Accessibility links

Полиция Қытай консулдығы маңынан наразыларды ұстап әкетті


Полиция Қытай консулдығы маңында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен топ өкілдерін ұстап жатыр. Алматы, 28 желтоқсан 2021 жыл.
Полиция Қытай консулдығы маңында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен топ өкілдерін ұстап жатыр. Алматы, 28 желтоқсан 2021 жыл.

28 желтоқсанда Қытайдың Алматыдағы консулдығы маңында полиция төрт адамды ұстап әкетті. Бұлар – он айдан астам уақыт бойы Шыңжаңдағы жақындарын Қазақстанға қайтаруды талап етіп жүрген Халида Ақытхан, Гаухар Құрманалиева, Гүлфия Қазыбек және Байболат Күнболатұлы.

Төрт азамат наразылық акциясын әуелі көліктің ішінде өткізді. Шыңжаңның жаңа билігі мен Пекинге арыздарын айтты. "Қытай, туысқандарымызды босат!" деп айқайлады. Бұдан соң олар көліктен түсе бастаған кезде полиция бірден ұстап, Медеу аудандық басқармасына әкетті.

Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен азаматтар полиция қысымына байланысты наразылықты көлік ішінде өткізіп отыр. Алматы, 28 желтоқсан 2021 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап еткен азаматтар полиция қысымына байланысты наразылықты көлік ішінде өткізіп отыр. Алматы, 28 желтоқсан 2021 жыл.

"Бұл азаматтарды не үшін ұстап жатсыздар?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына полицейлердің бірі "көліктен түсіп, айқайлады, сол үшін ұстадық" деп қысқа қайырды.

Ал Медеу аудандық полициясының кезекші бөліміндегі қызметкер "әзірге бөлімге ешкім жеткізілген жоқ, егер ұсталса, жолда келе жатқан болуы мүмкін" деп жауап берді.

  • Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен бір топ 2021 жылдың адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. 28 желтоқсанда олардың акция өткізгеніне 324 күн болды. Бір күн бұрын олар полиция қысымына байланысты наразылықты көлік ішінде өткізуге мәжбүр болған.
  • Наразылар бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, жалпы сомасы төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Кейінгі кезде полицияның оларды ұстауы жиілеген.
  • Шамамен 10 айдан астам уақытқа созылған акция кезінде Қытай консулдығынан наразылар алдына ешкім шықпады. Жергілікті полиция наразы топты консулдық маңына жібермей, аумақты көлікпен бақылап келеді.
  • Наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
  • Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG