Accessibility links

Тәліптер енді адвокаттардың соңына түсті. Ауған сотын не күтіп тұр?


"Талибан" мүшесі мен үш адамды дарға асу оқиғасын көруге келген Ғазни тұрғындары.
"Талибан" мүшесі мен үш адамды дарға асу оқиғасын көруге келген Ғазни тұрғындары.

"Талибан" мыңдаған адвокатты лицензиясынан айырып, жұмыс істеу үшін әділет министрлігінен рұқсат алу керегін мәлімдеген. Сарапшылар әділ соттың келмеске кететінін айтады.

Өткен аптада ондаған тәліп Кабулда орналасқан Ауғанстанның тәуелсіз адвокаттар қауымдастығының (АТАҚ) ғимаратына басып кіріп, қызметкерлерге жұмысын тоқтатуды бұйырған.

Бұдан бір күн бұрын, 22 қарашада тәліптер осы ұйымды әділет министрлігіне тәуелді етіп қойған.

"Талибан" әділет министрі молла Абдул Хаким ислам соттарында енді тәліптер бекіткен адвокаттар ғана жұмыс істейтінін мәлімдеп, елдегі 2500-ге жуық адвокатты лицензиясынан айырды.

Бұл бұйрық жұртты қылмыстық процестердің әділдігі мен бейтараптығына алаңдатып қойды. "Талибан" тамызда халықаралық қауымдастықтар мойындаған үкіметті құлатып, билікті басып алған еді.

"Талибан" сотының қатаң формасы қауіпті одан сайын күшейтіп отыр. Тәліп судьялары қылмыскерлерді халық алдында дарға асуға немесе қолын шабуға бұйрық беріп жүр.

Молла Абдул Хаким, "Талибан" үкіметінің әділет министрі.
Молла Абдул Хаким, "Талибан" үкіметінің әділет министрі.

Сарапшылардың айтуынша, тәліптердің бұл бұйрығы әділ тергеуді шектейді, бейтарап құқықтық көмек алу мүмкіндігінен айырып, халықаралық нормаларға қайшы келеді.

"[Талибан] билігі қатыгез болып барады, – дейді Гильменд уәлаятында тұратын азаматтық белсенді, тәліптер билікке келмес бұрын "Әлеуметтік және экономикалық даму ұйымын (OSED) құрған Самиолла Хамиди. – Тәуелсіз құқықтық [көмек алу] жуырда артта қалады".

"Шекара шайылып барады" деп жазды Хамиди Twitter-де. "Адвокат, прокурор және судья бір мезетте бір адам болуы мүмкін".

Брюссельде орналасқан "Еуропа адвокаттары мен заң ұйымдарының кеңесі" (CCBE) бұл шаралар Ауғанстандағы шариғат заңдарына немесе тәліптер режиміне сай жұмыс істемейтін, заң білімі бар кез келген адвокаттың", оның ішінде әйелдердің жұмысынан шеттетілетінін білдіреді дейді.

"Осылайша бұл кез келген адвокатты еркін және тәуелсіз жұмыс істеу мүмкіндігінен айырады. Ауғанстанда адам құқықтарын қорғау мүлдем мүмкін болмайды" деп жазды кеңес 25 қарашада Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйенге жазған хатында.

Бұл кеңес Еуроодақты ауған адвокаттары мен кәсіби қауымдастықты қолдап, "шұғыл шара" қабылдауға шақырды.

АДВОКАТТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ЖОЙЫЛДЫ МА?

Адвокаттар қауымдастығының президенті, тәліптер орнынан алып тастаған Рохулла Қаризада 23 қарашада твиттерде "қару асынған 50 тәліп ғимаратқа кіріп, ұйымды күшпен басып алғанын" жазды.

Қаризада қауымдастық үнемі "тәуелсіз, үкіметтік емес және саяси емес" ұйым болғанын, үкіметтен ешқашан қаржы алмағанын айтты. Халықаралық қауымдастықтардан көмек сұрап, ауған адвокаттарының құқығы елеусіз қалмауы керек деді.

Қауымдастық мүшесі Бану Ахмади Азаттықтың Ауған қызметіне "Талибан" содырлары "ғимаратқа басып кірген соң" қызметкерлерді ішке кіргізбей қойғанын айтты.

Ұйымның тағы бір мүшесі Тамана Сиддики Азаттыққа тәліптердің бұйрығы Ауғанстандағы мыңдаған адвокатты, оның ішінде лицензиясы бар жүздеген әйелді заңгерлік құқығынан айырумен пара-пар екенін айтты.

"Талибан" әділет министрлігінің бұйрығы. Құжат ауған адвокаттарын лицензиясынан айырады.
"Талибан" әділет министрлігінің бұйрығы. Құжат ауған адвокаттарын лицензиясынан айырады.

Сиддики қауымдастықтың жабылуы Ауғанстандағы сот әділдігіне кесірін тигізеді дейді.

"Талибан" баспасөз хатшысы Забихулла Мужахид Азаттыққа қауымдастықтың жабылғанын жоққа шығарды.

"Қауымдастық жабылған жоқ, – деді Мужахид. – Адвокаттарға әділет министрлігінің бақылауымен жұмыс істеу үшін осы министрліктен лицензия алу керегі айтылды. Парақорлық пен жемқорлықтың алдын алу үшін, заңгерлік қызметпен айналыспас бұрын министрліктен лицензия алу ұсынылды".

АҚШ-та орналасқан Jurist веб-сайты Кабулдағы тілшісінің "тәліптердің бұйрығында қауымдастық құрылымы жайлы ештеңе жазылмаған" деген сөзін келтіреді.

"Министрлік бұл бұйрықты адвокаттар қауымдастығы министрлік құрылымына кіретіндей түсіндіріп, адвокаттарды солардан лицензия алуды сұрады" дейді заң факультетінде оқитын студент тілші. Қауіпсіздік мақсатында мақалада оның аты аталмаған. "Ұйымның жаңа басшысы болған адам әділет министрлігінің өкілі екені, бірақ тиісті тәжірибесі жоғы айтылды".

Лондонда орналасқан Халықаралық адвокаттар қауымдастығының (IBA) айтуынша, мұндай шаралар қылмыс жасаған адамды қорғайтын адвокат пен биліктің өзара сыбайласуына, құпия келісім жасауына әкеледі.

ҚҰҚЫҚТЫҚ ПРОЦЕСТІҢ БОЛМАУЫ

Кабулда орналасқан Америка университетінің заң бойынша адъюнкт-профессоры Харун Рахими тәліптер елдегі адвокаттар қауымдастығын әділет министрлігіне "аннексиялап", "басшылығына тәліпті бекітті" дейді.

Рахимидің сөзінше, бұл қадам "Талибан" жасырын сотын жаңа жүйеге айналдырып жатқанын білдіреді.

Рохулла Қаризада.
Рохулла Қаризада.

[Қауымдастықтың] жойылмағаны маңызды" дейді Рахими. "Адвокаттар жұмысын жалғастыруы керек, бірақ мәселе олардың тәуелсіздігінің жоқтығында. Құқық үстемдік еткен жерде заңгерлер құқығы тәуелсіз болып қалуы керек".

Бірақ Рахими тәліптер "сот тергеуін маңызды мәселе санамайтындықтан", айыптыларды дарға асуға немесе қолын шабуға бұйрық бергенде "процессуалды шаралардан" бас тартатынын айтады.

"Оларда мұндай процедураға құқық жоқ" деді Рахими Азаттыққа. "Ислам тарихында мұндай жаза қолдануға қарсы дәлелдер бар. Бірақ тәліптер онымен санаспайды. Олар қылмыстық тергеуді өте жылдам өткізеді, ислам заңдарын ұстанатын басқа елдерде бар процессуалды шараларды ұстанбайды".

"Бұл жазаны бақылау механизмі ретінде көретін [идеядан] туындайды" деп түсіндіреді Рахими. "Егер халықты бақылайтындай мықты мемлекеттік аппаратыңыз болмаса, жұрт алдында орындалатын қатыгез және қатаң жазалау формасы бақылау механизміне айналады".

"Еуропа адвокаттары мен заң ұйымдарының кеңесінің" Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйенге жазған хаты.
"Еуропа адвокаттары мен заң ұйымдарының кеңесінің" Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйенге жазған хаты.

Рахими бұл неліктен ислам заңдарымен өмір сүретін басқа елдерде мемлекеттік мекеме, түрмелер барын, ал тәліптердің "қатігез және қойылымға ұқсайтын" жазаға жүгінетінін түсіндіреді дейді.

1996-2001 жылдары Ауғанстанда билік құрған "Талибан" соты шариғаттың тайпалық түсініктемесіне сүйеніп жұмыс істеген.

Олар ұрылардың қолын шапқан, ішімдік ішкендерді соққыға шығып, зина жасағандарды өлтірген немесе оларға тас лақтырған. Дарға асу қалыпты жағдай болған.

Кабулдағы Ғази стадионы тәліптер қатыгездігінің символына айналған, себебі жазаны футбол алаңында халық алдында орындаған.

Билікті басып алған соң, "Талибан" сол әдістерінің кейбіріне қайта оралғанын жариялады.

Қыркүйекте "Талибан" Герат қаласында қоғамдық орындарға төрт адамның денесін асып қойды. Бұл жайлы жергілікті баспасөз құралдары хабарлады. Олар адам ұрлауға қатысы бар деп айыпталған және "Талибанмен" қақтығыс кезінде өлтірілген.

"Талибанның" негізін қалаушылардың бірі молла Нуриддин Тураби Ауғанстан билігіне келген қозғалыс бұрынғыдай жұрт алдында шоу жасамаса да, дарға асу мен қол шабу жазасына жүгіне беретінін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG