Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі 24 желтоқсанда Ауғанстанда британ азаматының ұсталғанын хабарлады. Бұған дейін "Талибан" билігінің үкіметтік емес ұйымның қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісін ұстағаны жөнінде хабар тараған.
The Daily Mirror басылымының жазуынша, 23 желтоқсанда "Талибан" жасағы Ауғанстанда үкіметтік емес ұйымдардың бірінде қауіпсіздік жөніндегі кеңесші болып істейтін британ азаматы Грант Бэйлиді ұстаған. Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі оның аты-жөнін айтқан жоқ, бірақ "Ауғанстанда британ азаматының ұсталғанын білеміз және оның отбасымен көмектесу үшін байланыстамыз" деді.
The Mirror басылымы британдық қауіпсіздік қызметіндегі дереккөзге сүйене отырып, 18 желтоқсанда "Талибан" жасағының Бэйлиді басына пистолет тақап, ұстап әкеткенін жазды.
Британдық ақпарат құралдарының жазуынша, жасы 50-ден асқан Бэйли Ауғанстанда бірнеше жыл жұмыс істеген. Жазда "Талибан" радикалды қозғалысы Кабулды басып алғанына қарамастан қыркүйек айында Ауғанстан астанасына оралған. The Mirror басылымындағы дереккөзі "Батыс елдері әскерін әкетіп, ол жақта қауіпсіздік нашарлаған шақта оның Кабулға оралғанына таңғалдық" деді.
"Талибан" оның ұсталуына орай түсініктеме бермеді.