Accessibility links

Лукашенко билігін күшейте түсетін конституция жобасы таныстырылды


Беларусьте президент билігін күшейтуді қарастыратын конституция жобасы таныстырылды.

Конституцияның жаңа жобасы бойынша бір адам екі мерзімнен артық сайлана алмайды. Шетел ұйымдары мен азаматтарына сайлау процесін қаржыландыруына тыйым салынады. Кезінде шетел азаматы болған немесе ықтиярхатпен сол жақта тұрған азамат та президенттіктен үміткер бола алмайды. Беларусь президенті болу үшін кандидат сайлауға дейін кемінде 20 жыл елде тұруы тиіс.

Жаңа жоба бойынша, мемлекетке опасыздық жасаған немесе конституцияны өрескел бұзған президентті тек Жалпыбелорус халқы жиыны ғана қызметінен алып тастай алады. Ол үшін Өкілдер палатасының үштен бір бөлігі немесе дауыс беруге құқығы бар 150 мың белорус азаматының қолы керек.

Президент өкілетін аяқтағаннан кейін Жалпыбелорус халқы жиынының делегаты болып қалады. Қаласа, республика кеңесінің өмірлік мүшесі де бола алады.

"РИА Новости" агенттігінің жазуынша, Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша референдум 2022 жылы ақпанда өтеді. Оған дейін қоғамдық талқылау болады.

Беларусьте 2020 жылғы президент сайлауынан кейін күшейген қудалауды елдің өзі ішінде және шетелде сынағаннан кейін Александр Лукашенко Конституцияның жаңа нұсқасын ұсынып отыр. Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауында Лукашенконың жеңгенін айтса, оппозиция мен Батыс елдері сайлау нәтижесі бұрмаланды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG