Accessibility links

"Постсоветтік елдердің түрме жүйесі ГУЛАГ-ты мұра етіп алған". Gulagu.net авторымен сұхбат


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдегі Gulagu.net құқық қорғау жобасы Красноярскідегі № 1 облыстық туберкулез ауруханасы "пресс-хатасынан" (тұтқындарды азаптайтын арнайы орын деп сипатталады) түсірілген жаңа видеоларды жариялады. Бұл – Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мен Қылмыстық жазаны орындау федералдық қызметінің (ФСИН) құпия архивінен алынған алғашқы видеолар. Ресей түрмелеріндегі азаптау жайлы түрлі видео жариялап жүрген жобаның авторы Владимир Осечкин Азаттыққа берген сұхбатында Ресейдегідей азаптау Қазақстанда да бар деп санайды.

Видеода ФСИН қызметкерлерінің екі тұтқынға үшінші тұтқынды ұрып-соғып, "ар-намысын қорлауға" бұйрық беріп тұрғаны көрінеді. Артынша оларға тағы бір жас жігітті әкеледі. Тұтқындар қызметкерлердің бұйрығын орындайды.

Владимир Осечкиннің сөзінше, тұтқындардың бірі оқиға видеокамераға жөнді түспес үшін матрасты әдейі көтеріп қойған, бөлмедегі жарықты да әдейі күңгірт еткен. Колония қызметкерлері камераға кіргенімен, тұтқынды азаптауды тоқтатуға тырыспайды.

Gulagu.net Ресей түрмесіндегі азаптаудың жаңа кадрлары жариялады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

Жарты сағаттық видеода тұтқынның терезеден секіріп кеткені де көрінеді. Құқық қорғаушылар мұның суицид емес екенін, оны басқа біреулер лақтырып жібергенін айтады.

Азаттық: Сіздердің базаларыңыздағы деректер Ресейдің барлық аймағындағы түрмелерден жиналған ба? Мұндай азаптау ФСИН жүйесіндегі мекемелерде жиі болған ба?

Владимир Осечкин: Қазір қолымызда Сергей Савельев (31 жаста, Ресей түрмесінде болған кезде видеокамералардағы жазбаларды қолға түсіріп, кейін Gulagu.net қорына берген. Қазір Францияда тұрады – ред.) жеткізген видеоархив бар. Онда Саратов пен тағы бірнеше аймақтағы түрмелер қамтылған. Бұған қоса Савельевтен кейін Краснояр өлкесіндегі ФСИН бас басқармасы қызметкерлерінің бірінен келген видеоархивтер бар. Оның көмегімен Ресейдің 15 аймағындағы түрмелердің бейнебақылауын онлайн режимде көруге мүмкіндік алдық.

Gulagu.net құқық қорғау жобасының негізін қалаушы Владимир Осечкин (сол жақта) және Ресей түрмелерінде тұтқындарды жүйелі түрде азаптайтынын әшкерелейтін видеоларды жария еткен Сергей Савельев. Франция, 19 қазан 2021 ж.
Gulagu.net құқық қорғау жобасының негізін қалаушы Владимир Осечкин (сол жақта) және Ресей түрмелерінде тұтқындарды жүйелі түрде азаптайтынын әшкерелейтін видеоларды жария еткен Сергей Савельев. Франция, 19 қазан 2021 ж.

Біз ондағы сотталғандарды қорлаған фактілерді көрдік. Мәселен, сотталушыны аласа орындыққа таңғы сағат алтыдан түнгі 11-ге дейін отырғызып қоятынын көрдік. Бір-бірімен сөйлестірмейді. Арасында 15 минут ас-су ішуге тұра алады, қалған уақытта аласа орындықтан түспеуі керек. Мұның барлығы апталап жалғасады. Бұл – қорлық. Омбы және Владимир облыстарында сотталушылар сенбі-жексенбі, үш ауысыммен жұмыс істейді. Ал құжат бойынша олар аптасына тек бес күн жұмыс істейді деп көрсетілген. Gulagu.net қорының құрылғанына 11 жыл болды. Бұл – жемқорлық пен азаптауға қарсы комитет, сарапшылар мен азаптуға қарсы шынайы күрес жүргізіп жүрген ерікті ұйым. Біздегі архив Ресейдің барлық аймағын қамтиды.

Азаттық: Қазан айында жариялаған азаптау жайлы видеоларыңыздан кейін Ресейде 12 қылмыстық іс қозғалды. Кейін президент Владимир Путин ФСИН басшысы Александр Калашниковты қызметінен алды. Бұл сіздер көздеген мақсат я жұмыс нәтижесі деуге бола ма?

Владимир Осечкин: Біз белгілі бір істің аясында ғана жұмыс істеп келгенбіз. Бірақ Сергей Савельев бізге берген архивті зерттей отырып, бұл сұмдықтың дәл осындай арсыз, тұрақты әрі жүйелі түрде болатынын елестете де алмадық.

Әрине, осыдан кейінгі әлемдік БАҚ бұл туралы жазып, сюжет түсіріп, зерттеу жасау арқылы халықаралық деңгейдегі әшкерелеудің арқасында ФСИН басшысы Александр Калашников қызметінен кетті. Ол ФСИН басшылығына ФСБ-дан келген. Депутаттар азаптау қылмысына жазаны күшейту туралы мәселе көтерді.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мен бұл туралы кезінде Мемлекеттік дума жанындағы сотталғандар құқығын қорғау жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етіп жүргенімде айтқан едім. Иә, жағдай осылай өзгеретінін біз армандамаған да едік. Дегенмен мұны жеңіс деуге келмес. Егер осыдан 8-9 жыл бұрын миымыз жетіп, күш-жігер пен қаражат жұмсап, азаптау конвейерін тоқтата алғанда, үлкен жеңіс сол болар еді. Біз де ерлік жасар едік.

Бұл аралықта қаншама адам азапталып, көз жұмды, зорлық-зомбылыққа шыдамай өзіне қол салды. Бұл азаптау конвейерлері дәл осы халықаралық зерттеу мен халықаралық трибунал арқасында әйтеуір тоқтар деген үмітіміз әлі өшкен жоқ.

Gulagu.net жайлы факт

Gulagu.net жобасы қазан айының басынан бері түзеу колониясындағы азаптаулар жайлы видеолар жариялай бастаған. Құқық қорғаушылардың сөзінше, олардың қолына көлемі 40 гигабайт видео, фото, құжат түскен. Онда ФСИН қызметкерлерінің тұтқындарды азаптауға қатысы бары көрінеді.

Желтоқсанда Gulagu.net өздеріне тағы 200 гигабайт видео түскенін хабарлады. Оны жоба авторларына ФСИН құпия бөлімінің бұрынғы қызметкері тапсырған. Ол Ресейден кетіп қалған.

Тергеу комитеті видеолар жарияланғаннан кейін жыныстық сипатта күш көрсету және қызмет өкілетін асыру баптары бойынша 12 қылмыстық іс қозғады. Кейін Ресей президенті Владимир Путин ФСИН басшысы Александр Калашниковты отставкаға жіберді.

20 желтоқсанда Мемлекеттік дума азаптауға қатысы бар ФСИН қызметкерлеріне жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады.

Азаттық: Түрмедегі азаптау туралы видеоларда тұтқындарды тек ұрып-соғып, қысым жасап қоймай, зорлау да жиі кездесетіні айтылады. Қорқыту мен қорлаудың мұндай тәсілі Ресей түрмелерінде қаншалықты кең тараған?

Владимир Осечкин: Бұл Ресейде ғана емес, бұрынғы Совет одағы құрамында болған елдің бәрінде бар деп ойлаймын. Қазір олар Совет одағы кезіндегідей қарым-қатынасы жоқ, дербес, тәуелсіз елдер. Бірақ олардың басым бөлігі түрме жүйесі мен тәртібін сол Совет одағынан, ГУЛАГ-тан мұра етіп алып қалған. Осы күнге дейін иерархия бар. Оның ең басында қылмыс әлемінің өкілдері тұр, одан кейінгі орында сотталушылардың негізгі бөлігі орналасқан. Ал ең төменде қорлық көргендер.

Ресей түрмелеріндегі азаптауды әшкерелеген Gulagu.net жобасы жариялаған видеодан скриншот.
Ресей түрмелеріндегі азаптауды әшкерелеген Gulagu.net жобасы жариялаған видеодан скриншот.

Егер сотталушыны зорласа, онда ол автоматты түрде құлдырап, бірден "– 10-қабатқа" түседі. Мұндай тіпті құқық қорғау қызметінде жұмыс істегендерге арналған түзеу мекемелерінде де бар. Былай қарасаңыз олар мемлекетке қызмет етті емес пе? Бірақ ГУЛАГ-тан қалған иерархия қазір де конституциядан, қылмыстық және қылмыстық атқару кодекстерінен күшті болып тұр. Оны тіпті бұрынғы прокурорлар да, тергеушілер де, жедел уәкілдер де ұстанады.

Азаттық: Биыл наурызда Қазақстанның Арқалық қаласындағы 161/12 түрмесінде отырған Абдурасул Гафоровтың қалай азапталғаны туралы видео жарияладыңыздар. Қазақстаннан мұндай мәлімет жиі түсе ме?

Владимир Осечкин: Ондай ақпарат көп келмейді. Бірақ видеомызға көп пікір жазылып жатады. Youtube желісінде "бізде де осы жағдай" дейтіндер үнемі кездеседі. Ал тікелей хабарласып, көмек сұрайтындар жоқ. Бұл біріншіден, Қазақстанда координаторымыздың болмауынан деп білем.

Қазақстанда әріптесіміз жоқ. Өкінішке қарай, қазақстандық құқық қорғаушылармен де байланысымыз жоқ. Мүмкін осыдан кейін байланыс орнатып, бірге жұмыс істейтін шығармыз. Біз әріптестік орнатуға дайынбыз.

ГУЛАГ кезіндегі азаптау, қинау, ар-намысқа тию, манипуляция дегеннің барлығы СССР елдерінің жүйесіне өткен. Әзірге Қазақстаннан сол Гафоров жайлы жазғыз-ақ видео келді. Видеомен қоса "адамды ажалдан алып қалу үшін көмектесіңіздерші, жария етіңіздерші" деген ақпарат жетті.

Видеоны жарияладық. Таныстарымыз тіпті мемлекеттік мекемелерге хат та жіберді. Бірақ жауап келмеді. Кейін бізге видеоны жібергендер "жағдай түзелді, көп рақмет" деп қысқа ғана ақпарат жіберді. Бірақ жағдай шынымен түзелді ме әлде арнайы қызметтен біреулер келді ме, белгісіз.

Азаттық: Ресей мен Қазақстан түрмелерінде кездесетін азаптаулардың ұқсастығы бар ма?

Владимир Осечкин: Егжей-тегжейлі айта алмаймын. Егер ондай видеоны бөлісетін дереккөздер болса біз көмектесуге, Қазақстандағы азаптауды әшкерелеуге дайынбыз. Әзірге қолда бар, бізге келетін бірлі-жарым мәліметтерге сүйеніп қорытынды жасайтын болсақ, Қазақстанда да сотталушылар құқығы бұзылатыны анық. Ал оның көлемі әзірге белгісіз.

Азаттық: Сотталушылар құқығын қорғаумен 10 жылдан бері айналысып келесіз. Азаптауды тоқтату, сотталушы құқығын аяқ асты етпеудің жолы қандай?

Владимир Осечкин: Тәжірибеге сүйенсек, тек жария ету, халықаралық деңгейде әшкерелеу. Бұған қоса, халықаралық құқық қорғаушылар мен журналистердің бақылауы ғана бұл жағдайды түзеуге көмектеседі. Бұл әрине, мәселе осымен толық шешімін табады деген сөз емес, дегенмен өз құқығын қорғап, тоталитар мемлекеттің дәстүрін мирас еткен түрме жүйесіне қарсы тұру жолында дәл осы құқық қорғаушылар, журналистер мен жариялылық өте маңызды.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG