қатыстырмауы мүмкін деп ойлаймын. Яғни кәсіби қызметіме шектеу болуы ықтимал, – деді Татьяна Ковалева.
Ковалева жарияланған материалды талапкер тарап ІІМ берген ақпаратына сүйеніп жазғанын айтады.
"Еркіндік қанаты" қоғамдық қорының құрылтайшыларының бірі, заңгер Роман Реймер соттың журналиске қатысты жеке қаулы шығаруы бірінші рет тіркеліп отыр дейді.
– Сот отырыстарында журналистердің қызметіне кедергі келтіру көбейіп барады. Оны кейінгі кезде нақ байқап жүрміз. Ешқандай сараптама нәтижесі көрсетілген жоқ, сотқа немесе қоғамдық пікірге материалдардың "ықпалы" жөнінде дәлелдер келтірілмеді. Яғни, мұның бәрі теория жүзінде болуы мүмкін екен, – дейді Роман Реймер.
Оның ойынша, бұл "журналистерге сот органдарында тікелей міндетін атқаруға кедергі жасау құбылысынан хабар береді".
Әскери сот әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.
Медиа сарапшылар Қазақстанда журналистердің ақпарат таратуына жиі кедергі жасалатынын айтады. Мәжіліске "Нұр Отаннан" сайланған депутат Нұрлыбек Ожаев қазан айында ақпарат құралдарына сот өндірісінде жатқан істер туралы ақпаратты жариялауға тыйым салуды ұсынған. Баспасөз қорғау ұйымдары сол кезде "әлдекімдерге соттың ашықтығы ұнамайды, сот залдарынан репортаждың көп болғанын қаламайды" деп мәлімдеген.
“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.