Accessibility links

"Адамзатқа қарсы қылмыс". Беларусьтегі күш құрылымдарының азаптау механизмін зерттеу нені көрсетті?


Светлана Тихановская Брюссельде Беларусь полициясынан таяқ жеген адамның суретін көрсетіп тұр, қыркүйек 2020 жыл.
Светлана Тихановская Брюссельде Беларусь полициясынан таяқ жеген адамның суретін көрсетіп тұр, қыркүйек 2020 жыл.

Беларусь тергеу комитетінің дерегінше, 2020 жылы жаз-күз айларында 5 мыңға жуық азамат наразылықты күшпен басу кезінде күш құрылымдары тарапынан азаптауға ұшырағанын айтып, шағым түсірген. 2021 жылы тамыздың соңында бір жылға жуық тексерістен кейін тергеу комитеті бұл шағымдардың расталмағанын мәлімдеп, қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Бірақ мемлекеттік тексеріспен қатар жүрген халықаралық зерттеу нәтижесінде Беларусьте ұйымдасқан және жүйелі азаптау шаралары жүргені дәлелденді.

Беларусьтегі азаптауды зерттеу жөніндегі халықаралық комитет күш құрылымдары өз құзыретін асыра пайдаланды деген азаматтардың арыз-шағымын зерттеп, қазірге дейін алты есеп жариялаған. Жақында жарық көрген алтыншы аралық есептің бір ерекшелігі – құжатта құқық қорғаушылар жәбірленушілердің әңгімесіне ғана емес, олардың сөзін растайтын визуалды және медициналық сараптамаға да сүйенген. Сараптаманы азаптау құрбандарын оңалту жөніндегі халықаралық кеңес (IRCT) пен ондағы тәуелсіз сот-сарапшылар тобы (IFEG) жүргізген. Мамандар жәбірленушілердің дене жарақаты тіркелген фото, видеоайғақтар мен медициналық құжаттарды тексеріп, дәлелдер азаптау туралы шағымдарда сипатталған оқиғаларға сәйкес келеді деп шешкен.

Беларусьтегі азаптауды зерттеу жөніндегі комитеттің базасында 1500 жәбірленушінің хикаясы бар. Құқық қорғаушылар алтыншы есепке жеті қаладағы 15 милиция бөлімшесі мен изоляторда болған 50 оқиғаны таңдап алып, фото, видео және медициналық жазбаларды қоса жариялаған. Есепте жәбірленушілердің түсініктемесі мен олардың дене жарақатының арасында ұқсастық көп екені айтылады.

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.
Азаптауға ұшыраған тұтқын Артем Пронин (ортада) 2020 жылы 15 тамызда Минскіде өткен күш құрылымдарының зорлығына қарсы акцияға қатысып жатыр.
Азаптауға ұшыраған тұтқын Артем Пронин (ортада) 2020 жылы 15 тамызда Минскіде өткен күш құрылымдарының зорлығына қарсы акцияға қатысып жатыр.
This image contains sensitive content which some people may find offensive or disturbing - Click to reveal
Азаптауға ұшыраған тұтқын Артем Пронин (ортада) 2020 жылы 15 тамызда Минскіде өткен күш құрылымдарының зорлығына қарсы акцияға қатысып жатыр.

Сараптама барысында зерттеушілер жәбірленушілердің бәрінің басынан мынадай жағдайлар өткенін анықтаған:

  • құқық қорғау қызметкерлері азаматтарды наразылық шарасына қатысты немесе демонстрацияны қолдады деген күдікпен ұстап әкете берген;
  • автозакта ұсталғандарды таяқпен ұрып, тепкінің астына алған;
  • милиция бөлімшесі мен изоляторға келгендерді құқық қорғау қызметкерлерінен құралған "азаптау дәлізінен" өткізіп, ұрып-соққан.

Сарапшылар жәбірленушілердің суретін, сот-медициналық сараптама қорытындысын, дәрігерлердің жазбаларын қарап, дене жарақаты қалай пайда болғанын анықтауға тырысқан. Кейін тәуелсіз сараптама қорытындысын жәбірленушінің сөзімен салыстырған. Алтыншы есепке кірген 50 материалда 613 беттен тұратын 130 құжат, 286 сурет пен төрт видео болған. Комитет өкілдері азаптау фактілері туралы 45 гигабайттан тұратын деректер жинаған.

Дәрігерлер Минскідегі изолятордан босап шыққан азаматты тексеріп жатыр, 14 тамыз 2020 жыл.
Дәрігерлер Минскідегі изолятордан босап шыққан азаматты тексеріп жатыр, 14 тамыз 2020 жыл.

"2020 жылы тамызда жәбірленушілердің бәрін жаппай сот-медициналық сараптамаға жіберген. Кей азаматтар іс материалдарымен танысып, сараптама қорытындысының көшірмесін алып үлгерген. Бірақ мұндай жағдай сирек кездеседі. Қазір ондай мүмкіндік жоқ, азаптау туралы істердің бәрі құпия сақталады" дейді азаптауды зерттеу жөніндегі халықаралық комитеттің өкілі Сергей Устинов.

Комитет өкілі құқық қорғау қызметкерлерінің қатыгездігін сипаттау үшін алтыншы есепке кірген екі түрлі оқиғаны мысалға келтіреді:

"2020 жылы 11 тамызда үйіне қайтып келе жатқан азамат арнайы жасақ өкілдерін көріп, қолын көтерген. Арнайы жасақ өкілдері оны ұрып-соға бастаған. Кейін аяғынан резеңке оқпен атып, көмек сұрап, жалынғанына қарамастан, көшеге тастап кеткен. Жәбірленуші әрлі-берлі өткен автозактардың көзіне түсіп қалмау үшін жер бауырлап, ағаштардың арасына жетіп, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер келгенше, көп қан жоғалтып, есінен танып қалған".

"9 тамыз – сайлау күні бейбіт митингіге шыққан азаматты арнайы жасақ өкілдері тоқтатып, тергей бастаған. Балағат сөздер айтып, қорлаған. Жәбірленуші жауап бере бастағанда бірнеше қызметкер жүгіріп келіп, соққының астына алған. Ауыр етікпен басынан тепкілеп, жеті минуттай ұрып-соққаннан кейін оны лық толы автозакқа лақтырған. Жәбірленуші ауа жетпей басын көтерген, бірақ электрошокер тиіп, есінен танып қалған".

Минскідегі 2020 жылы тамызда ұсталған азаматтар жеткізілген изолятор.
Минскідегі 2020 жылы тамызда ұсталған азаматтар жеткізілген изолятор.

"Беларусь милициясы – НКВД-ның мұрагері. Олар НКВД-дан жоспарды орындау, бұйрық бойынша билікке қарсы адамдарды ұстау, "кінәсін" мойындату үшін ұрып-соғу және саяси тұтқындарды азаптау сияқты ең қатыгез әрі сорақы дүниелерді ғана үйренген" дейді Сергей Устинов.

Жәбірленушілердің дерегінше, 2020 жылдың 8 қазанынан бастап құқық қорғау қызметкерлері ІІМ басшылығынан саяси тұтқындардың жағдайын ауырлату туралы бұйрық түскенін айтқан. Осы бұйрыққа сүйенген изолятор қызметкерлері тұтқындарды төрт-сегіз есе көп адам отыратын камераларға қамап, матрасы мен төсегін тартып алып, жылыту жүйесін өшіріп, еденге хлорлы су төгіп, сырттан келген сәлем-сауқатты қабылдамай қойған.

Азаптауға ұшыраған азаматтардың айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері режимге қарсы шыққандардың бәрін жау көріп, оларды "қайта тәрбиелеу керек" деп есептейді.

"Бесінші есептен оқиғалардың толық картинасын көруге болады. Беларусьте тамыздан бастап қазірге дейін адамзатқа қарсы қылмыс жасалып жатыр. Мұны азаматтарға саналы, ауқымды, жүйелі түрде шабуылдау, кісі өлтіру, депортация, халықты күштеп көшіру, бостандығынан айыру, азаптау, зорлау, қудалау фактілері дәлелдейді. Бұл қылмысқа режимнің бүкіл аппараты: ІІМ, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, прокуратура, оперативті-сараптамалық орталық, мемлекеттік шекара комитеті, төтенше жағдайлар, қорғаныс, әділет министрлігі, сот жүйесі, мемлекеттік ақпарат құралдары мен президент қатысып отыр" дейді Устинов.

Минскідегі изолятордан босап шыққан азамат ұрып-соғудан қалған дене жарақатын көрсетіп тұр, 14 тамыз 2020 жыл.
Минскідегі изолятордан босап шыққан азамат ұрып-соғудан қалған дене жарақатын көрсетіп тұр, 14 тамыз 2020 жыл.

Комитет өкілдері өздері дайындаған есепті Еурокомиссия депуттарына, Еуропарламенттің медиақызметіне, БҰҰ-ға, Беларусьтің шетелдегі елшіліктеріне, елдегі ақпарат құралдарына жіберген.

Азаптау туралы есеп құқық қорғау ұйымдарына елдегі жағдайды еуропалық және халықаралық құрылымдарға жеткізіп, олармен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. "Бұл – режимге әсер етудің үлкен әрі тиімді механизмі. Санкциялар оңай қабылданбайды, бұған көп адам күш салады. Нәтижесінде режим көп ақша жоғалтады" дейді Устинов.

Халықаралық комитеттің көмегімен Литваның тергеу органдары тоғыз Беларусь азаматын жәбірленуші деп таныған. Тағы жеті азамат құқық қорғау қызметкерлерінен жәбір көргенін дәлелдеуге тырысып жатыр. Бұл зерттеу аясында күдіктілерді анықтап, оларды Еуроодақ аумағына кірген жағдайда тұтқындап, жауапқа тартуға болады.

Әзірге басқа мемлекеттерде мұндай қылмыстық істер қозғау үлгісі жоқ. Құқық қорғаушылар әлем елдері адамзатқа қарсы қылмыс жасаған тұлғаларды жауапқа тартуды тезірек қолға алса, Лукашенко режимін сынап, онымен әріптестікті үзу процесі де жылдамырақ жүрер еді деп есептейді.

Қазір Беларусьте азаптау фактілері туралы зерттеу жүргізу қиын, өйткені елде қалған жәбірленушілер ақпарат беруге қорқады. "Заң жұмыс істемейтін елдегі жағдайды өзгертуге ақпарат тарату және оны халықаралық деңгейге шығару ғана көмектесе алады" дейді халықаралық азаптауды зерттеу комитетінің өкілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG