Accessibility links

Шымкент белсенділері ҰҚК түрмесіне қамалған Ерұлан Әміровті босатуды талап етті


Белсенді Ерұлан Ахметов. Отбасы архивінен алынған сурет.
Белсенді Ерұлан Ахметов. Отбасы архивінен алынған сурет.

Шымкентте бір топ белсенді "әлеуметтік алауыздық қоздырды", "терроризмді насихаттады", "тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты" деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, ҰҚК-нің тергеу изоляторына қамалған белсенді Ерұлан Әміровті босатуды талап етіп, әлеуметтік желіде видео жариялады. Бұдан бұрын Әміровтің анасы Шарипа Ниязова белсендінің өзіне қол салмақ болғанын мәлімдеген. Видео жайлы ақпарат жарияланып жатқан кезде құқық қорғаушылар Ахметовтің ҰҚК изоляторынан жәй түрмеге ауыстырылғанын хабарлады.

- 9 айдан бері қамауда жатқан Ерұлан Әміровтің денсаулығы нашар. Өмірі қыл үстінде тұр. Жақында суицид жасауға әрекеттенді. Оған үнемі психологиялық қысым жасалуда. Оның денсаулығына алаңдап отырмыз. Сондықтан тез арада босатылуын талап етеміз, - деді белсенді Айжан Жолдасова.

27 желтоқсанда Facebook'тағы #ActivistsNotExtremists тобында жарияланған видеода сегіз белсендінің мәлімдеме жасап тұрғаны көрінеді. Видео Шымкент қаласында түсірілген. Белсенділер мәлімдеме туралы басқа ақпарат айтпады.

Бұған дейін Ерұлан Ахметовтің ҰҚК тергеу изоляторында екені хабарланған. 29 желтоқсанда түстен кейін құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина белсендінің "суицид талпынысынан" кейін Шымкенттегі ИЧ-167/11 изоляторына ауыстырылғанын хабарлады. Ісі сотқа жіберілген.

Әміровтің анасы Шарипа Ниязованың айтуынша, белсендіні кеше, 28 желтоқсанда ҰҚК изоляторынан алып кеткен. Қазір Шымкенттің "Сәуле" ықшам ауданындағы түрмеде отыр.

"Он күн карантин болады, оған дейін жолыға алмайсыз деді түрмедегілер" деді Ниязова Азаттыққа.

Ол 22 желтоқсанда ұлының ҰҚК тергеу изоляторында өзіне қол салып, асылып қала жаздағанын, жанында бірге отырған серігі аман алып қалғанын мәлімдеген. Ниязова баласының психикалық ауруы бар екенін, ресми тіркелмесе де "шизофрения" диагнозы қойылғанын айтқан. Оның сөзінше, баласын психиатр дәрігерге көрсетуге рұқсат бермей жатыр.

- Түрмеге жатқаннан бері баламның денсаулығы нашарлап кетті. Оның психикалық денсаулығын қайта тексермей сотқа жіберуге болмайды, - дейді Ниязова.

Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қалалық бөлімшесі мен тергеу изоляторының кезекші бөлімі Азаттыққа Әміровтің өзіне қол жұмсамақ болғанын жоққа шығарған.

Қарай отырыңыз: ҰҚК абақтысындағы белсенді "суицид жасамақ болған" (23 желтоқсан 2021 жыл).

ҰҚК абақтысындағы белсенді "суицид жасамақ болған"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:05 0:00

Әміров Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік алауыздықты қоздыру" (174-бап), "Терроризмді насихаттау" (256-бап) және "Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу" (405-бап) бабымен күдікке ілінген. Оны Алматыдан Шымкентке әкелгеніне он күннен асты. Әміров желіде билікті сынайтын видеолар жариялаған. Видеолардың бірінде "жиһад" туралы айтқан.

Шымкент қаласының тергеу соты 10 маусымда Әміровті Алматы облысы Ақтас қаласындағы психиатриялық емханаға жатқызған.

Қазақстандық құқыққорғаушылар Әміровті "саяси тұтқын" деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG