Accessibility links

АҚШ соты "Капитолийге шабуыл" ісіндегі ең қатал үкімін жариялады


Дональд Трамп жақтастарының Капитолийге шабуылы. Вашингтон, АҚШ. 6 қаңтар 2021 жыл
Дональд Трамп жақтастарының Капитолийге шабуылы. Вашингтон, АҚШ. 6 қаңтар 2021 жыл

АҚШ-та экс-президент Дональд Трамп жақтастарының Капитолийге басып кірмек болған әрекетіне байланысты ең қатал үкім жарияланды.

Флорида соты жергілікті тұрғын Роберта Палмерді "Капитолийге күшпен кірмек болды, полицияға қарсы тақтай мен өрт сөндіргіш баллон пайдаланды" деп айыптап, бес жыл үш айға түрмеге қамау жөнінде үкім шығарды. Бұл жөнінде "Америка дауысы" хабарлады.

Үкім жұма күні шыққан. Бастапқыда Палмерге 20 жылға бостандығынан айырып, 250 мың доллар төлеу қаупі төнген. "Мәртебелі сот, істеген ісіме шынымен да ұялып тұрмын", – деген Флориданың 54 жастағы тұрғыны, қатты өкінетінін жылап тұрып білдірген.

Прокуратура биыл 6 қаңтарда Капитолийге шабуыл кезінде Роберт Палмер Конгресс ғимаратын қорғап тұрған полицейлерге ағаш тақтай лақтырып, өрт сөндіргішпен көбік шашты деп айыптайды. Көбігі таусылған баллонда да полицияға лақтырған.

Палмер – биыл қаңтардың басында Капитолийге жасалған шабуылға байланысты айыпталған 700 адамның бірі. Шабуыл кезінде оннан астам полиция таяқ жеп, жараланған. Шабуыл кезінде 5 адам өлген. Капитолийге келген шығын 1,5 миллион долларға бағаланған.

Палмер бұған дейін судьяға жаззған хатында өзін Трампқа берілген адам ретінде сезінгенін және сайлау нәтижесі бұрмаланды деген жалған сөзге сеніп қалғанын айтқан.

Палмер өзіне берілген жазаны әділетсіз деп есептейтінін, өйткені шабуылды ұйымдастырушылар бостандықта жүргенін айтқан.

Биыл 6 қаңтарда АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ақ үй маңындағы митингіде 2020 жылы өткен президент сайлауы нәтижесінің бұрмаланғанын (сот оның уәждерін растамады) айтқаннан кейін оның жақтастары Конгресс ғимаратына басып кірген. Ашулы топ әйнекті шағып, полициямен төбелескен. Дәл сол кезде Конгресте қос палатаның отырысы өтіп жатқан. Онда заң шығару орган өкілдері Джо Байденнің жеңісін мақұлдамақ болған. Бірақ олар шұғыл эвакуацияланды. Қақтығыстан бес адам қаза тапты, арасында полиция офицері бар.

АҚШ Конгресі "Капитолийге шабуыл ісіне" жөнінде тәуелсіз комиссия құратынын мәлімдеген. Бірақ сенаттағы республикашылдар ұсынысты өткізбей тастаған.

"Капитолийге шабуыл" ісі бойынша соттың алғашқы үкімі биыл маусымда шыққан.

XS
SM
MD
LG