Accessibility links

Нұр-Сұлтан мен Шымкентте Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасын еске алды


Отан қорғаушылар монументіне гүл шоғын қойып, Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына құран бағыштаған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2021 жыл.
Отан қорғаушылар монументіне гүл шоғын қойып, Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына құран бағыштаған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2021 жыл.

16 желтоқсанда Нұр-Сұлтан мен Шымкентте ондаған адам Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алды. Бейсенбі күні астанада Отан қорғаушылар монументі алдына ондаған адам келіп, гүл шоқтарын қойды. Оқиға құрбандарын еске алып, құран бағыштады.

– Сол уақытта (1986 жылы) ұлтымыздың намысын қорғаған жастардың толқуы Совет үкіметінің құлауына әсер етті деп ойлаймын. Сол күні қаншама жас қырылды. Қаншама жастың қаны төгілді. Сол жастарға бүгін тағзым етіп, құран бағыштайық деп келіп тұрмыз. Алла Тағала соларды алдынан жарылқасын. Қазіргі жастарға айтатынымыз: сондай намысты болыңдар. Елді, жерді, намысты бермеу керек, – дейді астаналық белсенді зейнеткер Нағызхан Төлеубаев.

Жиналған кейбір азаматтар "билікке Тәуелсіздік күнін 25 қазанға қалдырайық, мерекені қаралы күнмен қабаттастырып өткізуге болмайды десек те, құлақ аспай келеді" деп ренжіді.

Осыған ұқсас шара ірілігі жағынан Қазақстанда үшінші орында тұрған Шымкент қаласында да өтті.

Желтоқсаншылар мен азаматтық белсенділер әуелі Дінмұхаммед Қонаев ескерткішіне, артынша Қайрат Рысқұлбеков тақтайшасына барып, құран оқып, гүл шоқтарын қойды. Екі оқиға жайлы пікірлерін жеткізді.

Желтоқсаншы Сабырбек Тұрлыбеков Қазақстан тәуелсіздігін 30 жыл бұрын жариялағанмен елді толық азат мемлекет деп атау әзірге қиын деп санайды. "Бірінші кезекте тіл мен ділді жоғары көтермей егемендікке қол жеткіздік деу бекер" дейді ол. Азаматтық белсенді Жарқынбек Сейтімбетов те оның пікірін қолдады. Ол Қазақстанда демократиялық институттар дамып, сайлау биліктің емес, халықтың қолына өтпейінше бодандықтан толық құтылу мүмкін емес деп есептейді.

- Демократияның басты көрінісі – сайлау. Халықтың сайлау құқығы қорғалмаған. Қай уақытта әділ сайлау болады, сол кезде толық тәуелсіздікті алдық деп айта аламыз, - дейді белсенді.

Белсенді Ерғали Құлбаевтың пікірінше, әр жылы желтоқсан айында Алматы және Жаңаөзенде болған қанды оқиға халықтың есінен шыққан жоқ. Бұл күні мерекелеу – азғындық.

- Ең үлкен қылмыс – тарихты бұрмалау. Билік қанды оқиғаларды мейрамға айналдырып, саяси сайқалдық әрекеттерге барып жатыр. Бүгін мереке емес, мемлекттік ту түсірілетін күн, - деді ол.

Жиналғандар құран оқып, пікір алмасып жатқанда полицейлер олардың сырттан бақылап тұрды. Кей белсенділер үйін полиция күзетіп тұрғанын хабарлады.

Шымкентте Тәуелсіздік күніне байланысты митинг болуы мүмкін деген Шымкент Плаза, "Қасірет" мемориалы, Арбат сияқты қоғамдық орындарда полиция күзеті күшейді.

16 желтоқсанда Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасын еске алу шарасы Алматыда да өтті. Мұнда еске алу шарасының соңы тіркелмеген Демократиялық партиясының митингісіне ұласып, белсенділер 2011 жылғы қантөгістің шындығы ашылмағанын айтты. Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының белсенділері арт-перформанс өткізді. Шара бірнеше сағатқа созылды, жұрт тарағаннан кейін Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш пен Тәуелсіздік монументі орналасқан Республика алаңы ашылды. Аумақта күндізгі сағат 11-лер шамасында өшірілген интернет қалпына келді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG