Accessibility links

Екеуін қамады, біреуіне - айыппұл. "Демпартия" белсенділері Тәуелсіздік күні алаңға шыққаны үшін жазаланды


"Демпартия" белсенділері 16 желтоқсандағы митингіде. Алматы.
"Демпартия" белсенділері 16 желтоқсандағы митингіде. Алматы.

24 желтоқсан түсте ұсталған "Демпартия" белсенділеріне кешкісін сот шешімі шығып, бірнеше белсенді "Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деген айыппен жазалады.

Алматы қаласындағы сот "Демократиялық партия" құруды көздейтін бастамашыл топтың белсенділері Абзал Достияровты 20 күнге, Нұрбол Бәйтерековті 15 күнге қамады. Ал Аружан Дүйсебаеваға 145 мың теңге айыппұл салған.

Бұл туралы "Демпартия" құруды көздейтін топтың жетекшісі, белсенді Жанболат Мамай 24 желтоқсан кешкісін хабарлады.

- Абзал Достияров өзі хабарласып, Есік қаласына апара жатыр деп айтты. Нұрбол Бәйтерековті 11 жастағы қызын мектептен әкетуге бара жатқанда кешкісін ұстап әкетіп, соттаған. Ал Аружан Дүйсебаеваға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған. Мейірхан Жолаевты бірнеше сағат ұстап босатқан. Ырысбек Тоқтасынды таппай жатырмыз, адвокаты да таппай жатыр, - деді Мамай Азаттыққа.

Ал Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай Азаттық тілшісіне сот белсенді Мейірхан Жолаевқа ескерту жасағанын айтты.

Мамайдың сөзінше, белсенділерге 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні Алматыдағы митингіге заңсыз қатысты деген айып тағылған.

Абзал Достияров Алматыдағы митингіде. 16 желтоқсан 2021 жыл.
Абзал Достияров Алматыдағы митингіде. 16 желтоқсан 2021 жыл.

Айыппұл алған Аружан Дүйсебаева полициядан шыққан соң Facebook парақшасында "полицейлер алты сағатқа жуық заңсыз ұстап, Жанболат Мамайды қаралап, үгіт-насихат жүргізгенін" жазды.

"Бүгін полиция департаменті алдына барғанымда полицейлер күштеп көліктеріне салып, Түрксіб аудандық полиция басқармасына әкетті. [Полицейлер] машинаға мінгіземіз деп қолымның бәрін ауыртты. Ештеңеге жауап бермейтінімді және бірде-бір қағазға қол қоймайтынымды айтқан соң куәгерлер шақырды. Олар мені ел арасына іріткі салушы, бүлік шығарып соғысқа шақырады деп таныстырып жатты. Өз қарсылығымды білдіріп, бір төбелесіп алдым. Енді шықсам қамайтындарын айтты" деп жазды ол Facebook-те.

Алматы қаласы полиция департаменті "Демпартия" белсенділерінің жазалануына байланысты ешқандай хабарлама жариялаған жоқ.

БЕЛСЕНДІЛЕР ҚАЛАЙ ҰСТАЛДЫ?

"Демпартия" белсенділері Абзал Достияров пен Ырысбек Тоқтасынды полицейлер 24 желтоқсан күндіз көшеден ұстап әкеткен. Кейін Мейірхан Жолаев пен Аружан Дүйсебаева да ұсталғаны белгілі болды.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Ырысбек Тоқтасынның "Не болды? Неге түсіндірмейсіңдер...Мені полицияға күштеп [әкетейін деп жатыр]" деп айтқаны естіледі. Оның ары қарайғы сөздері үзіліп кеткен.

Ырысбек Тоқтасын полицейлердің "ұрып, дәрігер көмегіне зәру" екенін мессенжер арқылы хабарлаған.

– Маған [жедел жәрдем] керек. Ішім ауырып тұр. Қабырғам ауырып тұр. Түрксіб [полиция басқармасында] ұрды, - деген еді ол.

"Күш қолданып жатыр". Полиция "Демпартияның" төрт белсендісін ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Кейін Жанболат Мамай бастаған "Демпартия" өкілдері Алматы қалалық полиция департаментіне барған еді. Ол жақтастарының ұсталуын 16 желтоқсандағы наразылықпен байланыстырған.

- Біздің [16 желтоқсандағы] наразылық акциямызға байланысты, еске алу шарамызға байланысты ұсталды деп есептеймін. Әдейі осылай істейді. Жаңа жыл келе жатыр. Соның алдында белсенділерді үйлерінде емес, түрмеде ұстамақ. Жазалаудың бір түрі ғой, - деген еді Мамай 24 желтоқсан түсте.

Алматы қаласы полиция департаменті белсенділердің ұсталуына қатысты да ешқандай пікір білдірмеген. Азаттық тілшісі Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының басшысы Нұрлан Аманбекке хабарласқанда "Сізге жауап бере алмаймын, қатысым жоқ. Анық-қанығын біліп, сізге звандаймын" деген. Бірақ Аманбек кейін хабарласпады.

16 ЖЕЛТОҚСАНДА НЕ БОЛЫП ЕДІ?

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні Қазақстанның бірнеше қаласында жұрт Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, марқұмдардың рухына құран бағыштаған.

Алматыдағы еске алу шарасының соңы "Демпартияның" митингісіне ұласып, белсенділер 2011 жылғы Жанаөзен қантөгістің шындығы ашылмағанын айтып, билікті ашық сынаған. Митинг өткен Республика алаңында бірнеше сағат интернет өшіп, полиция күзеті күшейген еді.

"Демпартия" белсенділері митингіге "Халыққа оқ атқан билік қылмыстық жауапкершілікке тартылсын", "Жаңаөзен қырғынына жауаптылар сотталсын" деген плакаттар ұстай келген.

"Демпартия" өкілдері билікке талап айтып тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2021 жыл.
"Демпартия" өкілдері билікке талап айтып тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2021 жыл.

Достияров митингіде "Тоқаев өзінің саяи мүгедек емес екенін дәлелдегісі келсе, Назарбаев билігінің талқанын шығаруы керек. Назарбаев билігінің жемқорлары Бауыржан Байбектен бастап, барлығын түрмеге отырғызуы керек" деген еді.

Билік Жанболат Мамай бастаған белсенділердің "Демократиялық партияны" тіркемеген.

1986 жылы желтоқсанда Кремль Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындаған соң қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында полиция еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылығын оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде 17 адам көз жұмған. Ондаған адам жараланған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар "билік өкілетін асыра пайдаланған" бес полицей сотталса да, халыққа оқ атуға бұйрық бергендер әлі анықталмады деп мәлімдеп, оқиғаны жан-жақты зерттеу жүргізуге шақырған.

Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін әкімдікке алын ала ескертіп, рұқсат алуы тиіс. Рұқсат етілмеген митингілерге қатысқандар жауапқа тартылып, 10-20 күнге қамалып, айыппұл алады.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға, бейбіт митингіге кедергі келтірмеуге жиі шақырады. Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG