Орал қаласының апелляциялық соты 24 желтоқсанда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталып, бостандығы бір жылға шектелген белсенді Орынбай Оқасовтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Шағымда белсенді Оқасов пен адвокаты Жанболат Құлжанов өздері "заңбұзушылық" деп санаған бірқатар жайттарға тоқталған. Олар соттан Орынбай Оқасовқа шыққан үкімнің күші жойып, ақтауды сұраған.
— Сот куәгерлердің сөздерін дұрыс бағалаған жоқ. [Бірінші инстанцияда] олардың сөздері айыптау тарабының мүддесіне қарай баяндалды. Одан бөлек, сот қорғау тарабының кейбір айғақтарын ескермеді, бұл заң бұзылғанын айғақтайды, — деді адвокат Жанболат Құлжанов сот кезінде.
Оның айтуынша, бірінші инстанциядағы сот "көп заңбұзушылықтарды ескермеген". Атап айтқанда, адвокат бір жылдан астам уақытқа созылған тергеу амалдары бірнеше рет ұзартылып, "кешіктірілгенін" айтты. Күдіктіден жауап алу кезінде де бірқатар заңсыздықтар болған. Адвокат саяси сараптама нәтижесіне де күмән келтірді.
Ол апелляциялық алқадан Орынбай Оқасовты кінәсіз деп танып, ақтауды сұрады.
Апелляциялық сот алқасы үкімді күшінде қалдырып, Оқасов пен қорғау тарабының өтінішін орындауға негіз жоқ деп мәлімдеді.
Орынбай Оқасов – бейбіт митингілерге қатысып, өзі де бір адамдық пикеттер ұйымдастырып жүрген белсенді. Бірнеше рет ұсталып, қудалауға ұшыраған. Шілдеде Оқасов өз үйінде "саяси тұтқындарды" қолдап, аштық жариялап жатқанда ұсталған. Сол күні ол "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" (Әкімшілік кодекс 488-бап) деген айыппен қамалды. Кейін оның қамаудағы уақыты бірнеше рет ұзарды.
Белсенді қамаудан шыққан күні қайта ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу соты оны тергеу кезінде уақытша изоляторға қамау туралы шешім шығарды. Біраз уақыттан соң ол үйқамаққа ауыстырылды.
Белсенді "Қазақстанның демократиялық партиясы" (Қазақстан соты ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйымдар" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған) мен "Көше партиясын" қолдады деп айыпталды. 18 қарашада Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты Оқасовты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" бір жылға бостандығын шектеген. Жарыссөз кезінде белсенді өзін ақтауды сұрады.
Қазақстанда кейінгі жылдары 405-бап бойынша тіркелген істердің басым бөлігі – ҚДТ мен "Көше партиясымен" байланысты.
22 желтоқсанда Алматыдағы баспасөз жиынында құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда елде даулы 405-бап бойынша кемінде 76 сот үкімі шыққанын, 150-ден астам адамның қорғауға құқығы бар куәгерлер санатына жатқызылғанын айтты.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, сарапшылар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігі "экстремизм" бабын азаматтық белсенділерді қудалау үшін пайдаланып отыр деп кінәлайды. Билік мұны жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР