Өзін республика деп жариялаған "Донецк халық республикасының" бұрынғы басшысы, қазір мемлекеттік дума депутаты Александр Бородай Донбастан оралғаннан кейін яғни, 2015 жылы Дубайдан құны шамамен 450 мың еуро тұратын апартамент сатып алған. Бұл жөнінде Навальный командасының кезекті зерттеуінде айтылады. Зерттеу авторлары Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жылжымайтын мүлік иелерінің дерекқорына сүйенген.
Дерекқордағы мәліметке қарағанда, терезесі Парсы шығанағына қарайтын көлемі 104 шаршы метрлік пәтер жасанды Палм-Жумейра аралының жағасында орналасқан. Бородай үйі мен жағажай арасы шамамен жүз метр.
2015 жылдың күзінде Бородай Мәскеудегі қымбат аудандардың бірі – Ломоносов даңғылынан да пәтер сатып алған. Пәтер аумағы – 142 шаршы метр, ал құны – шамамен 100 млн рубль.
Бұған қоса, 2021 жылдың сәуірінде Александр Бородай 5 млн 614 мың рубльге LEXUS жаңа көлігін сатып алған. Ресми декларация бойынша, Бородайдың кірісі 2020 жылы 0 рубльді құраған, ал банктегі есепшотында 313 мың рубль болған.
Зерттеуде қыркүйек айындағы мемлекеттік дума сайлауына қатысқан Бородай шетелдегі жылжымайтын мүлкін декларацияға түсірмегені жазылған. Заң бойынша кандидаттардың барлығы мұны жасауы тиіс. Навальный командасы Бородайды енді сол үшін депутаттық мандаттан айыруы тиіс деп санайды.
Мәскеулік саясаттанушы, PR маманы Александр Бородай "Донецк халық республикасы" министрлер кеңесі төрағасы қызметін 2014 жылдың 16 мамыры мен 7 тамызы аралығында атқарған. Дәл осы кезде Украина шығысында қарулы қақтығыстың нағыз қызған шағы еді. Бородай бірнеше рет Донбасқа ерікті ретінде барғанын айтқан. Ол сепаратистерге "тегін" жетекшілік еткенін және сол үшін жалақы алмағанын жеткізген. Кейін Бородайға Владимир Путиннің кеңесшісі Владимир Сурковтың тікелей тапсырма беріп отырғаны анықталды.
2021 жылы Бородай "Единая Россия" партиясының Ростов облысындағы бөлімшесі атынан мемлекеттік думаға депутат болып сайланды.
Александр Бородай жуырда Қазақстандағы жарнама тақталарында қазақ тілінің пайдаланылуына қатысты заң жобасын сынап, құжат елдегі орыс тіліне қауіп төндіреді деп мәлімдеген. Оның мәлімдемесі қазақстандық қолданушылардың ашуын туғызды. Осы аптада Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев ресейлік депутаттардың мәлімдемесіне "жауап беріп", "ешкім орыс тіліне тыйым салайын деп отырған жоқ, мәселе қазақ тілінің тазалығы жөнінде болып отыр" деп айтқан.
Украина шығысында қарулы қақтығыс 2014 жылы көктемде Ресей Қырымды жаулап алғаннан кейін көп ұзамай басталған. Халықаралық бақылаушылардың айтуынша, қақтығыста 13 мыңнан астам адам қаза болған. Украина мен Батыс елдері Кремльді қақтығысқа тікелей қатысты, қаржылай көмектесті деп айыптайды. Ресей билігі мұны жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР